Мұратымыз: Ел бірлігін сақтау

«Қоғамдық келісім» үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылау бойынша дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Этномәдени бірлестіктер, қоғамдық келісім кеңесі және басқа ұйымдар өкілдері қатысқан жиында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Марал Жақыпова аталмыш мақаланың мән-маңызына, ұлттық сананың жаңғыруы, бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімді дамыту, ұлттар достығын нығайту мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан халқы Ассамблея-сы елімізде болып жатқан тың өзгерістер мен елдің дамуына үлес қосатын саяси бастамаларға үнемі қолдау білдіреді. Ақмола облысында тұратын түрлі ұлт өкілдері Елбасының мақаласын қызу талқылап, пікірлерін білдіруде. Тәуелсіздік жылдары елімізде білім, мәдениет, спорт саласында жаңғырулар болып, әлеуметтік бағдарламалар қабылданды. Мұның барлығы аз уақыт ішінде нәтижелі жүзеге асырылып, халықтың игілікті өмір сүруіне септігін тигізіп отыр. ҚХА мүшелері осы үнге үн қосып, еліміздің болашағының жарқын болуына, ел ішіндегі ауызбіршілікті кеңінен дамытуға белсене үлес қосуда. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Марал Жақыпова өз сөзінде осындай тұшымды пікір білдірді.
М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының міндетін атқарушы Галина Савенкова мәдениет саласы алдында тұрған мақсат-міндеттер төңірегінде ой толғады. «Сандық Қазақстан» және «Туған жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі күні 114224 құжат электронды форматқа көшірілген. Электронды кітапхана энциклопедиясын жасау мақсатында өңірдегі ауылдардың тарихын зерттеу ісі бастау алған. Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжінің директоры Л.Дробышева осы тақырыпты жалғап, кейінгі жас буынға осызаманғы ақпараттық технологияларды меңгермейінше, алға басу жоқ екендігін жеткізді.
“Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” бағдарламасын іске асыру туралы Ақмола облысының оқыту-әдістемелік орталығының басшысы Қаратай Төлекеев айтып берді. Ол өз сөзінде латын қарпіне көшудің ғаламдық маңызы бар екендігін, осы орайда кейбір керітартпа пікірлерге мән бермеу қажеттігін алға тартты. Ақмола облысы өлкетану мұражайы директорының орынбасары Алма Құнанбаева «Туған жер» бағдарламасын іске асыру аясындағы мәдени нысандардың қызметіне тоқталды. Қоғамдық пікір көшбасшысы Сансызбай Мұқитанов ұлттық мүддені қорғап, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға, туған жердің мәдени-тарихи ескерткіштерін қайта қалпына келтіріп, қорғауға, патриоттық сезімді оятуға бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала өңір халқына түсіндіріліп жатқанын айтып өтті. Дәл қазір ел бірлігін көрсететін кезең. Өйткені, биыл Ақмола облысының бірқатар аудандары су тасқыны салдарынан қатты зардап шекті. Оларға көмек ретінде қазір қабылдау пункттері құрылып, арнайы есепшот ашылған. Жиынға қатысушылар барша ақмолалықтарды қиын жағдайға тап болған ағайынға қолдау көрсетуге шақырды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс