Мұрағат – ел тарихы, ел шежіресі

Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Дүниежүзілік архивтер күніне орай сала қызметкерлерімен жиын болды. Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов мұрағаттың елдің тұрмысы және тұрғындары жайлы небір құнды деректер жазылған құжаттарды түпнұсқада бүгінге дейін қаз-қалпында сақтаудағы рөліне тоқталды. Сонымен бірге мемлекеттің қалыптасуына, өңір мәдениеті мен экономикасының дамуына лайықты үлес қосып отырған облыстық архивтің пайдалы ісін тілге тиек етті. Уақыттың ажырамас байланысын, жаңарып отыратын қоғамдағы және тарихи кезеңдердегі мәліметтерді сақтайтын архив мекемелерінің маңызы зор. Ақмола өңіріндегі өткен уақыт тынысындай құжаттарды облыстық архив шаң тигізбей, бүлдірмей сақтап келеді. Облыс бойынша бүгінде 1 миллион 300 мыңға жуық архив материалдары сақтаулы. Соңғы жылдары облысымызда мұрағат құжаттарын электронды қолданысқа біртіндеп алмастыру жүргізілуде. Облыстық мұрағаттар арасында Көкшетау қаласының мемлекеттік  архиві үздік деп танылған. Осынау жетістіктер «Ақмола облысының архивтер және құжаттамалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Мәрзият Тохаеваның баяндамасында егжей-тегжейлі сөз болды. Оның айтуынша, облыстағы мемлекеттік мұрағаттар қоймалары сақталған құжаттарға тарлық етіп отыр, көбісі ескірген. Әсіресе, Ақкөл, Бурабай, Целиноград аудандарында шұғыл түрде мұрағат қажет. Материалдық-техникалық базаны нығайту, оның ішінде өзіндік дербес ғимаратпен қамту жайы әлі де төмен. Облысымыздың әр ауданында мұрағат бар. Архивтерден келер ұрпақ үшін аса құнды әрі қажет деп табылатын көптеген тарихи құжаттарды кездестіруге болады. Алайда, сандық форматқа көшуде қиындықтар туындап отыр. Тоқсаныншы жылдары елімізде көп кәсіпорындар жабыла бастаған тұста бірді-екілі басшылар болмаса, «мынау ертең халыққа, келешекке қажет болады-ау немесе зейнеткерлікке шықса да қажет қой» деп, бұрынғы мекеме құжаттарын саналы түрде толық тапсырғандары кемде-кем. Көптеген кәсіпорындар кейін құжаттарының қайда қалғанын білмейді. Сөйте тұра, құжаттарын мұрағаттан іздейді. Басқасын әрі қойғанда, бүгінгі зейнеткерлікке шығушылардың, сол кезеңдегі мекеме қызметкерлері мен жұмысшыларының көптеген іс құжаттары кеңестік кеңселердің әр бұрышында қала берді. «Бұрыштарда сақталып қалғандарын» сала қызметкерлері мүмкіндіктерінше «теріп жүріп» мұрағат қорына айналдырған. Шара барысында мұрағат ісінің бүгінгі проблемасы және алдағы даму барысы, ғылыми зерделеуге мұрағат материалдарын пайдалану мәселесі кеңінен сөз болды. Мұрағат басшылары осы саланың өркендеуіне қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Мұрағаттық анықтама беру туралы өтініштердің күн сайын өсуіне байланысты мұрағатшылар тарапынан жеке танымдық құжаттардың жинақталуы, архив құжаттарының зерделенуі, өңделуі кенжелеп тұрғаны айтылды. Әсіресе, Атбасар қалалық мемлекеттік мұрағатының директоры Мұрат Аяғановтың айтқан ой-пікірлері жұртшылық көкейіне қонды. Шара соңында өңірдегі архив қызметі саласына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Әсем Жүніс

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс