Мұсахан ұстаз

Көрнекті педагог, ағартушылықты ұйымдастырушы, атақты ұстаз Мұсахан Қанапияновтың  туғанына биыл 100 жыл.

Мұсахан Қанапиянов ұзақ жылдар бойы Шоқан Уәлихановтың туған жері Сырымбет ауылындағы атақты мектеп-интернаттың директоры, одан кейін Көкшетау облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарған, тың игеру жылдары қазақ мектептерін қорғап қалған. Жаңартылып жарыққа шыққан  «Ұстаз» кітабының тұсаукесері Көкшетаудағы «Достық» үйінде өтті. Белгілі педагогтың өмірі мен қызметіне арналған бұл кітапта оның еңбектері, күнделіктерімен қатар, көптеген шәкірттерінің естеліктері топтастырылған.

Алғашқы басылымы бұдан жиырма жыл бұрын сынама таралыммен жарық көрген «Ұстаз» кітабы педагог-оқытушылар мен оқырмандардың үш буыны арасында әлдеқашан библиографиялық сирек құндылыққа айналған. Мұсахан Қанапияновтың кереметтігі – ол кісі талантты оқытушы, өте жігерлі де байыпты басшы, фәлсафалы һәм инабатты сөйлесетін мәдениеті зор ұстаз болғаны кеш барысында айтылды.  Ел ағалары, көрнекті қоғам қайраткерлері Еркін Әуелбеков, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлихановтар  осы ұстаздан білім алған. Ол жайында Ақан сері атындағы мәдениет колледжі студенттерінің ұсынған сахналық қойылымында да көрсетілді.

Мұсахан ұстаз басқарған мектептің өз ерекшеліктері болғаны және кеңес заманындағы көш бастап тұрған білім ошағы ретінде жоғары бағаланғаны анық. Ол туралы мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың естелігінде айтылады. Оны өзгертпей, сол қалпында беруді жөн санадық.

«Мектеп-интернаттың өз шаруашылығы болды. Сауын сиырлар, сойымдық қара мал мен қой, жылқысы аз емес-тін. Балалар асханасына етті өз қолындағы шаруашылығынан алатын. Көктемде барлық балаларды апарып орман отауға салатын. Отындыққа арналған қалың ақ қайыңды тоғай жарты күнде Чапаевтан қырылған ақтардай жерге құлап түсетін. «Тайдың мінгені білінбейді, баланың істегені білінбейді» дегендей құлатылған ағаштың баршасын сол сұлатылған күйінде бұталарын балтамен алып тас-тап, жонға бөлек үйетінбіз. Бура сан ақ қайыңдардың қатар-қатар жалаңаш жатқандарын қозғамай-ақ, жатқан жерлерінде арамен шағын саржан боларлық, пешке сиярлық мөлшерде бөлшектеп тастайтынбыз. Келесі келгенде ересек балалар кескіленген дөңбек шөркелерді тікелей жарып-жарып текшелеп үйіп, саржанданған күйінде кептіруге қоятынбыз. Кішкене балалар мен қыздар үйіліп қалған бұталарды бөлшектеп, кескілеп, ол кесінділерді де даяр отын боларлықтай етіп жинап, кептіруге қоятын. Келесі жұмысымыз осы отындық ағаштарды интернаттың базасына әкеліп қатарлап, қалқайтып үйіп беретінбіз. Қыстың күні шекесінен шекітіп ала берер қарындағы сары майдай саржандалған ағаштарды жағуға ала беретін. Қысқы шөпті де Мұсахан ағай осылай дайындататын. Бұл жүйелі жұмыстар иесін тауып, келесі келген директорларға да үлгі болды. Есесіне «тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк» дегендей бізді өте әдемі киіндіріп өзі келіп Мұсекең фотосуретке түсірткізетін. Мектебіміздің іші-сырты адам таңғаларлықтай өте сәнді де, мәнді болатын. Мәселен, үзілісте демалатын үлкен зал көсемдердің суреттерімен ғана безендіріліп қоймай, олардың сөздері қастарында жазулы тұратын. Мұғалімдер залы, директордың өз кабинеті, балалар оқитын сыныптық кластардың бәрі де көз тартқандай тамаша безендірілетін. Жалпы, бұл еш жерде кездеспейтін майлы
бояулы суреттерді соғыс жылдарында уақытша мекендеген Мәскеудегі үлкен театрдың суретшілері салып беріп кеткен екен. Мұсахан мұғалімнің бір кереметі өзі тарихшы болса да қазақ әдебиеті сабағына келіп отырып, соңында өз ескертпелерін айтатындығы. Өз сабағында қазақ тілінің тазалығына мән беретіндігі соншалық, мысалы, Еркін Бекенов деген балаға біліп тұрған сабағын қашан мүлтіксіз, қыстырма сөзді және «вот», «так» дегендерді қоспай таза айтқанша төрт-бес рет қайталатқаны есімде. Сондықтан мұғалімнің сабағы дегенде айтарымызды бір-бірімізге қайталап қоспа сөздерді алып тастауға тырыстық. Жер, су, ағаштардың, шөптердің, елдердің аттарын таза айтуға ұмтылдық. Мектепте аса дарынды мұғалім Ғани Дәуітбаев басқарған драма кружогы жұмыс істеген. Ғанекеңнің өзі де іскер де білімпаз кісі ғой, бірақ «генеральная репетицияға» директордың өзі келетін. Кей жерлерін түзетіп Ғани аға өзінше орындағанда халық әртістерінен кем түспейтін. Осындайда Мұсахан аға «Жарайсыңдар!» деп қуанып кететін.

Мұсахан аға мұнтаздай таза киініп, әр аяқ басқан жүрісімен, сыпайы кербез тұрысымен таңғалдыратын. Ол маңғаз, кербез өте көркем, жылы шырайлы кісі еді. Елдің бәрімен «сіз» деп сөйлесетін, ол сырлап қойған сыпайылық емес, табиғи ғадеті болатын. Кейін байқасам, біздің мектептің түлектері осы мінезді көшіріп алғандай үлкенмен де, кішімен де «сіз» деп сөйлесу сыпайылығын ғадет етті. Бала кезде не қызықтырмайды, Мұсекең қос қарагерді жектіріп, ат тұрманын күмістеп тастап, өзі мінетін жеңіл шанасын қызыл сиырдың терісімен тыстатып, қасқыр тұлыбын жанына салып, тойға бара жатқан серілерше отыратын. Казгородок мектебінің Мұсахан Қанапиянов ұйымдастырған бір ерекшелігі, өзге мектептерден дәрежесі жоғары, оқу сапасы озық тұрғаны болды. Мұғалімдеріміздің бәрі де жоғары білімді үздік тұлғалар, кесек мінезді кісілер еді. Мұсахан ағайдың бойында тәртіпке беріктік пен мейірбандық, тәкаппарлық пен ұстамдылық, кішіпейілділік пен инабаттылық ұласып тұратын. Ол кезде бұл үлкен мінездің төркінін, сүйікті ұстаздың зайыр-затын білмедік. Мұсекеңнің түбі төре, Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет сұлтаннан тарайды екен»,– деп жазады жерлесіміз.

Кәкімбек Салықовтың өзі ұстазы жайлы осындай жылы лебізінен артық біз ештеңе де айта алмаймыз. Нағыз педагогте болуға тиіс қасиеттер Мұсахан Қанапияновтың да бо-
йында өріліп жатқандығы жайында кеш барысында Мұрат қажы Ыдырысұлы, Ғосман Төлеғұл, Нұртас Ахаттар әңгімеледі. Тарихшы Әлия Ахетова  көзімізге жас үйірткен үзіндіні «Ұстаз» кітабынан оқып, жүректерді тебірентті.

Мұсахан Қанапияновтың балалары Жеміс, Раушан, Бақытжан, Гүлзара, Ерландар әкесінің атына кір келтірмейтіндей, елімізге танымал тұлғаларға айнала білді. Олардың әрбірінің өз сара жолы бар. Ақын Рена Жұманова өз естелігінде жергілікті Біржан сал атындағы музыкалық колледжде қызмет істеп, бір жылдары басшылық еткен өзінің ұстазы Гүлзара Мұсаханқызы жайлы жылы лебізін ортаға салды.

Кеш барысында  «Достық» үйінің өнерпаздары мен облыстық филармония әншілері ән-күйден шашу шашты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий