Мұсылман жамағаттың қуанышы

Еркін Әуелбеков көшесі бойында орналасқан бұрынғы мешіттің тарихы тереңде жатыр. Осыдан бір ғасыр бұрын, қиындық, қыспаққа қарамастан  асыл дінімізді насихаттау үшін салынған ғибадат үйі күні бүгінге дейін мұсылман жамағатқа қалтқысыз қызмет етуде. Кеше,  мешіт өмірінде тағы бір айтулы оқиға болды.  Оған  кезінде бұл ғимараттың мешітке қайтарылуына тікелей өз үлесін қосқан Жақия қажы Бейсембайұлының  есімі берілді. 

Мешітке Жақия қажы есімінің берілуіне арналған салтанатты шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырминнің құран оқуымен басталды. Айтыс ақыны Арман Бердалиннің кіріспе сөзінен кейін Астана қаласындағы «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз сөз алып, көкшетаулық жамағатты айтулы қуанышты оқиғамен құттықтады. Жақия қажы еліміздің қазиятын басқарып тұрған кезінде Мәскеуге хат жазып, қазақ ата-аналары атынан өз балаларын дінге баулуға рұқсат алған екен. Бұл тағылымның астарында өз отбасын ғана емес, елін ислам дінімен қауыштыру, оның асыл армандарымен сабақтастыру жатқан еді. Сондай-ақ, мешітке жиналған мұсылман жамағатқа облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, профессор Жолмырза Керейұлы, Жақия қажының зайыбы Айтжамал әжеміз және басқа да азаматтар ізгі тілектерін айтты. Одан кейін мешіттің қабырғасында Жақия қажының есімі жазылған тақтайшаның салтанатты жағдайда ашылу рәсімі болды. Бұл құрметке Найб мүфти, «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз бен Жақия мешітінің бас имамы Серік Халықов ие болды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс