Мұғалімге – мың алғыс!

DSC_9908«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шара Мұғалімдер күніне арналды. Мерекелік кешке облыс және қала басшылары қатысты. Бұл күні қызметінде ерекшеленген, шәкірт тәрбиелеуде озық тәжірибесімен көзге түскен бірқатар ұстаздар төсбелгілерге, алғыс хаттарға ие болып, құшақтары гүлге толды.
Жергілікті өнерпаздар салтанатты шараға үлкен дайындықпен келіпті. Шымылдық түрілген сәттен-ақ сахнада қойылған нөмірлер, түрлі композициялар, билер бір-бірінен асып түсті. Компьютерлік безендіру де тақырыпқа сай болып, көз қуанышына айналды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтап, қиын да жауапты қызметтерінде табыс тіледі. Бүгінгі таңда өңірдің білім ошақтарында 21 мыңнан астам мұғалім шәкірт тәрбиелеп отыр. Педагогтардың жалақысы алдағы 4 жылда екі есе өсетін болады. Балалардың өмірден өз орнын табуына ықпал ететін мұғалімдерге қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді деген өңір басшысы ұстаздар әулеттерін атап өтті. Олардың қатарында Мұқышевтар, Жайықбаевтар, Ахметовтер, Прутовтар ерекше аталды. Салтанатты шара марапатқа ұласып, бірқатар ұстаздар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Алғыс хатына ие болды. Бірнеше мұғалімге Ы.Алтынсарин төсбелгісі, бірқатарына облыс әкімінің |Алғыс хаты және Бурабайдағы «Дискавери» демалыс орталығына жолдама берілді. Сондай-ақ, «Аялы алақан», «Асылын беріп шәкіртке», «Зерттеуші ұстаз», «Мейірімді жүрек», «Шебер ұстаз» аталымдары бойынша ерекшеленген мұғалімдерге 100 мың теңгенің сертификаты ұсынылды.

Г. БӘЙІШЕВА.

«Достар» мәдениет сарайында Мұғалімдер күні аталып өтілді. Мерекеге «Ұстаз – ұлы есім» атты арнайы шара дайындалған. Қаланың құрметті азаматтары, білім беру мекемелерінің басшылары мен мұғалімдер, тәрбиешілер қатынасқан жиында Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Білім және ғылым министрлігі Алғыс хаттарын, Ақмола облысы әкімінің Құрмет Грамоталарын, өз атынан «Дискавери» сауықтыру орталығына жолдамалар табыс етті.
– Мұғалім барлық уақытта, қоғам мен мемлекет сүйеніші болды. Елінің ертеңі мен жас ұрпақ болашағы ұстаздың қолында. Біздің балаларымыз қандай болып өседі, олар қандай қоғам құрады, қандай құндылықтарды қадір тұтады, осының бәрі мұғалімдердің қабілеті мен талантына байланысты, – деп бастады сөзін А.Смайылов. Одан әрі қала педагогтарының қол жеткізген табыстарына жан-жақты тоқталды.
Шара үстінде ардагер мұғалімдерге, отбасылық педагогтар әулеттеріне құрмет көрсетілді. Мұғалімдер күні қарсаңында инстаграм парақшасында қалалық білім бөлімі «Ұстаз – ұлы есім» деп аталатын 11 номинациядан тұратын конкурс ұйымдастырған екен. Осы тартысты додадан оза шапқандар сахна төріне шақырылып, оларға сый-сияпат жасалды. Әр номинация үздіктері ортаға шыққан сайын олардың құрметіне концерттік номерлер орындалып, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Номинацияларды тапсырушылар өз аттарынан мұғалімдерге мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі.
Қала мұғалімдеріне арналған мереке жоғары деңгейде аталып өтілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий