Мұқановтар әулетінің қос қуанышы

Қазақтың талай нарқасқа ұл-қыздарын түлетіп, қанаттандырған киелі Айыртау өңірі – биыл 70 жасқа толған ерлі-зайыпты Ементай Есентайұлы мен Мәркеш Темірханқызының да кіндік қаны тамған алтын бесігі. Үш перзент пен он екі немерені тәрбиелеп отырған ардақты осынау асыл жандарды қос қуаныштарымен шын жүректен құттықтап, отбастарына ізгілік, шаттық тілейміз.

Ементай Есентайұлы 1947 жылғы 5 маусымда Шолақөзек ауылында дүниеге келген. Сырымбет орта мектебінде оқып жүргенде-ақ өзінің алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен жас ұлан облыстық «Көкшетау правдасы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне мақалалар жазып, өзі құрастырған сөзжұмбақтарын, сөзтізбектерін жариялайды. Саналы өмірінің 42 жылын жас берендерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған ұстаз әкесі де ұлының болашағынан көп үміт күтті. Әкесінің ақыл-кеңесін зердесіне тоқи білген алғыр жас Ементай Сырымбет орта мектебін үздік бітіріп, Целиноград ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне түседі. Агроном-экономист мамандығын алған жас маман еңбек жолын Көкшетау агротехникалық сорт сынау учаскесі бастығының көмекшісі болып бастайды. 1972-1975 жылдары Көкшетау аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы қызметтерін атқарды.
Тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен орындай білетін Ементай Мұқановты облыс басшылығы шалғайдағы Уәлиханов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ұйғарады. Бұл жұмыста да сергектік таныта білген өршіл өрен сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Әйтім Әміров пен Бижан Ахметовтан көп тәлім-тәрбие алып, мол тәжірибе жинақтайды. Елгезек іскер азамат осы ауданда тапжылмастан он тоғыз жылдай қызмет атқарып, әріптестерінің де шексіз қошеметіне бөленді. Бұл орайда Ементай былайша ой бөліседі: «Уәлиханов аудандық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры қызметтерін шама-шарқымша атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқанымды мақтан етемін».
Лауазымдық қызметтеріне орай Ементай Есентайұлы 1992-1993 жылдары Моңғолиядан қандастарымызды көшіріп әкелуге қол ұшын беріп, оларды туған топырақта жатсынбай, тез бауыр басуына қамқор бола білді. Олардың көбімен туғанындай бауыр басып, бүгінгі күнге дейін дәм-тұздары араласып тұрады екен. Ементай, әсіресе, ұлтжанды қайраткер, көрнекті қаламгер Баят Жанатұлы ақсақалды сағынышпен еске алады. Ол қазақ елінің тұлғалы азаматтары: халық әртісі Құман Тастанбеков, күйші Рақым Тәжібаев, жазушы-драматург Сәкен сері Жүнісов, танымал жазушы Баққожа Мұқаев және Данияның атақты суретшісі, «Бейбітшілік құсы – ақ көгершін» полотносының авторы Херлуф Бидструппен кездескен сәттерін жыр қылып айтады.
Алты жылдай Көкшетау ауылшаруа-шылығын химияландыру жөніндегі жобалау-іздестіру станциясында істеген соң, 2002-ші жылы атамекен алтын ұя, арайлы Айыр-
тауына қайтып оралады. Мұнда аудандық жер қатынастары бөлімінде абыройлы қызмет атқарып, 2010 жылы зейнеткерлікке шығады. Ынтымақ-бірлігі жарасқан Мұқановтар отбасы қазір Көкшетау қаласында тұрып жатыр. Үлкен ұлы Ерлан жеке кәсіпкер, шығармашылықпен айналысады. Көкше жерінде қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған ұлы Абылай ханға, қазақ ғылымының жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановқа арналған энциклопедияларды, ақмолалықтар мен көкшетаулықтардың тың және тыңайған жерлерді игерудегі ерлік істері жайлы «Тың жүрегімізде, ұрпақ санасында» альбомын шығарды. Облысымыздың көрікті жерлері мен демалыс орындары жайлы шығарған карталары, жолсілтемелері, журнал, кітаптары өңірге келген адамдардың жол серігі іспеттес. Сүйікті қызы Айжан бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан аумақтық геология және жер қойнауын пайдалану басқармасында бас маман, кіші ұлы Бауыржан «КМF-микроқаржылық ұйымының» Ақмола филиалында жүйелік әкімші болып қызмет атқаруда. Перзенттерінің қошеметіне бөленіп, 12 немеренің сүйікті ата-әжесі атанған Ементай Есентайұлы мен Мәркеш Темірханқызы өздерін бақытты жан санайды.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс