Мұқағалимен сырласу

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында актер Сафуан Шәймерденов жалғыз өзі сахналаған қойылымда ақынның бозбала шақтағы жырлары, лирикалық және соғыс жылдары, күйзеліс кезі мен ауруханада жазылған 50-ден аса өлеңі оқылды. Өзінің қырық бес жылдық саналы ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған Мұқағали ақынның асқақ та адуынды жырлары бар қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Аталмыш қойылым 5 кезеңнен құралған. Бала ақыннан дана шаққа жеткенге дейінгі тау тұлғаның сара жолы сахналанып, қара өлеңге сусап келген көрерменнің құмары қанды. Сафуан Шаймерденов поэтикалық қойылымға бір жарым жыл дайындалған. «Біз бір жылдан аса үлкен ізденісте жүрдік. Қандай форматта қоямыз деп. Ақырында спектакль емес, поэтикалық қойылым түрінде шығардық. Идеяның авторы белгілі актер, режиссер, Астанадағы «Наз» театрының директоры Сұлтан Ысрайылов. Өзім премьераларымның бәрін осы Көкшенің киелі сахнасында қоямын. Бұл үрдіс болып қалған. Мұқағали Мақатаев ешқашан өлмейтін тақырып. Себебі, ақын өзі барлық тақырыпты жырға қосқан. Елбасы осы жылды «Жас-тар жылы» деп жариялады. Біздің де басты мақсатымыз Мұқағали жырларын жастардың жүрегіне жеткізе отырып, ой салу», – дейді Сафуан Шәймерденов. Поэтикалық қойылымды тамашалауға Жанайдар Мусин атындағы білім ордасынан жүзден аса студент келді. Өскелең ұрпақ әр өлеңді зер сала тыңдап, қара домбыраның сүйемелдеуімен орындалған ақынның әндерін қосыла шырқады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий