Мұқият тыңдалып, жауап берілді

Өтініш, арыз-шағымдары бо-йынша тұрғындарды қабылдау әр жұма сайын өтіп келеді. Бұл жолы тұрмыс тауқыметі, мұң-мұқтажын айтып, жөн білуге келген бес адамды қала әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов қабылдады.
Әлі де бірқатар тұрғындардың пәтер алу үшін құжат жинап, тіркелген тізімін сайттардан тексеріп тұруға құлықсыз, мұқият еместігі байқалады. Оның арты негізсіз уайымға салынып, әр мекемеге кіріп, жүйке жұқартып, есік тоздыруға соғады. Кейбіреулер мамандар мән-жайды айтса да, заң жолымен енгізілген өзгерістерге ден қоймайды. Сондықтан, әкім қабылдауына жазылып, ауызба-ауыз тілдесіп, мәселенің анық-қанығына жеткісі келеді.
Анаргүл Мұқашева: «Неге пәтер алу үшін тұрған тізімде менен кейін тұрған адамдар менен бұрын пәтер алды?» деп келіпті. Тексере келгенде оның толық емес отбасы ретінде басқа тізімге ауыстырылғаны, ол жөнінде оған хабар салынғаны белгілі болды. Бәлкім ол хабар жетпеді ме? Олай да болуы мүмкін. Алайда, арнайы сайтқа кіріп, ізденсе, себебі белгілі болған болар еді. Қысқасы, бәрі заңға сәйкес, ол өз кезегі келгенде пәтерін алмақ.
Алтынай Шәкеева тізімде көп- балалы ана ретінде тіркелген. Отбасында 7 адам бар, тізімде 253-ші болып тұр. Бәрі заңды, бәрі ретімен. Тек, көпбалалы ана кезегі келгенше де тұрмыстың қинап тұрғанын айтып, өздеріне уақытша тұратын тұрақ сұрайды. Ол бұған дейін де осы өтінішін айтып келген екен. Оның сұрағына орай әкім орынбасары мүмкіндіктердің қарастырылатынын айтты.
Айнаш Көшкімбаеваның әкімшілікке айтар бір емес, бірнеше сұрағы бар екен. Көпбалалы ана өзі тұратын Алматы көшесі, 30 үйге «Көкшетау Су Арнасы» мекемесінің техникалық талабы көрсетілген құжат беруін, өз қаражатына үй құрылысын жалғастыруына рұқсат берілуін сұрайды. 2000 жылы алған жер телімі қалай екені белгісіз, басқа біреудің атында болып шыққан. «Бастау» жобасы бойынша мемлекеттік грантқа бизнес-жоспарын ұсынған. Сол өтініші аяқсыз қалған. «Күміс алқа» иегеріне Е.Төлеуов бөлінген жерге қатысты, тағы басқа құжаттарын толық алып келіп, жолығуды өтінді. Содан кейін барып бөлімдерге тапсырмалар берілетінін түсіндірді.
Бота Қажыбаева 2019 жылы «Сарыарқа» шағын ауданынан үш бөлмелі үй алған. Бірақ, қолына келісімшарт тимеген. Себебі, атында жатақхананың бір бөлмесі тіркеулі. Заң бойынша соны өткізуі керек. Келісімшарт сонда ғана беріледі. «Тоғыз жыл кезекте тұрғанымда неге соны маған айтпағансыздар?» деп ренжиді ол. Бұл да мамандардан сұрап, мән-жайды анықтап алмағандықтың салдары болса керек. Мамандар тарапынан да тұрғындарға түсіндіру, хабарлау жағы кемшін болуы ықтимал. Қалай болғанда да мұндай мәселелер көптеп туындап тұр. Демек, хабар жеткізу жөнінде белсенді, тиімді әрекет керек.
Рая Көшенова пәтер кезегінде тұр. Әзірге 12 шаршы метрді құрайтын жатақханада 4 адам күн кешуде. Сіңлісі мүгедек. Анасы Семей полигонының зардабын шеккен жан. Сол жалғыз бөлме өртенген. Күйе тұтқан дәліздерді өз күштерімен жөндеген. Ыс, күйе қаптаған бөлмені жөндеуге шамалары жоқ.
Әкім орынбасары сейсенбі күні сол бөлмені барып көріп, керегінше көмек ұйымдастыратынын айтты.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий