Мұң-мұқтаждарын жеткізді

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов бастаған қала билігі азаматтарды қабылдау күнін өткізді.

Ашық есік күні бірқатар азаматтар қала әкіміне баспана, жол, коммуналдық қызмет, жер кезегі және тұрғын үй көмегі мәселелерімен жолықты. Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты да өз өтініштерін жеткізгендер болды. Мәселен, көктем сайын үйлерін су басатын «Шанхай» шағын ауданының шеткері орналасқан он шақты үйінің тұрғындары белсенділік танытты. Олар шаһар басшысынан баспана мәселесін шешуді сұрады. Валентина Заводская қала әкіміне өзінің ғана емес, өзі сынды көктемгі ағын судан жылдар бойы зардап шегіп отырған көршілерінің де өтінішін арқалап келді. Яғни, ауызекі тілде «Шанхай» аталып кеткен аудандағы 12 барак тәрізді үйлердің тұрғындары шаһар басшысынан қоныстарын ауыстыруға көмек көрсетуді сұрады. Себебі, жыл сайын үйлері су астында қалып, мүліктері бүлінетін көрінеді. Оның үстіне баспаналарының тозығы жетіп, әбден шөккен. Шаһар басшысы Амангелді Смайыловтың айтуынша, ағын судың алдын-алу бағытындағы жұмыстар қазірден бастап қолға алынған. Мәселен, суды бөгеу мақсатындағы техникалық шаралармен қатар, үйлерін су басқан тұрғындарды уақытша қоныстандыру мақсатында 40 шақты адамға уақытша жатақханалар әзірленген. Ал, ескірген үйлерді сырып, жаңасын салу мақсатында қазірде жеке құрылыс компаниясын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Десе де, сол үйлердің құжатына қатысты мәселелер де жоқ емес көрінеді. – Пәтер мәселесіне келсек, жеке құрылыс компаниясын бекіту керек. Ол жұмыстар қолға алынды. Десе де, моншада тұрып жатқан 5 пәтердің құжатына қатысты мәселелер туындап отыр. Оны шешкен соң ғана жаңа тұрғын үй салу қолға алынады, – деді әкім.
Тендерді жеңіп алғанмен, №36 автобус Зеренді тас жолы бойымен жүріп, ондағы тұрғындарды тасымалдауын өткен жылдың қазанынан тоқтатқан көрінеді. Бұл да сол ауданда тұратын мыңдаған тұрғынның наразылығын тудырып отыр. Қала әкімі Амангелді Смайылов барлық мәселе бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, азаматтардың өтініштерінің толық қаралып, шешілуіне қатысты тапсырмалар берді. Азаматтарды бірыңғай қабылдау жыл бойына жалғасатын болады.

А.АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий