Мәдениет майталмандары марапатталды

«Рухани қазына-2021» республикалық фестивалі аясында мәдениет және өнер саласының ең үздік мамандары Бурабайда бас қосты.

Еліміздің 17 өңірінен келген кітапхана, музей және мәдениет ұжымдарының қызметкерлері бір күн бұрын Бурабайдың көрікті жерлеріне саяхаттады. Бурабайдағы ашық аспан астындағы «Ботай» музейінің маңына киіз үйлер тігілді. Айтулы шараға жергілікті өнерпаздар, Көкшенің сал-серілері, мәдениет мекемелері, «Халық шығармашылық орталығы» ұжымдары атсалысты. Фестиваль аясында музей, кітапхана және концерттік ұйым қызметкерлері өз салалары бойынша майталман мамандардың зертханалық шеберханасымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, концерттік, мәдени-демалыс ұйым мамандарына әлемге танымал «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, этникалық музыканы продюсерлеу бағытында 15 жыл еңбек еткен Серік Нұрмолдаев лекция оқыды.
Еліміздің үздік мәдениет өкілдері бас қосқан бұл фестивальге Нұр-Сұлтаннан ресми өкілдер де келді. Олардың қатарында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Сенат депутаты, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Мақпал Мыса бар. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова да жиналған қауымға құттықтауын жеткізді. Абылай хан алаңына қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылып, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың ордалары тігілді. Алаңға аяқ басар тұста көпшілікті көкшелік белгілі ақын Қуаныш Оспан жырдан шашу шашып қарсы алды. Аспан астындағы театрландырылған қойылымда Біржанның рөлін белгілі әнші Дәулетхан Мұратхан сомдады. Келесі ауыл Ақан серінің ауылы. Мұнда Ақан рөліндегі Ақылдас Сәметай серінің әндерін әуелетіп, қонақтардың көңілін көтерді. Үкілі Ыбырайдың рөлін Мақсат Қайырмағанбетов сомдаса, Балуан Шолақтың ауылын той-думанға толтырған целиноградтық әнші Азамат Сәкенов болды. Келесі ауыл ел аналары мен қыз-келіншектердің ауылы. Мұнда да халық әндері айтылып, жүн түтіліп, ұршық иіріліп, сырмақ тоқылды. Абылай хан алаңындағы жиын-тойдан кейін сауықшыл қауым «Riхos» қонақүйіне бет түзеді.
Бұл күні кітапхана, музей, мәдениет үйлерінің арасында өткізілген онлайн байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Көкше жерінде төрт күн бойы жалғасқан фестивальдың қорытындысына сәйкес, жеңімпаз ұжымдарға 1 миллион теңгеден, ал жеке қызметкерлерге 500 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жеңімпаздар үздік ауылдық, аудандық, облыстық маңызы бар аталымдары бойынша, «Үздік музейлік онлайн жоба», «Мәдениет жанашыры» сияқты жүлделермен марапатталды. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Әлихан Бөкейханов атындағы арнайы номинациялар тағайындалып, еңбек ұжымдарына табыс етілді. Мәдениет қызметкерлері күніне орай ақмолалық бір топ өнер саласында еңбек етіп келе жатқан тұлғалар «Еңбек ардагері» медалі, Мәдениет министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталды. Олардың ішінде «Еңбек ардагері» медалі Аршалы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Валентина Карпичке берілсе, құрмет грамоталар мен алғыс хаттар облыстық шығармашылық орталығының бөлім басшысы Гүлмира Жұмағалиева, «Он алты қыз» топ жетекшісі Мәдина Досмағамбетовалар сынды бірқатар өнерпаздарға берілді. Өз кезегінде, ақмолалық мәдениет қызметкерлері биылғы мүмкіндік пен жауапкершілікті пайдалана отырып, саланың дамуына сүбелі үлес қосуға ынталы екендерін білдірді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий