Мәдениет саласына – мәртебе мен марапат

«Көкшетау» мәдениет сарайында мәдениет саласы және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, онда «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы облыстық байқауының қорытындысы жарияланып, гала-концерт тамашаланды.

Жиынға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, саланың озат қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттап, «Ақмола жұлдыздарының» жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады. «Біздің өңір қашанда өзінің тарлан таланттары, дәстүрлі бай мұрасымен танымал. Мәдениет саласының қызметкерлері сол мұраны кеңінен насихаттап, дәстүрді жалғастырып, еліміздің кемел өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді» деді облыс басшысы. Облыста халық шығармашылығы байқауын өткізу игі дәстүрге айналды. Осы шарада өнерпаздар өз мүмкіндіктерін, ізденістері мен шеберліктерін сан қырынан көрсетіп, өнер айдынына жол тартады. Биылғы байқауға 221 селолық округтен 50 мың адам қатысқан. Жаңа 110 шығармашылық ұжым, 151 әнші сахнаға шыққан.
Шарада 60-тан астам мәде-ниет саласының қызметкерлері мен шығармашылық адамдары «Мәдениет саласының ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Олардың ішінде әнші-композитор Иран Тасқара, дәстүрлі әнші Бисара Мәкенова, жазушы-драматург, «Бұқпа!» газетінің бас редакторы Төлеген Қажыбай, облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Жамашұлы, тағы басқалар бар. Соңғы жылдары өлкетану ісімен тиянақты айналысып, ізденіс, зерттеулерінің арқасында оқырманға бірнеше танымдық кітаптар ұсынған Мұрат Ыдырысовқа «Үздік өлкетанушы» төсбелгісі табысталды. «Ақмола жұлдыздары» байқауының қорытындысы бойынша бірінші орындарға Степногорск қаласы, Бурабай, Аршалы аудандары ие болып, оларға облыс әкімі дыбыс жазу студиясы қондырғысын табыстады. Ал, Гран-при иегерлері атанған Көкшетау қаласы, Есіл, Целиноград аудандарына өңір басшысы жеңіл автокөліктер атап, кілттерін ұсынды.
Облыс бойынша 257 клуб, 370 кітапхана, 11 музей, 2 театр, Үікілі Ыбырай атындағы облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығы орталығы, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталық жұмыс жасайды. Соңғы 3 жылда 46 мәдениет нысаны жөндеуден өткізілген. Үстіміздегі жылы тағы 7 нысанды жөндеу жоспарланып отыр. 2 облыстық музейді қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Кенесары ханға Щучье-Нұр-Сұлтан күрежолы бойынан ескерткіштер салынбақ.
Сөйтіп, мәдениет саласы қызметкерлері күні облысымызда салтанатты түрде аталып өтілді. Облыс өнерпаздары кеңінен тартылған, гала-концерт көптеген жанрларды қамтып, жаңа есімдерді таныстыруымен ерекшеленді.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий