Мәдениет өріс алуда

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркеновтың қатысуымен облыстық мәдениет басқармасының алқа мәжілісі болды. Облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі Сәуле Бөрібаева өткен жыл қорытындылары мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын міндеттер жайлы баяндама жасады.

Баяндамада атап көрсетілгеніндей, Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау жолында білгір де білікті басшылар мен кәсіби мамандардың басын құраған 698 мемлекеттік мәдениет және өнер ұйымдары, оның ішінде 375 кітапхана, 269 клуб мекемелері, 11 музей абыроймен атқарып, көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы үш жылда өңірдің мәдениет саласына қаржыландыру көлемі 40,3 пайызға артқан. Өткен жылы салаға облыстық бюджеттен 4 миллиард 290 миллион теңге қаражат бөлініп, ол мақсатты түрде жұмсалды. Мәдени нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қол жеткізілді. Былтыр бизнес құрылымдармен 168 миллион 104 мың теңге демеушілік көмек көрсетілді. Соңғы екі жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 87 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Саланы дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқанымен әлі де шешімін таппай жатқан мәселелердің бар екені жасырын сыр емес. Облыстағы 53 елді мекенде мәдениет ошақтары жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірқатар мәдениет мекемелеріне күрделі жөндеулер жасалды. 11 мың тұрғыны бар Қоянды селосында мәдениет үйінің құрылысына аудан әкімдігімен жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Ерекше атап өтерлігі, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктері арқылы бірқатар кәсіпкерлер мәдениет саласына қаражат бөліп, мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында кең көлемді бұқаралық мәдени-көпшілік шаралармен қатар өңірдің белгілі әнші, күйшілері мен өнер қайраткерлеріне, кейбір айтулы даталарға арналған фестивальдар мен байқаулар ұйымдастырылмақ.
Облыстағы 375 кітапхана жергілікті қаржыландыру есебінен және мемлекеттік тапсырыстан түскен әдебиеттермен толықтырылмақ. Кітапхана қорының электронды бөлігін қалыптастыру үшін ғаламторды пайдаланып, жаңа, сапалы гипер құжаттарды топтау – уақыт талабы. Әйтсе де, талапқа сай техниканың жоқтығынан бұл мәселе өз деңгейінде жүзеге асырылмай отыр. Кітапхана ісін автоматтандыру процесі бойынша 229 кітапхана компьютерленген, бірқатары «РАБИС» бағдарламасына қол жеткізген. Облыста 169 кітапхана интернет желісіне қосылған. Өкінішке орай шалғайдағы ауылдық кітапханалар үшін интернетке қосылу әлі күнге мүмкін болмай отыр. Атбасар, Есіл аудандық кітапханалары күрделі жөндеуді, Бурабай, Ерейментау, Целиноград, Жақсы аудандарында типтік ғимаратты қажет етуде. Мәдениет мекемелерінің жетекшілері өз сөздерінде клуб ғимараттары, материалдық-техникалық база, музыкалық сауатты мамандардың болуы, жұмыстың алға жүруіндегі жаңашыл үдерістер жайында өз ойларын жеткізді. Дамыған отыз елдің құрамына енуге ұмтылған мемлекетіміздің мәдениет саласын сапаландыру, дамыту, көркейту ең басты мәселелердің қатарында екенінде дау жоқ. Өйткені, мемлекеттің даму үрдісі экономикасында ғана емес, мәдениетінде де көрініс беруі тиіс.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс