Мәжіліс депутаты Көкшетауда болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жазғы демалысқа шығып, өңірлерге сапарларын бастап кетті. Олар шілденің 9-нан 19-на дейін, яғни он күн бойы Елбасының бес бастамасын түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар жыл басынан бері қабылданған заң жобалары мен түзетулер және толықтырулар жайлы да айтады. Облыс орталығына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов Көкшетау техникалық институтының курсанттарымен және оқытушылық құраммен кездесті.

Халық қалаулысы бес бастаманы жіктеп түсіндіріп берді. Әсіресе, тұрғын үймен қамтуға қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Бүгінгі күні Қазақстанда 500 мың отбасы баспана кезегінде тұр. «7-20-25» бағдарламасы әр қазақстандықтың үй алуына көп жеңілдіктер қарастырылған бағдарлама. Бұл Елбасы бастамасының өзегі. Егер жылына осы жоба бойынша 200 мың қазақстандық баспаналы болса, 3-4 жылда тұрғын үй мәселесі толық шешілмек. Дегенмен жылына 400 бала дүниеге келеді деп есептейтін болсақ, халық санының өсімін де ескерген жөн деді депутат. Жалақысы тым төмен жандарды салықтан босату үшін мемлекеттен 50 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында 2 миллион қазақстандық салық төлемінен құтылады, әрі жалақысы өседі. Елбасы білім алуға қолжетімділік пен жатақхана құрылысына үлкен мән беріп отыр. Өткен жылы 54 мың грант бөлінген болса, биыл ол 74 мыңға өсті, оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға тиесілі. Яғни білім аламын деген жасқа екі есе мүмкіндік беріліп отыр.
Мәжіліс депутаттары биыл баспана алуға қатысты валюта мәселесін реттеу, несие беру, салықты азайту, ауыл адамдарына жасалатын жеңілдіктерге қатысты заң жобаларын талқылап, бірқатар түзетулер мен толықтырулар енгізген. Елбасы «Нұр Отан» партиясының жұмысын жетілдіріп, оны жобалық басқаруға бағыттамақ. Соған қатысты нақты жоспарлар жасалатын болады. Барлық әлеуметтік заң жобаларының жергілікті жерлерде дұрыс жүзеге асуын партия филиалдары бақылауын жалғастырады.
Мәжіліс депутаты сондай-ақ Астана қаласының бүгінгі мәртебесі жайлы да сөз қозғады. Елорданың кикілжіңқұмар елдердің арасындағы бітімгерлік миссиясын бағаламайтын ел жоқ деді ол. Бүгінде қақтығыстар жүріп жатқан елдерден 258 мың адам босып кеткен. Сондықтан еліміздегі бейбітшілікті кез келген азамат қорғауы тиіс деп сөзін түйіндеді. Халық қалаулысы сонымен қатар жоғарғы оқу орны студенттерімен, кәсіподақтар активімен жүздесті.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий