Мәжіліс депутаты ұжымдарда болып, азаматтарды қабылдады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанат Әнуарбекқызы Омарбекова кеше Көкшетау қаласындағы «Сарыарқа» мөлтек ауданында салынып жатқан тұрғын үй және Красный Яр трассасы бойындағы мектеп құрылысымен танысып, «Тыныс» акционерлік қоғамы мен «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүзеге асырылып жатқан индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысына, көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктерге  назар аударды. 

Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдады. Ауылшаруашылығы өндірісінің ардагері Нина Иващенко мен ауылшаруашылығы ардагерлері кеңесінің төрағасы Алтай Нұрқасымов халық қалаулысына тұрғындардың әлеуметтік қорғалымсыз топтарына жататын адамдар үшін бекітілген дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу жөнінде көпшіліктің өтінішін жеткізді. Қала тұрғыны Рашида Қазбекова болса, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның мүгедектерге арналған №74 бабын қайта қарастыру жөнінде ұсыныс жасады. Өйткені, қазіргі қолданыстағы заң бойынша мүгедек жандар тұрғын үймен қамтамасыз етуде ешқандай жеңілдіктерге ие бола алмай отыр. Абылай хан даңғылы №7 үйдің тұрғыны, зейнеткер Виктор Смитнюк Чернобыль электр станциясы зардаптарын жоюға қатысушылар үшін төленетін зейнетақыға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Автомобилистер көшесі 3/56 үйдің тұрғыны Андрей Суслов Алматы қаласында тегін операция жасату үшін имплант сатып алуға қаржылай көмекке зәру екендігін айта келе, осы өтінішінің аяқсыз қалмайтындығына сенім білдірді. Мадай Ахметжанов өзінің көп уақыттан бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана ала алмай жүргендігіне шағымданып, көмек сұрады. Мәжіліс депутаты Жанат Әнуарбекқызы осы өтініштердің бәрі жергілікті атқарушы билік органдарының назарына жеткізілетіндігін айта келе, өзінің тарапынан бақылау жасалатындығына уәде берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс