Мәлік музейі қайта ашылды

Күрделі жөндеу үшін жабылып, көптен көруші қабылдай алмай тұрған Көкшетаудағы Кеңестер Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин музейі қайта ашылды. Алып-ұшып келген алғашқы қонақтарға жаңарып, жаңғырып, жасарған музейді таныстырған музей директоры Құдайберлі Мырзабек атқарылған шаруалар жайын кеңінен баян етті. Ойға алған мақсатқа жетіп, тың идеяларды жүзеге асыру үшін музей үйінің ішкі бөлмелері біріктіріліп, кеңейтіліпті. Ызғар тартқан еденнен бастап, бөлмелер жылытылып, жарықтандырылып, экспонаттардың анық көрінуіне жол ашылған. Жәдігерлер соңғы жылдары жан-жақты жүргізілген зерттеулер, іссапарлар, ізденістер арқасында толыға түскен. Ал, бірқатар ескі дүниелер Красный Ярдағы №3 және қаладағы Сәкен Жүнісов атындағы мектептерге берілген. Болашақта сол мектептерде жап-жақсы музейлер ашуға ұмтылыс бар. Қ.Мырзабек музей жанында құрамында филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабаев, филология ғылымдарының кандидаттары Сәбит Жәмбек, Аманжол Есмағұлов сияқты ғалымдар, ел ағалары бар ғылыми кеңес құрылғанын, сол кеңестің зерттеу жұмыстарына дұрыс бағдар беріп отырғанын айтты.
Жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова, оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, «Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиев, әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы және басқалар құттықтау сөз сөйлеп, тындырымды іс атқарып келе жатқан музей ұжымының бастамаларына сәттілік тіледі.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий