Мәлік мұрасы мәңгілік!

15 қарашада Кеңес Одағының Батыры, педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 105 жыл толды.
Қаһармандық, батырлық, ерлігімен, терең ғылыми ізде-ністерімен өзгешеленетін тарихи тұлға ел басына күн туғанда ерлермен тізе қосып, қан майданда панфиловшылар дивизиясында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанды. Ол қазақ әдебиеті үшін ерен еңбек сіңіріп, сүбелі дүниелер қалдырды. Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Зеренді ауданы, Қойсалған ауылында дүниеге келген. Ол – әрі батыр, әрі би, бұқара халықты аузына қаратқан атақты шешен – Қарауыл Қанай бидің ұрпағы. Облыс орталығындағы батыр есімімен аталатын
музей Мәлік мұрасын жаңғыртуда тынбай еңбек етуде. Музей қоры бай. Яғни, батырдың өнегелі өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін 7 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Сондай-ақ, экспонаттар қатары да жыл санап жаңартылуда. Шаһардағы Мәлік Ғабдуллин атындағы көптілде оқытатын білім ошағы да батыр есімін дәріптеуден қалыс қалған емес. Жас өрендерге ғалымның тәлімді тәрбиесін сіңіріп, бойларына отансүйгіштік қасиеттер ұялатып келеді. Айта кету керек, Ақмола облысында батыр атында бір университет, екі мектеп, бір музей бар. Жалпы білім беретін оқу орындарында Мәлік Ғабдуллин музейінің мұрындық болуымен «Ғабдуллиншілер» клубы ашылған. Олардың қатары жыл сайын үздік, озат оқушылармен толығуда. Осындай жұмыстардың арқасында батырдың өр тұлғасы жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий