«Мәншүктің жарқын бейнесі»

Ғұмыр шіркіннің өтпелі, өткінші екеніне кімнің дауы бар. Өмір өлшеулі. Біреуге ерте, біреуге кеш демесең… Жайдары жүзінде күлкі ойнап, жылы жымиып жүріп қомақты істер атқарып, кітапхана желісіне жаңалықтар енгізіп, көпшілікпен қоян-қолтық жұмыс жасап, жалындап жүретін Мәншүк Сайдалинаның аяқ астынан өмірден озғанына бес жыл уақыт өте шығыпты. Осыған орай «Достар» мәдениет сарайында 14 қазанда «Мәншүктің жарқын бейнесі» тақырыбында еске алу кеші өтті.

Кітапхана қызметін өркендетуге лайықты үлес қосқан өз ісінің білікті маманы Мәншүк Сайдалинаның әріптестері, дос-жарандары оның жарқын бейнесін тағы бір еске түсіру үшін осы кешті өткізуді қолға алған. «Қайсар кітапханашы» деп аталған естеліктерден құралған кітап та құрастырған. Осындай ұйымдастыру жұмыстары 15 қазандағы дүниежүзілік кітапханашылар күнімен орайлас келуі кешке жиналған әріптестерін ерекше тебіреніске бөледі. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова, ардагер ұстаз Манар Қажыбайқызы, М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, «Көкшетау» газетінің бас редакторы, жазушы Серік Жетпісқалиев, әріптес құрбысы Амантай Мәуленқызы, көптеген кітапханашылар Мәншүк Нөгербекқызының өз ісінің үздік маманы, ізденімпаз қызметкер, білікті басшы болғандығын айтты. Тебіреністі еске алу кешінде оның таспаға түсірілген бейне сұхбаты тыңдалып, өмірі мен қызметінен сыр шерткен фотосуреттер көрмеде көрсетіліп, мазмұнды күй, мағыналы әндер айтылды. Ол өмірінің соңғы жылдары Көкшетау қалалық кітапханалар желісінің басшысы болып қызмет атқарған еді. Оның қала мәдениеті, жергілікті ақын-жазушылар шығармаларын насихаттау, кітапхананың қызмет көрсету сапасын жетілдіру бағытында атқарған істері ұлан-ғайыр болатын. Тынымсыз істеген ерен еңбегі туралы ұлағатты әңгіме өрбуінің де себебі сол. Осындай мазмұнды еске алу кешін ұйымдастырушыларға марқұмның ұлы Диас, апасы Райхан шын жүректен алғыс-рахметтерін айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс