Мәртебелі ұстаздар марапатталды

«Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай өткізілген «Тұғыры биік Тәуелсіз Қазақстан» атты салтанатты шарада бірқатар білім қызметкерлері марапатталды.
Безендірілген сахна, зал толы көрермен мереке сәнін одан әрмен арттыра түскендей. Салтанатты шарада Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов бала тәрбиелеп, әр шәкіртке мейірім төккен ұлағатты ұстаздарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі: «Мемлекетіміздің қиын-қыстау кезеңдерден өтіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде ұстаздар қауымының да қосып отырған үлесі мол. Әрине, білім саласы қызметкерлерінің жұмыс істеуіне тиісті жағдай болмаса, оларға материалдық қолдау көрсетпесек, тиісті нәтиже де болмас еді. Сондықтан, мемлекет білім саласына жан-жақты қолдау көрсетіп отырады. Егемендік таңы арайлап атқалы бері қаламызда заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа ІТ мектебі пайдалануға берілді. Қаламызда осыған дейін білім саласында жеткен жетістіктеріміз ұстаздардың еңбектерінің арқасы, алдағы уақытта олар бұдан да зор шыңдарға жетеріне сенемін».
Бұдан соң білім, өнер, спорт саласында биіктерден көрініп жүрген оқушыларды «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай ұйымы» қатарына қабылдау рәсімі өтті. Оның қатарына қабылданған оқушылар мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласып және сабақтарын үздікке оқып, өз елінің мақтанышы болатын азамат болуға ант берді.
Салтанатты шарада №1 Красный Яр орта мектебінің ұстаздары Шахригүл Ғаниева, Гүлнар Саденова, Күлпаш Алпысбаева ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар ұстаздар Көкшетау қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. ІТ мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Жартанова, №15 мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Алпысбаев, №3 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Гүлжауһар Төлегенова, №10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлім Шәріпова, балалар көркемсурет мектебінің бейнелеу өнері мұғалімі Оксана Яковлеваға қала әкімінің Құрмет грамотасы мен 50 мың теңгенің сыйақысы тапсырылды. Оқушыларды білім нәрімен сусындатуда талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұл күні қаламыздың белгілі өнерпаздары ғалым да, шахтер де бас иетін ерекше қасиетке ие ұстаздар қауымына театрландырылған композиция, ән арнап, мерекелік шараның көркін қыздырды.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий