Мәселелер қолма-қол шешілді

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов бірқатар қала тұрғындарын өтініштері бойынша қабылдады. Қала басшысы бұл жолы да әдеттегідей қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, мәселелерді қолма-қол шешті.
Соңғы жылдары Көкшетауда тұрғын үйлер көптеп салынып, талай адам пәтерге ие болып, мәре-сәре болып жатыр. Қатарынан бірнеше көпқабатты үйлер, тіпті шағын аудандар бой көтерді. Кезінде жылжымай қойған кезектер реті алға басып, тізімнің соңында тұрғандардың да үміті жанды. Қуанып жатқандар көп. Дегенмен, әлі де әртүрлі жағдаймен қиналып, торығып жүргендер баршылық. Бір бөлек адам құжат толтырудан, мәлімет жинаудан, дер кезінде кезекке тұрудан кеш қалады. Кейбірі өзіне қолайлы емес кезекке тіркеліп, талай жылын текке өткізіп алады. Немесе пәтерлі болудың басқа талаптарын орындауда салғырттық танытады.
Әкім қабылдауына келген Дәмелі Құшықованың да сұрағы пәтер алу жайы. Кезекте он жеті жыл тұр екен. Ері, жиырма жасар баласы үшеуі үй жалдап тұрады. Күзетте істейтін ерінің де, бір мекемеде еден жуатын өзінің де табыстары мардымсыз. Сол себепті «Тұрғын үй-құрылыс жинақ» банкі бұларға қызмет көрсетуге құлықсыз. Әкім сол арада банк басшыларына телефон шалып, жағдайды түсіндіріп, олар несие беру жолдарын қарастыратын болды.
Айман Әлібекова төрт балалы ана. Бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Әкім оның жағдайын сұрастыра келе, тиесілі мамандармен келісе отырып, оның тұрған тізімінен жалдамалы пәтерлер тізіміне ауыстыртып, өзіне шұғыл жұмысына шығып, банк талап еткен алты ай жұмыс өтілі мен зейнеткерлік жинағы болуына қол жеткізуіне кеңес берді. Алма Қажетова да пәтер алуға алғашқы салымға қаржы тауып, одан әрі «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» көмегімен баспаналы бола алатын болды.
Қала басшысы Нина Валицкаяның шағымдары мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. М.Әуезов көшесі 276/2 үйде тұратын ол сол маңайдағы жол жөндеу, желі тарту сияқты құрылыс жұмыстарының сапасы, ескі үйлердің қатерлі жағдайларын алға тартты. А.Смайылов бұл мәселелерді тексеріп, назарға алуды тұрғын үй инспекциясының басшысы Р.Бисеновке тапсырды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий