Мәуелі биік – мәуліт кеші

«Көкшетау» мәде-ниет сарайында «Адам-заттың асылы» атты рухани-мәдени мәуліт кеші болып өтті.
Асыл дініміздің адам жанына нұр құяр, абыр-сабыр әлемнің ардың-күрдің әбігерінен жаныңды арашалап, жайландырар қасиетін кім сезбес? Міне, мәдениет сарайында өткен, Алланың елшісі, соңғы пайғамбар Мұхаммед ғалайхи саламға арналған мазмұнды, мағыналы, мәуелі кештен де осы бір тазалық пен ізгілік, адалдық пен адамгершілік лебі есіп тұрды. Алдымен сахнаға біраз жылдардан бері ата дініміз, Мұхаммед ғ.с. өмірі, оның тағылымды іс-әрекеті, ғибраты туралы толғанысты толғаулар жырлап, әрлі ойларды нәрлі сазбен өріп, насихаттап жүрген ақын Жәкен Омаров бастаған өнерпаздар өнері тамашаланды.
ҚМДБ-ның білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт қажы Әліпбекұлы Бас мүфти Серікбай қажы Оразұлының «Мәуліт мүбәрак болсын!» деген дұғай сәлемін жамағатқа жеткізді. Одан әрі Халифат Дүйсенбаевтың орында-уында тағылымды терме, Аслан Мұхамедияровтың орындауында «Дұға» әні, Сәрсенбай Хасеновтың орындауында «Ата-ананың қадірі» атты салауатты толғау тыңдалды. Актерлар тартымды өлеңдер оқыды.
Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театры соңғы кезде көрерменін қуантқан Шыңғыс Айтматов шығармасы бойынша сахналанған қойы-лымдарынан «Мәңгүрт» деген тақырыппен үзінді ұсынып, көрермен кеудесіне ой тастады.
Мәуліт кеші үстінде балаларды қариялыққа баулып жүрген Теміржан ұстазға зор еңбегі үшін пәтер кілті табысталды. Облыстық Н.Хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қуаныш Сәбит, ҚМДБ өкілі Бейбіт Мырзагелдиев, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, жазушы-журналистер Жабал Ерғалиев, Құдайберлі Мырзабек, Бақыт Смағұл Мәуліт сыйлығы – республикалық имамдар форумында қабылданған 7 қазық – 7 асыл қасиет сыйлықтарын лайықты азаматтарға табыс-
тады. «Ауызбіршілік» номинациясы Құдай-берген Қасымұлына, «Мәдениеттілік» Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрының директоры Мұратбек Оспановқа, «Білімділік» Көкшетау техникалық институтының оқытушысы Рүстем Шәріповқа, «Еңбекқорлық» Жұмағали Шәріповқа, «Әділдік» Жаслан Қайыргелдіұлына, «Отансүйгіштік» Ерсана Түрленұлына, «Имандылық» Ескен Ерланға бұйырды.
Осылайша Көкшетауда мән-мағынаға, сый-сияпат, қуанышқа толы, жантебірентерлік зерлі әңгіме, терең уағыздар тербеткен мазмұнды мәуліт кеші өтті. Шын ниет, адал көңілмен ұйымдастырылған мұндай шаралардың қашанда осылай өтері рас.

С.САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий