«Мәңгілік ел» ұлттық идея жобасы

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биылғы жылдың 15 қыркүйегі мен 31 желтоқсаны аралығында республика бойынша музейлерде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның бастамасы ретінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын және «100 нақты қадам» жоспарын іске асыру бойынша үш инновациялық жобаның тұсауы кесілді. Атап айтқанда: Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Алаш арысы Әлихан Бөкейхан», «Қазақтың ұлттық киімі мен тігін ісі» және «Қазақстан Тәуелсіздігінің ақша белгілеріндегі тарихы».

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қашанда ізденіске ұмтылып тұрады. Түрлі шаралардың ұйытқысы болудан алдарына жан салмайды. Бұл жолы да жаңа идеялары мен фантазияларын аямапты. Олар музей қорындағы ерлер мен әйелдердің киімдерін киіп, оның тігу жолдарын, үлгілерін таныстыру арқылы көпшіліктің танымын арттырды. Теріден, былғарыдан, таза жібектен жасалған жазғы, күзгі, қысқы киімдерге салынған түрлі өрнектердің өзіндік тарихы бар. Биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отырған шараның тақырыбы да ауқымды. Әсіресе, ұлт зиялыларының ХХ ғасырдың басында Қазақ автономиясын құрмақ болған алғашқы ұмтылыстары – бүгінгі қол жеткен жетістігіміздің түп негізі. Сондықтан Алаш арыстарының көсемі Әлихан Бөкейхановтың азаттық жолындағы жалынды күресі әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Бұл жөнінде тарихшы Кәдіржан Әбуев айтып өтті. Қазақ халқының тұрмыс-салтындағы басты атрибут – киім үлгісінің де өзіндік тарихы бар. Оның денсаулыққа пайдалылығы, ою-өрнек салудағы өзгешелігі, әйел мен ердің, қыз бен ұлдың жасына байланыс-ты киіну үлгілерінің өзіндік мәні зор. Тәуелсіздіктің символы –Теңгенің музей қорындағы коллекцияларын зерттеу нәтижесінде арнайы нумизматикалық каталог шығарылды. Бұл құндылықтар тұсаукесер рәсімінде ұйымдастырылған көрмеде жарқын көрініс тапты. Көкшетаудың күзгі жәрмеңкесі де келушілердің қызығушылығын тудырды. ХІХ ғасырдың басында ашылған сауда-саттық нүктесінде түрлі заттар сатылып жатты. Қажетті қаржыны дәл сол жерде банктен займ түрінде алуға болатын еді. Зингер машинкалары, шойын ыдыстар мен шоқ үтіктер, киім-кешектер, малға қажетті жемазық та осында. Қонақтарды әуелеген әнімен Көкшенің серісі Біржан сал қарсы алды. Сол заманның әнші-жыршылары, балуандары осындай ірі жәрмеңкелерде өнерін паш етпек. Халық та сол үшін алыстан ат терлетіп келіп, бірнеше күн жатып, сауда-саттығын жасап, күрес пен ат жарысты тамашалап, сал-серілердің тың шығармаларын тыңдап қайтқаны тарихтан белгілі. Сауда павильондарын аралап шығып, трактирге жақындаған кезде сырнайдың сазды үнінен әдемі әуендер төгіле жөнелді. Дәл сол маңнан себет тоқушы шеберлер де орын алыпты. Қазаннан жаңа түскен ыстық бауырсақпен шай ішіп, ән тыңдаған көпшілік аталған іс-шараның қаншалықты танымдық, тағылымдық екенін айтып жатты. Өйткені, әр павильонда көне заттар туралы түсініктер берілді. Көне ақшалардың шығу тарихы да баяндалды. Вуаль тағып, басына шляпа киген мадамдар да ақырын ырғала басып жәрмеңкені аралап жүр. Тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері де бүгінгі шараға тыңғылықты дайындалыпты. Мерекелі жылдың соңына дейін осындай бірнеше шара өткізу жоспарланыпты.

Гәкку Асылбекқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс