Мөлдір

Былғары қолғапты жанына серік еткен бұл нәзік қыздың тегеуріні мықты. Қайсарлығы мен табандылығы өз алдына, еңбекқорлығы ерекше. Ол талай додаларда топ жарып, еліміздің Көк туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатқан батыл да батыр, ер мінезді, алғанынан қайтпайтын алғыр. Ептілік пен шапшаңдық та оны жеңістерге сан мәрте жетеледі. Таныс болыңыздар. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, чемпион қыз Мөлдір Базарбаева. Қаншама белестерді бағындырып жүрсе де, қарапайымдылықты қанаты еткен, жүзінен нұр төгілген, жасындай жарқылдаған, асқаралы армандарға қол созған қазақтың қаршадай қызы.

Мөлдір Базарбаева 1991 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Мектепте оқыған кезде-ақ әдебиетке жақын болды. Алғашқы ұстазы Лариса Владимировна оқушыларының бо-йына адами қасиеттерді ұялатуға тырысты. Бала жасынан тақпақ жаттап өскен ол кейін орыстың ақын-жазушылары Пушкин, Есенин, Гогольдің шығармаларын тұшына оқитын болды. Поэзияға деген құмарлығы күні бүгінге дейін жойылған жоқ. Қолы қалт еткенде өлең оқып, әдемі өрнекпен құрылған жолдарына үңіліп, өмірдің мәнін ұғына түседі. Мөлдірдің бойында ер балаға тән мінездер мектеп жасында-ақ байқалатын. Ешкімге дес бермейтін. Қайткен күнде де өзін ренжіткендерден өшін алатын, себебі ол еліміздегі аумалы-төкпелі тұс болатын. Әлсіздер сынып, жігерсіздер жасып, болаттай беріктердің өзі боркеміктік танытып жатқан кезең еді. Сондықтан жігерлілікті бізге заманның өзі үйретті деген сөзінің жаны бар. Әкесі бұл бір жаста болғанда дүниеден озған. Анасының жалғыз қолғанаты болғандықтан, Мөлдір өз ісіне жауап беруді ерте жастан ұғынды. Саналы баланың қадамын санап басып қана қоймай, қажет уақытта мінезін көрсете алуы да соның бір айғағы. Алдымен әлемнің жарығын сыйлаған анама алғысым шексіз дейді ол. Жақсы тәрбие беріп қана қоймай, менің таңдауыма қарсы келмей, үнемі қолдап жүргеніне де рахметімді айтамын деуі де сондықтан.
Мөлдір Базарбаева спортпен 2006 жылдан бастап айналысты. Таңдап алғаны – кикбоксинг еді. Тұңғыш жаттықтырушысы Енген Табенұлы Хегай болатын. Бұл есім көкшеліктерге ғана емес, спортсүйер қауымға жақсы таныс. Талай мықты спортшыларды тәрбиелеп шығарған сұңғыла бапкер Мөлдірдің бо-йынан да табандылық пен ерік-жігерді байқады. Кикбоксингтен шынығып шыққан қайсар қыз кейін бокс секциясына ауысты. Оны да анасымен ақылдасып шешті. Қызының алға қойған мақсатқа жету жолында тайынбайтынын байқаған анасы спорт мектебіне өзі алып барды. Осылайша Мөлдірдің үлкен спортқа деген алғашқы қадамы басталды. Халықаралық дәрежедегі жарыстардың төрешісі Ерлан Ғазизовтың қарамағында жаттығатынын білгенде жауапкершілігі екі еселенді. Қаршадай қыз ауыр жаттығуларға төтеп берді. Бұл жерде оның анасы бойына сіңірген еңбекқорлығы көмекке келді. Күннен-күнге өзіне деген сенімділігі арта түсті әрі жаттықтырушының оған деген сенімі де үлкен роль атқарды. Мөлдір әр адам боксты әртүрлі қабылдайды дейді. Осы бағытты таңдағанына еш өкінбейді. Бокс мені тәрбиеледі, ал мен өзімді қайрай түстім дейді. Бұл спорт түрі мені қаншалықты өзгерткенін білмеймін, бала жасымнан анам мені мойымауға үйреткен. Кез келген қиындықты еңсеруге баулыған. Осы мінезім бокста жеңіске жетуге жетеледі, әлі күнге дейін солай деуі отбасында берілген дұрыс тәрбиенің нәтижесі екені сөзсіз. Бокс секциясындағылар аптасына 30 сағат жаттығады. Оған шыдамдылар ғана шыдайды. Мөлдірмен қатар келген қыздардың көпшілігі осындай сынақтардан сүрінді, кетіп қалды. Ал, өзі сияқты алдына мақсат қойғандар бәрін еңсерді. Бокс жеңіл спорт емес. Бұл жерде нақты есеп керек. Баспен жұмыс істеу керек. Әр қадамың, әр қимылың есеппен жүзеге асады. Қарсыласыңды әбден зерттеп, біліп алмай әрекет етуге болмайды. Шалыс бассаң, шорт кетесің, көп соққы аласың, ал мұндай қателіктер аяғыңды кері кетіреді дейді былғары қолғап шебері.
Мөлдірдің есімін әжесі қойыпты. Таза, адал болсын деген ниет қой. Қазақ қашанда мөлдір бұлақтан су ішіп, мөлдір бастауларға шомылып, арым жанымның садағасы деп келген ғой. Сондықтан дүние есігін ашқан немересіне осындай есім беруінің де мәні бар. Мөлдір атына заты сай ақкөңіл, пейілі кең, жарқын жүзді жан. Қашан көрсең, көзі күлімдеп тұрады. Анасының жалғыз сенім артар қарлығашы қашанда оны қуантқысы келеді. Бірақ өзінің жарыстарына көп қатыстырмайды. Нәзік жүрегі шыдамауы мүмкін деген қаупі бар. Алайда, бұл шаршы алаңға шыққанда анасының үйде отырып тақымын қысатынын жақсы біледі. Қыз баланың қызыл-жасылға әуес келетіні белгілі. Мөлдір де әдемілікті сүйеді. Бет әрлеушінің курсын тәмамдаған ол өзінің ажарын айшықтап, шашын түрлендіре алады. Бірақ соның бәріне уақыт табыла бермейді. Жаттығу жиындары жиілеген сайын оған мүмкіндік бола қоймайды. Өзіне қонымды әрі ыңғайлы киім үлгісін таңдайды.
Мөлдірдің алғашқы жарысы кикбоксингтен өтті. Онда ол екінші орынды жеңіп алды. Бірақ есінде қалған жекпе-жектері көп емес. Бокспен шұғылданып жүрген 15 жылдың ішінде көптеген шетелдерде болып қайтты. Әсіресе, Оңтүстік Американың Барбадос аралында өткізген әлем Чемпионаты жадынан еш өшпейді. Одан кейін талай жарыстар артта қалды. Мөлдір Базарбаева Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, ел чемпионатының 8 дүркін финалисі, Азия ойындарының 2 мәрте жүлдегері және халықаралық додалардың жеңімпазы. Қарсыластарың неғұрлым мықты болса, жеңіске деген жігерің де соғұрлым күшті болады дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Ал, рингке жұдырықтасуға шыққандар оның жауы емес, қайта жақсы құрбылары. Көпшілігімен дос-тасып кеткен, тіпті сырласып тұрады. Құрбылары әр қалада болса да байланыстарын үзген емес.
Мөлдір Базарбаева үшін бокс қолғабы оның қаруы. Батырдың сенімді серігі жүйрік аты мен қалқаны сияқты, ол да қолына қолғабын киген кезде рухтанып шыға келеді. Рингте жүргенде жаттықтырушының ақыл-кеңесіне құлақ түреді. Сақтық та сапалы өнер көрсетуге ықпал етеді. Ал, жеңіс жалауын желбіретіп, тұғырға көтерілген кезде кеудесін кернейтін қуанышын бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Ондайда көзден аққан жас аспанға көтерілген Көк байрақ пен шырқалған Әнұранға ұласып, батыр қыздың жүзін жуып жатады. Биыл оларды көптеген сайыстар күтіп тұр, жаттығу жиындары да жиіледі.
Туған еліне деген махаббаты шексіз Мөлдір туған қаласына әрдайым сағына жетеді. Анасының құшағында балаша еркелейді. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Қазақ елінің көркейіп, өркендеген сәттерін көзімен көргісі келеді және туған топырағын тастап кететіндерден гөрі осында тұрақтап қалғысы келетіндер қатары көбейсе екен деп тілейді. Тілегің қашанда қабыл болсын, қайсар қыз Мөлдір Базарбаева!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий