Мөлтек аудандардың тыныс- тіршілігіне ерекше назар аударды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 2 маусымда «Бірлік», «Васильковка» мөлтек аудандарының тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен тілдесті. Орын алған кемшіліктерді тез арада түзету жөнінде тиісті мекемелерге тапсырма берді. Жекеменшік үйлерден тұратын тұрғын үй кварталының көшелері жедел жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Алдымен бірқатар жол учаскелері жаңартылмақшы. Осы ретте қала басшысы алдымен қоғамдық көліктер жүретін жолдарды жөндеуді тапсырды. Мөлтек ауданда «Көкшетау автопаркі» ЖШС-нің №9 автобусы қатынайды. Жазира, Дружба көшелерін абаттандырумен «Көкше Жәрдем» коммуналдық кәсіпорны айналыспақшы. Аталған көшелер осы аудандағы басты әлеуметтік нысан – №22 жалпыбілім беретін орта мектепке апарады. Оқу-тәрбиелеу кешенінде көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Осы аумақты аралап шыққан қала әкімі мектеп алаңына гүлдер егілетінін айтты.

DSC_9844Бұдан соң қала әкімі «Бірлік» шағын ауданындағы су құбыры жүйесінің құрылысымен танысты. Кеңес заманындағы «Тұрғын үй-91» бағдарламасымен тұрғын үйлер берілгеннен бастап шағын ауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі күні қалалық әкімдіктің ықпалымен бұл іске қозғау салынуда. Екіжылдық жоспар аясында бас мердігер ретінде «Көкшетауавтодор» ЖШС осы аумаққа жөндеу жүргізбек. Компания директоры Виталий Люлевичтің айтуынша, аулаларда басқа да жұмыстар қоса жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде жол қабаты мен қақпалар жаңартылып, жиектастар мен бедертастар төселуде. Сапар барысында осы маңайдағы үй тұрғындары көптен күткен жаңарту жұмыстары басталғаны үшін қала әкімі Ермек Маржыпаевқа алғыстарын білдірді. – 25 жылдан соң аулаларымыздың жаңа кейіпке еніп жатқаны қуантады. Бұған дейін «Автогородок» мөлтек ауданы мен Абай көшелерінің тұрғындарына қызыға қарайтынбыз. Енді біздің де көшеміз де түрленеді. Осы ретте ел тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында біздер үшін үлкен сый жасаған қалалық әкімдік пен сала қызметкерлеріне алғыс айтамыз,–деп қуанышымен бөлісті қала тұрғыны Мәриям Бектұрова. Қазіргі уақытта қатарлас Сүлейменов көшесінде де жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Кейін құрылысшылар «Көктем» мөлтек ауданында жұмысты жалғастырмақшы. Жұмыс процесінде кіреберіс жолдар да жаңартылатын болады. Қазіргі уақытта №№1, 3, 4, 5, 8 және 10 үйлерге ойын алаңдарын орнату, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары қолға алынбақшы. Осы орайда қалалық әкімдік, жобалаушылар мен тұрғындардың бірлесіп іс-қимыл танытып жатқандары қуантады. Айталық, «Васильковка» мөлтек ауданының тұрғындары қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен газет редакциясына ағаштарды кеспеу үшін ауланы жаңарту жобасына өзгеріс енгізуді өтінген болатын. Тұрғындар тілегі орындалды. Тұрғындардың өз қолымен егілген жасыл желек жайқалып тұр. Әйтсе де «Надежда-4» ПИК төрайымы Александра Добычинаның айтуынша, жобаны тағы бір талқылау артықтық етпейді. Аулаларда балалармен қатар ересектер үшін де спорттық алаңдар болуы қажет. Кооператив меншігінде пайдалануға дайын тренажерлар да бар көрінеді. Қала басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Горький көшесі, 6 үйде болды. Сапар барысында қала басшысы мердігерлер мен қаладағы бастамашыл саналатын «Достық» ПИК-нің төрайымы Райхан Оразбаеваға жаңарту жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындар өтініші бойынша заңсыз гараждарды бұзып, аулаларды ретке келтіру жүктелді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс