Намыс пен жырдан өрілген, Төлеген өтті өмірден!..

Төлеген Қажыбаев

                         Үстіміздегі жылдың 5 қазанында ұзақ науқастан көкшетаулық ақын, жазушы және драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ҚР құрметті журналисі – Төлеген Қажыбай дүниеден озды. Төлеген Қажыбай 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Ақмола облысы, Чкалов ауданына қарасты Ортақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастап, кейін Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, облыстық телерадио комитетінде істеген. Көкшетау облысы тарағанға дейін облыстық газет редакторының бірінші орынбасары, облыс тарағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінің Көкшетау қаласындағы тілшілер ұйымының жетекші қызметтерін атқарған. Қалалық «Көкшетау» газетінің редакторы, кейін тәуелсіз «Бұқпа!» газеті бас редакторының орынбасары, «Жер шоқтығы» журналының бас редакторы болған.
Ақын, жазушы, драматургтың қаламынан «Жол басы», «Жанымның жапырақтары», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Қан кешу» басқа да керемет туындылар шыққан. «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» драмалары Ақмола облыстық драма театрында қойылған. Ақынның өлеңдері орыс, украин тілдеріне аударылған.
1980 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді. 1996 жылы Төлеген Қажыбай Республикалық Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты болды. 1999 жылы Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атанды.
Төлеген ағамыздың отбасына, туыстарына, жақындарына, жалпы Ақмола жұртына қайғырып, көңіл білдіреміз. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.

Көкшетау қаласының әкімдігі,
Көкшетау қалалық мәслихаты,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі.

Дәуірдің жүгін арқалап!..

Көкшенің көксеңгір аспанына құс қанаты ілінген күрең күзде күрмеуі шешілмейтін адами тіршілікті тәрк етіп Төкең өтті дүниеден. Төлеген аға! Көкшенің, қазақтың Арысы! Абдыраған көңілге, ауырсынған жүрекке не сөз түседі мұндайда. Төлеген қазақтың ары мен намысының алдаспаны еді. Шыбын жанын шүберекке түйіп, бар саналы ғұмырын ардың таразысында өткізді. Төлеген аға тектіліктің, бекзадалықтың өзі еді. Өзекті өмірінде өзінің осы қасиеттерінен арылмады.
Төлеген қаймана қазақтың бар асыл қасиеттерін өз бойына жиған, толық бітімді тұлға бола білді. Әлем әдебиетінің білгірі, энциклопедиялық, интеллектуалдық білімі мен біліктілігі орасан зор болды. Еңбекқорлығы мені таңғалдыратын, үнемі ізденісте, жоқ кітапты жолынан тосып алатын әдеті бар еді. Тіпті, зейнеткерлік жаста жапон әдебиетін зерттегені оның талғамдығының асыл қасиетінің дәлелі еді. Осы Көкше өңірінде жапон әдебиетін одан терең білетін адам болмады. Арманы күншығыс елін көру, сакура гүлін құшырлана бір иіскеу еді…
Төкең ұлылардың сарқыты, сондықтан ұлылықты бойына шақтаған Көкшенің сүйікті ұлы болып өтті. Атасы Сыздықтың шекпенінің етегіне оралып өсіп, қан майданнан оралмаған туған әкесін көрмесе де, соның қадір-қасиетін ғұмыр бойы дәріптеп өткен, туған жері – Қарағашты жүрегімен сүйіп өткен азамат деп білемін. Ақындарын ардақтаған Алматыда қалмай, өз Көкшесінде өмір кешті. Бірақ, бір өзі бүткіл бір дәуірдің жүгін арқалап өтті. Өмірінің соңғы жылдары соқтықпалы соқпақсыз сүрлеудің жол болмасын сезінді ме дүние қызылдан бас тартып, рухани әлемнің кеңістігіне кіріп, соның аз да болса тәтті дәмін сезінуге тырысты. Бұл туралы әлі айтыла жатар. Төлеген рухындай биіктік, Төлеген арындай тазалық, Төлеген санасындай тереңдік бола қоймас енді мен үшін. Бір кіндіктен бірге тумасақ та, туғандардан артық аға-інідей сыйластық. Төкең барда арқамда қорғаным бар еді, аяз қарып, суық шалмайтын. Қарға бойлы қоңыр ағам-ай! Сен де мына дүниені тастап жүре бердің-ау. Ендігі жерде жер бесігіңде тербеліп, жаның жұмақта боларына сенемін. Себебі, сен тал бесікте арыңның тазалығымен өмір кешкен жансың!
Дөңгеленген дүниені енді Төлеген ағамсыз айналдырамыз. Бақұл бол, жан аға! Топырағың торқа болсын!
Рухани бауыры

Нұртас АХАТҰЛЫ.

Қазынамыздан айырылдық…

Керемет сөз зергері, ғажайып шыншыл қаламгер, поэзия, проза жанрларында талғамы биік, тартымды шығармалар жазған ағыл-тегіл дарын иесі Төлеген ағамыз да дүниеден өтті. Балалық шағы Ұлы Отан соғысына тап келіп, маңдайына соғысқа аттанған әкені күтіп жаутаңдаумен өту жазылғасын ба, көп оқып қазақтың қасіретті тарихын көп білгендіктен бе шығармалары көбіне ауыр оқиғаларға құрылды, мыңнан бір қаламгер барар шындықтарды шырқыратып жазды. Прозасы мен поэзиясының қайсысы озық? Оны ешкім дөп басып айта алмас-ау. Екеуінде де терең, ауыр ой, бай тіл, көркем сурет. Оқысаң сол сұлу мұңға малтығасың. Тартысты драмалар да жазды, әлем әдебиетінің інжу-маржанын сүзіп, тамаша аудармалар да жасады. Тілі аса бай, құнарлы еді-ау, шіркін! Сөзді күштеп иіп әкеліп, сөйлемді сүйретіп жасанды құрмайтын. Табиғи құбылыстай етіп, құя салатын.
Оны оқып үйренетінбіз, тыңдап көкжиегімізді кеңейтетінбіз. Енді, тек қана оқитын болдық… Қазынамыздан айырылдық. Қалтырап отырып тыңдар шындығымыздан айырылдық. Қош, Төке… Жаның жәннатта болсын!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Қош, Көкшенің көк тұйғыны!

Осы бір қытымыр, зілмауыр уақыттың салмағы еңсемізді езіп, төбемізден басып тұрған шақта қаралы хабарлар да көбейіп, көңілге көлеңке түсіріп жатқаны рас қой. Бүгін менің ойыма ақиық ақын Мұқағалидың «Қош енді, қош бол, күрең күз!» деген өлең жолдары еріксіз оралды. Күрсінісі көп күрең күз ортамыздан айтулы қаламгеріміз, абзал азаматымыз, ақылшы ағамыз Төлеген Сыздықұлы Қажыбаевты алып кетті. Әрине, өте өкінішті. Бұл қаза әдебиет сүйер барша қауымның, көкшелік жұртшылықтың қайғысы деп білемін. Сонау 70-80 жылдары Көкшенің биігінен көтерілген көк тұйғын құстай болып әдебиетке екпіндеп келген Төлеген Қажыбаев әдеби ортаны елең еткізгені рас еді. Содан былай әдебиетті ардың ісі деп таныған Төлеген Сыздықұлы ақ адалдығынан еш айныған емес. Не жазса да көңіл түкпірінен қопарып, жүрек сүзгісінен өткізіп жазды. Еркеш Ибраһимнен кейін Көкше поэзиясын зәу биікке қарай көтеріп, алымды ақын ретінде мойындалды. Өз биігіне қарай ұмтылды. Солай да болды. Оның сыршыл, нәзік лирикаларымен қатар, өршіл, рухты азаматтық поэ-зиясы да оқырман көптің көңілінен шығып жатты. Төкең қасиетті қара сөз – прозаға да қалам тартты. Жазушының кестелі сөзі, орамды ойы, бейнелі суреттері көп жазушыдан көш ілгері еді. Мен өз басым Төлеген ағаның көркем прозасына тұшынушы едім. Суреткерлігі басым еді. Бойдағы қабілет пен ізденіс оны драматургияға да алып келді. Сәтсіз болған жоқ. Тың тақырыпқа жазылған туындылары театр сахналарында қойылды. Көсемсөзшілігі, ол – Төкеңнің алмастың жүзіндей өткір қыры болатын. Ол осы арқылы өзінің азаматтық позициясын, тұрлаулы көзқарасын, берік байламын, қатаң ұстанымдарын білдіріп отырды. Жалтақтамады. Ұлтын, қазағын сүйді. Әмісе, қаламгерге қайраткерлікті әкелетін де сол мінез. Қайсарлық, табандылық жазушыға тіптен керек мінез. Төлеген ағамызда сол жағы басым болды. Көпшіл, қарапайым қалпы кейбір оқшау мінезіне көлеңке түсірмейтін еді. Дегдарлығы болды. Өзінің және өзгенің де орнын жақсы білетін. Сыйластыққа жақсы, сырт мінезге қатаң еді. Ол осы принциптерінен айнымай, соған берік болып өтті. Өмірде де, әдебиетте де. Төлеген Қажыбаймен бір кезең көшіп бара жатқандай сезіледі. Енді жазушының екінші өмірі басталды. Ол – артында қалған жақсы аты мен өміршең шығармалары. Алдымыздағы ақ бурадай айбарымыз, абыздай ақылшымыз едіңіз, бақұл болыңыз, Төлеген аға! Қош, Көкшенің көк тұйғын құсы!

Ерболат БАЯТ.

Көкшенің көрнектісі
қайран Төкем

Айтатын тура қадап төтесінен,
Көкшетау айырылды Төкесінен.
Жалғанмен жағаласқан жан жай тауып,
Жабылды амал-дәптер беті осымен.

Бір жұлдыз ағып Көкше аспанынан,
Көз жазып қалды ақындар асқарынан.
Өлеңмен өзек жалғап өмір сүрген,
Жан еді туы биік бас қамынан.

Үлгісін өнеге етіп қалам алған,
Мен дағы айырылдым әз ағамнан.
Шырақтай мың күн жанған бір сәтте өшті,
Алдымда бағдаршамым дара жанған.

Сыншы еді сырын талдар түрлі өнердің,
Көркі еді сөз қадірін білген елдің.
Қасиетін тірісінде ұқпадық, деп,
Оның да сипалармыз жүрген орнын.

Көсілсе көмейінен бұлақ ағып,
Асылды ақтарушы ед сыбаға қып.
Ал енді еленбеген есті сөзді,
Іздесек табармыз ба шырақ алып.

Көкшеде кім бар? – десе, Төкем бар деп,
Жүруші ек, алаң болмай бекер қам жеп.
Көкшенің даласынан көшіп барад,
Бір басы бүкіл елге жетер дәулет.

Не керек енді көзден ағызған жас,
Ажалды ешкім соттап арызданбас.
Өлместей көрген қайран Төкеміз-ай,
Қайтейін, өлді деуге ауыз бармас.

Құдайберлі МЫРЗАБЕК.

Бақұл бол, асыл дос!

«Өнер алды – қызыл тіл» деп білетін қазақ жұрты, әр демімен, әр тынысымен өмірге келген сәтінен сүйіп өскен елі ардақты ұлынан, асыл ұлынан – Төлегенінен айырылды, қазанның бесінде көркем әдебиеттің бүгіндегі биік тұлғасы, сонау заманнан бері халық мұңын шертетін абыздардың бірі, сөзімен елін жұбатар асылымыз, Көкше топырағының көрнекті ақыны, жазушы, драматург, публицист Төлеген Қажыбай өмірден өтті. Бұл ауыр қаза біз үшін, әлемді тітіреткен соғыстан кейін жаңа ғана ес жиып жатқан елдің білімге құштар, Көкше елінің түкпір-түкпірінен ауылдағы орталау мектептен білімнің қара шаңырағы – Көкшетаудағы қазақ орта мектебіне келген қара сирақ ұрпақ үшін өтеуі жоқ дүние. Сөз мәйегін атасы Сыздық Төлемісұлынан қаныққан ол бізге ақындығымен, шешендігімен, турасынан тіліп айтар айтқырлығымен қадірлі-тін, сол кездің өзінде біз үшін тұлға еді. Сол кездегі қабырға газетінде басылған еңбектерін, тұңғыш кітабы «Жол басынан» басталған есепсіз еңбектерін, бар шығармаларын елдің арман-мұңын жазған сан-салалы дүниелерін жаттап өскен, өзі айтпақшы қатары сиреп қалған достары, қалған ғұмырымызда оның асыл мұрасын көпке таратуға еңбек етпекпіз.
Қош, асыл дос! Бұл дүниедегі асыл еңбегіңіз ұмытылмас деп сенеміз, ол дүниеде жайлы орын болсын!
Шабдан Тоқмұрзин, Әкімбай Ерғалиев, Сәбит Шағыров, Аманжол Есмағұлов, Жаңыл Мейрамова.

Жыр аспаны
қара жамылды

Қазақтың қабырғалы қаламгері, Арқаның абыз ақсақалы, ауылдас, тамырлас ағамыз Төлеген Қажыбай бақиға көшті. Жыр аспаны қара жамылды. Қош болыңыз, Төл-аға! Иманыңыз саламат, жаныңыз жәннатта болғай! Сіздей қайратты қаламгер Көкшенің маңдайына бұйырмас. Сізбен бірге бір дәуір көшкендей… Әттең, дүние-ай! Көкшетау еліне, артындағы туған-туысқандарына Қазақстан Жазушылар одағының атынан көңіл айтамыз. Қандай ауыр қаза?! Балалық-шалалықтарымыз болса, кешіріңіз, бақұл болыңыз, ардақты аға!

Алмас ТЕМІРБАЙ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий