Нағыз азамат

3 қарашада Көкшетауда жолда кетіп бара жатқан жігіттер мұз қатып үлгермеген Қылшақты өзенінде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды. Олар жайлы жылы хабар барлық әлеуметтік желілерге бірден тарады. «Бұл нағыз азаматтың ісі деп есептеген көкшетаулықтар,  екі жігіт те марапатқа лайық» деген еді. Айтқандай-ақ, күні кеше ғана облыс әкімі Мәлік Мырзалин батылдығымен жерлестерінің құрметіне ие болған Темірлан Шәріпбаев пен Жомарт Мардушевті қабылдап, көрсеткен жігіттік қасиеттері үшін алғысын айтты. Шара барысына Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты.

Құтқарылған бала Көкшетау қаласындағы №4 мектептің 3 «Д» сыныбының оқушысы Даниил Ертушев екен. Оған достары мұздың қаттылығын тексеруге кеңес берген көрінеді. Баланың анасы баласын аман алып қалған жігіттерге рахметін айтты. Өңір басшысы Даниилды да құр қол қайтарған жоқ. Баланы құтқарып қалғандардың бірі – 17 жастағы Зеренді ауданының тумасы Темірлан Шәріпбаев. Ол Көкшетауда «құтқарушы» мамандығы бойынша білім алып жүр. Болған оқиға туралы толығырақ кейіпкер мен оның әкесі жергілікті БАҚ тілшілеріне баяндаған еді. Бала кезінен құтқарушы болуды армандаған Темірлан бұл әрекетін батырлық деп санамайды. «Темірлан Зерендіде педагогтар отбасында өсті: мен жаттықтырушымын, анасы – мұғалім. 9 сынып бітіргеннен кейін Азаматтық қорғаныс көп салалы колледжіне түсті», – дейді жігіттің әкесі Талғат Шәріпбаев. Әкесінің айтуынша, ол жаттығудан келе жатып, өзеннің маңындағы адамдарды көрген. «Сол сәтте ол менімен телефон арқылы сөйлесіп келе жатқан. Маған баланың суға батып бара жатқанын және оны құтқаратынын айтты. Тіпті, телефонды сөндірместен кетіп қалды, мен бәрін естіп тұрдым», – деді ол. «Мен көпірдің үстімен үйге бара жатып төменде адамдарды және айқайлап жатқан баланы көрдім. Сонда жүгіріп бардым. Бала 8-9 жас-та, ол алдындағы мұзды жарып, суға ағып бара жатты. Мен мұзды жарып, оған қарай бардым. Біреулер арқан лақтырып жатты, бірақ су таяз болды. Кейін тағы бір ер адам келіп, онымен бірге баланы жағаға алып шықтық. Ол жігіттің есімі Жомарт Мардушев екенін кейін білдім. Абдырап қалмай, маған көмектескені үшін рахмет. Бір апай менің көліксіз екенімді көріп, мені колледждің жатақханасына дейін жеткізіп тастады. Онда мені комендант күтіп алып, жылы киім мен аяқ киім, шәй берді», – деді Темірланның өзі.  Екі батыл жігіттің жасаған ісі кім-кімге болса да үлгі. Осындай ержүрек қазақ жігіттерімен біз мақтануымыз керек.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий