Нағыз көнекөздің өзі едің ғой

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұрын аттарын атауға болмайтын, есімдері ұмытылуға айналған ұлт тұлғаларының елге сіңірген еңбектері, батырлығы, балуандығы, шешендігі, ақындығы, басқа да іс-әрекеттері жайлы қалам тарта бастадық. Атақты Абылайды хан көтергендердің бірі Атығай-Қарауылдың бас биі Қанай туралы Алматыдан Сейілбек деген азамат, басқа да қаламгерлер жаза бастаған сәтте «Оқжетпес» газетінің редакторы Нұрмұхамбет Ысқақов: «Қанай бидің өмірі тұтастай Көкшенің, қазақ хандығының тарихы емес пе. Ендеше, басқалар мұрындық болып жатқанда өзіміздің үндемей отыруымыз қисынсыз», – деп өкпе-назын айтты. Осы сөзді естіген мен іле-шала абызымыз Баян Жанғалов пен жазушы Естай Мырзахметовке «Ашық хат» жолдадым. Қысқасы, содан бір айдай уақыт өткенде Есағаңның «Қарауыл Қанай» атты мақаласы «Оқжетпес» газетінде жарияланды. Көпті көрген кемеңгер Баекеңнің, Баян Жанғаловтың тікелей басшылығы, ғалым Айтқажы Қазбеков, журналист Жанатай Бекенов, ғасыр құрдасы Өзбек ақсақалдың қолдауымен Зеренді ауданында алты ауылда қоныстанған ұрпақтары 1999 жылғы 14 тамызда Ұялы ауылының іргесіндегі «Солдат» көлі маңында Қарауыл Қанай бидің туғанына 300 жыл толуына арналған үлкен ас берді. Ат шабыс, балуан күрес, басқа да ұлттық ойын түрлері орындалды. Асқа жиналғандар алдында Еуразия университетінің профессоры Серік Негимовтың «Қарауыл Қанай би және ХVІІІ ғасырдағы Қазақстандағы тарихи оқиғалар» атты ғылыми баяндамасы, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғаловтың, жазушылар Сәкен Жүнісов, Естай Мырзахметов, Сарбас Ақтаев, Төлеген Қажыбай, Жабал Ерғалиевтің жалынды сөздері ел есінде қалды. Әзіл-оспағы жарасып, отырыстың ажарын ашатын Байекеңнің: «Сендер мына Айдос күйеулеріңе Қанай атамыздың тағы бір қызын әперсеңдер де аздық етпес», – деп, дүйім жұртты күлкіге қарық қылғаны есімде.
«Ауылыңда ақылды қарияң болса ерттеп мінген атқа тең» – дегендей, Есағаңның барында ол кісінің көзі шалмаған тарихи, әдеби шығармаларды баспаға ұсына беруге қымсынатын едік. Бірде мен Қарауыл Жақсылығына жататын Қосағалы батыр туралы естелік мақала жазып Есекеңе көрсеттім. Әдеттегідей қара қарындашын қолына алып, тамсана бетіме қарап: «Осы Қосағалы батыр деген болған ба», – деді.
– Әрине, болған, – дедім.
Сәл ойланып отырды да: «Жұрттың, Жақсылық Қарауыл деп жүретіні осы Қарауылдың Жақсылығы емес пе» – деді.
– Мен: Ия, ия, Есеке шежіреңізден қарап жіберіңізші, Есенбайдан
– Әлімбет, одан Жақсылық, бәйбіше-сінен Баян, Түгел, Баяннан Алдас, Төлек. Дәл осы Төлек, үш мың жыл-
қы біткен бай Төлектің баласы Қосағалы батыр. Төлектің бай атануы Ақтабан шұбырындыда жадап-жүдеп келген ағайындарға тегін көмек көрсеткендіктен болса керек. Зираты Жаман Жалғызтау маңында. Ал, Қосағалының зираты Азат тауында, құлпытасы бар.
Әрлі-берлі тексеріп отырды да бұл оқиға шамасы Уәлі ханның заманы кезінде болар, Абылай батырларының арасында Қосағалы жоқ қой. Әлі де болса зерттей түсу керек болар деп баспаға беруге аса қарсылық жасамады.
Сол сияқты менің шығарма-ларымның ішінде оқырмандар арасында үлкен қызығушылық танылып, жақсы баға, пікірлер туындатқан, немесе көркем шығарма жайлы танымның иісі – мұрындарына бармайтын кейбіреулердің қызыл көз, іш тарлықтарын оятқан шығарма – Жаулыбайдың Дүйсен құсбегінің қыран бүркіті «Алабас» туралы этнографиялық, эпикалық тұрғыда жазылған дастан еді. Дастанды жазып болғаннан кейін машинкаға бастырып алдымен Төлеген Қажыбайға оқытып, ол екі күн қарап 2005 жылғы 4 маусымда өз пікірін айтты, портрет аздау, ептеп портрет те беру қажет деді. Сонсоң 7 маусымда Е.Мырзахметовке апардым. Ол кісі бір жұмадай қарайын, хабарласып тұрарсың деді. Содан әртүрлі жайларға орай жарты айдай уақыт өткенде Есекең шақырып, біраз пікірлесіп, асықпай қарап, сәл түзетулер енгізіп: «Алабас» өлімге қиятын құс емес екен, мені тыңдасаң өлген жерін алып тасташы, сонда поэма өте әсерлі болады, – деп кеңесін берді. Қысқаша айтқанда, біраз түзетулер мен ақыл-кеңестерден соң «Бұқпа!» газетінің 2006 жылғы 5 қаңтардағы нөмірінде бірінші рет үзінді жарияланды. «Оқырман қауым жақсы қабылдады. Жалғасы «Бұқпа» газетінің одан кейінгі нөмірлерінде жариялады. «Ақан серінің «Көкжендет» қаршығасы туралы жазған өлеңді Үкілі Ыбырайдың бірауыз өлеңіндегі көкжендетпен шатастырып оны сан-саққа жүгірткендер де болған, ал сенің жазған «Алабасыңа» арсыздар ғана таласады. Сен енді олармен сөз талас-тырма, қадірің кетеді», – деген еді. Бұл көпті көрген нағыз зиялының сөзі ғой. Қуатты, адал қаламгер екендігіне сонда көзім жеткен-ді.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ.

Естай Мырзахметов: Халқының бақытты болмағы – ханынан, ханының қадірлі болмағы қалпынан. Халқының бақытты болғаны игі, ханының қадірлі болғаны игі.

Көкшенің абызы, Еңбек Ері Баян ЖАНҒАЛОВ:

Кейінгі жылдарда Естайдың газеттер бетіне шыққан мақалаларын қиып алып, жинай беріппін. Соның ішінде Абылай хан, Қанай шешен, Кенесары хан, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Шөже ақын сияқты тұлғаларды көтеріп әкеліп ел қатарына қосқандай игілікті еңбегі Естайдың кеңінен ойлап, тереңнен толғанатын абзалдығын көрсетіп тұрғандай.

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗА:

Естайды мен соңғы рет Бурабайға таяу Бұланды ауданында «Красный Кардон» деген жерде Балуан Шолаққа 2005 жылы ескерткіш қойылғанда көрдім. Қасында аса ибалы әлі көркем бәйбішесі бар еді. Сөйтсе, сол Балуан Шолақ баба Естайдың жақын нағашысы болып келеді екен. Ескерткіштің авторы менің аталас інім Салауат Дембаев еді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік НЕГИМОВ:

Әр елдің мерей-мәртебесін, абырой-дәрежесін асқақтата көрсетіп, көркейтетін бетке ұстар көшелі кісісі, яғни сөз ұстар көрегендісі, үлгілісі болады. Өзгелер үшін айбын, елі үшін құт. Оның ойы да, сөзі де, ісі де өнеге, өзгеше сабақ. Сондай адамның абзалы, ардақтысы – жазушы
Естай аға Мырзахметұлы.

Көкшетау қаласының тұрғыны, отбасылық досы Күлшекер КӨКІШЕВА:

Жас келіп, айналадағы тұрғыластарыңнан айырылған соң өткен өмірдің барлығы сағым болып бұлдырап, сағыныш боп тербетеді. Сол шақта Есағаң, Гүлкең секілді аяулы да, абзал адамдармен дос-жар болып, өмірімнің ең тамаша шақтарын бақытты өткізгенімді құдай қосқан қосағым Қаматай Көкішевтің арқасы деп білемін.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс