Нақтылы қолдау болмайынша…

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс бабымен 3 наурызда Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әсіресе, отандық өндірісті дамыту, жергілікті өнімдердің нарықта бәсекелестігін арттыру, кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесіне айрықша көңіл бөлінді.

Алдымен өңір басшысы Сергей Кулагин жақында пайдалануға берілген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің көппәтерлі «Ғалымдар» үйін аралап көрді. Білім шаңырағының бір ғимараты ғалымдарға арналған 26 пәтерлік қызметтік баспана болып қайта жаңартылды. Университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың айтуынша, ғалымдар үйі оқытушыларға тұруға және ғылыммен айналысуға қолайлы. Мұнда негізінен магистранттар, докторанттар мен профессорлар тұрады. «ТауКон»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехын аралап көрген облыс әкімі С.Кулагин мұндағы жұмыс сапасына, қолданылып отырған жаңа технологиялар жүйесiне назар аударды. Серіктестік директоры Марат Сәрсеновтың айтуынша, әзірге кәсіпорын кондитер өнімдерінің 30-ға жуық түрін дайындайды. Цех жұмысын бастамай тұрып сала мамандары шетелде арнайы тәжірибеден өткен. Бизнес бір орында тұрмайды. Цехтарда жаңа автоматты желілерде неше түрлі өнімдер жасалуда. Бұл өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне, Ресей нарығына шығаруға мүмкіндік береді.

Бұдан соң өңір басшысы «Зеленстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Геннадий Осиненко өңір басшысына жазғы маусымда қаланы көгалдандыру, соның ішінде гүл көшеттерін отырғызу, қайта жаңғырту жұмыстары туралы баяндады. Облыс басшысы болған «Жасыл Ел НС» серіктестігінің жылыжайларында өсірілген гүлдердің көшеттері топырақ жылынғаннан бастап қаланың гүлзар бақтарына отырғызылады. Бұл іске білікті мамандар жұмылдырылған. Кәсіп-
орынның жұмыс көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Соған орай, адам күшін де көбірек қажет етеді.

Облыс әкімі «Арман» тоқыма фабрикасында осындағы дайын өнімдермен танысты. Беларусь тоқымасынан еш кем емес, сәнді, тігісі мықты. Өңір басшысы заман көшінен қалмай өмір талабына сай отандық өндірісті нығайту жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұжымға ризашылығын білдірді. Фабриканың бүгінгі тыныс-тіршілігінен байқағанымыз, тапсырыстардың тұрақсыздығынан кәсіпорын өз қуатын толық пайдалана алмай отыр. Негізінен мектептерден түскен тапсырыс-тармен шектелуде. Облыс әкімімен ашық пікірлесу барысында кәсіпорын директоры Татьяна Басан Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесудің оңай еместігін алға тартты. Өйткені, олардың киім-кешегінің сапасы айтарлықтай жоғары болмағанымен, бағасы қолжетімді. Кәсіпорын отыз жыл бұрынғы құрал-жабдықпен жұмыс істеп келеді. Әсіресе, шикізатты өңдеу цехына жаңа жабдық қажеттігі білінеді. Кәсіпорынды техникалық жағынан жаңартпайынша, өндірілетін өнім көлемін ұлғайту мүмкін емес. Бұл орайда өңір басшысы С.Кулагин бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге бағытталған кәсіп-орынға барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі «Оқжетпес» футбол клубының басшыларымен кездесті. Клуб директоры Николай Панин футбол маусымына дайындық туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жаттығулар жақсы деңгейде өтті, жаңа автобус, спорттық киім, басқа да құралдармен қамтамасыз етілген. Ойыншылардың барлығы жаңа маусымға дайын. Кездесу аясында өңір басшысы жанкүйерлердің футбол маусымының басталуын тағатсыздана күтіп отырғанын және командадан тартысты, әсерлі ойынды күтіп отырғанын атап өтті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий