Нақты жауаптар берілді

 

 Қала әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Зейнеткерлер Петр Кузьменко мен Раиса Нұртаева саяжайды екінші үйіндей көретін жандар. Қарияларды Зеренді бағытындағы учаскелерге қоғамдық көліктердің қатынауы қызықтырады. Соңғы жылдары саяжайларға үй салып, қоныстанып жатқандардың саны өсті. Қазір онда 350 отбасы тұрады, оның 18-і балалар. Қалалық әкімшілік оқушыларды мектепке апарып, алып келетін көлік бөлген. Бірақ қариялар сол бағытқа жүретін автобустарды мерзімінен бұрын жүргізуді сұрады. Қоғамдық көліктер мамыр айынан бастап қана жіберіледі, ал саяжайлардағы талдардың көбі оған дейін өліп қалады. Қала әкімі бұл күрделі мәселе екенін, шаһар ұлғайған сайын әр бағытқа автобус қатынасын реттеу қажеттігін алға тартты. Дегенмен жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме басшыларымен ақылдасып, саяжайларға қоғамдық көліктер сәуірдің 1-і мен қарашаның 15-і аралығында жүретіндей реттеуге уәдесін берді. Саяжайлардағы ұрлық мәселесі де көтерілді. Ол да назарға алынатын болды.

Кооперативтердің инфрақұрылымын дамыту жайы да сөз болды. 2001-2013 жылдарға арналған бау-бақшаны дамыту бағдарламасы шеңберінде бюджеттен бұл мақсатқа қаржы бөлінген жоқ. 2014 жылы Зеренді бағытындағы «Удачник» пен «Березка» және Красный Яр бағытындағы «Сельхозтехника» кооперативтерінің электр желісі қалыпқа келтіріліп, көшелері жарықтандырылып, трансформатор орнатылған еді. Тұрғындар одан көбірек учаскені қамтуды сұрады. Қала әкімі алдағы уақытта барлық ведомстволық орган өкілдерін қатыстырып, жиын өткізетінін айтты. Сонда жан-жақты талқыланады.

Екінші топтағы мүгедек Гүлнәр Хамзина баспана жайын білуге келіпті. Екі баласымен жалдамалы жер үйде тұрады. Жүріп-тұру қиындап кеткендіктен, көпқабатты үйден пәтер алуды жеделдеткісі келеді. Қазір 1552-ші болып кезекте тұр. Ермек Боранбайұлы егер оның тұрған үйі жарамсыз деп танылса, комиссияның шешімімен баспана жайын шешуге болатынын айтты.

Елена Хан Көкшетау қаласындағы Садовая көшесінде орналасқан 19-шы үйдің жерін жекеменшігі санап келіпті. Көп жыл бойы «ТрестКөкшетаустрой» ұйымында жұмыс істеп, осы учаскеге қол жеткізген. Алайда, 2017 жылы ол жердің иесі аяқ астынан табылып, бұған аумақтан бойын аулақ ұстауды талап етіпті. Ал, Еленаның жер иесі екенін дәлелдейтін құжаттары жоқ. Дегенмен мұрағатты ақтарып, өзіне бұл жер учаскесі кезінде берілгенін көрсететін қағазды тауып алыпты. Мұндай жағдайлар жиі орын алады дейді жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Рауан Исин. Сондықтан мұндай даулар тек сотпен шешіледі. Қала әкімі бұл мәселені назарға алып, әйелге көмек беріледі деді.

Ал, базар маңына павильон қойып, сауда жасағысы келетін ерлі-зайыпты Рахматуллиндерге ондай орындар байқау, аукцион арқылы жүргізілетіні және оған еш шектеу қойылмайтыны айтылды.

№1 мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Руслан Абдрашитов білім ошағының ауласында спорт алаңын салу мәселесімен келіпті. Алайда, бұл мүмкін емес. Өйткені, мұндай құрылыс нысандары тек үй аулаларында ғана тұрғызылады.

Қала әкіміне қабылдауға келген әр тұрғынның өтініш-тілегі тыңдалып, нақты жауап берілді.

                                                   Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ. 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий