Нысандар уақытылы тапсырылуы тиіс

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Көкше» телеарнасында өткен «Әкім сағаты» бағдарламасында қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап көріп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.

Өңір басшысы алдымен «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болды. Аталған үй тұрғындарының айтуларына қарағанда, баспана 2016 жылы қолданысқа берілгенімен, осы күнге дейін лифтісі іске қосылмаған. Тұрғындар тоғызыншы қабатқа баспалдақпен жаяу көтерілуге мәжбүр. Бұл әрине, жоғары қабаттағы тұрғындарға, әсіресе, зейнеткерлерге қиындық туғызуда. Тұрғындар бұл мәселені алға тартып, қала басшылығынан бірнеше мәрте көмек сұраған. Облыс әкімі лифтісіз тоғыз қабатты тұрғын үйді қабылдаған жауапты тұлғалардың әрекетін сынға алды. Қала басшылығының мәліметіне қарағанда, лифтіге жауапты мердігер ұйым өздеріне жүктелген жұмыстарды толық аяқтамаған. Лифтінің сыртқы қаңқасын ғана орнатып, көзбояушылық жасаған. Қазіргі уақытта қалалық әкімдік лифтіні толық  іске қосуды қолға алып отыр. Бұған 1,5 миллион теңге көлемінде қаражат тартылмақ. Бұл жұмыстар 15 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Өңір басшысы Әуезов көшесінің бойында салынып жатқан жаңа тұрғын үй құрылысымен танысты. Бұл үйдің құрылысын жүргізіп жатқан бастапқы мердігер істі болып, жұмыс аяқсыз қалған. Енді жаңа мердігер анықталып, қарашадан бастап жұмыстарды қайта жандандырмақ. Қазір құрылыс материалдары жеткізілуде. Көп пәтерлі үйді келер жылдың мамыр айында іске қосу көзделіп отыр. Мердігерлердің жауапсыздығынан құрылысы бас-талмай жатып, аяқсыз қалған тағы бір нысан Красный Яр кентіне апарар тас жолдың бойында салынып жатқан оқу-тәрбие кешені. Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталып, кейін екі жыл тұралап қалған. Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап, жұмыс жандана бастаған. Мердігер компания өкілдері құрылыс келер оқу жылына дейін аяқталады деп отыр. Қазіргі уақытта нысанның қазығы қағылып, іргетасы құйылуда. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы мердігерлерге жұмысты ширатуға, сала басшыларына оны бақылауда ұстауды тапсырды. Әкім осы аумақтағы жол бойындағы қоқыс үйінділерін сынға алды. Қала тазалығын қамтамасыз етуде нақты тапсырмалар жүктеді. Қоқысты арнайы орнатылған жәшіктерге тастамайтын тұрғындарды жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартты.

Сапар барысында облыс әкімі Ақан сері көшесінің бойындағы жиырмадан астам ескі жер үйлерді сүру жұмыстарын, Есенберлин көшесінің бойында өткен жылы пайдалануға берілген спорт алаңын барып көрді. Бұл спорт алаңы да мердігерлердің сапасыз жұмыстарының салдарынан бір жыл өтпей жатып, пайдалануға жарамсыз болған. Яғни, жасанды жамылғылары қопарылып, жыртылған. Қала әкімінің мәліметінше, жауапты мердігер ұйым өткен жылы облыс орталығында барлығы он үш спорттық және сегіз балалар алаңын салған екен. Осы орайда, облыс әкімі қала басшылығына дереу мердігер компанияны тауып, қарашаның ортасына дейін спорт алаңын қалпына келтіруді міндеттеді. Сондай-ақ, осы мердігер компания салған басқа да спорт және балалар алаңдарына бақылау жүргізуді тапсырды. Сапарды қорытындылаған облыс басшысы қала тұрғындары көтерген барлық мәселе басты назарда ұсталатынын жеткізді.

Ә.Құлжанова.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий