«Нұрлы жол» – өміршең бағдарлама

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұржан Әлібеков көпшілікті аса толғандырып отырған өзекті мәселе баспана алудың жолдарын түсіндіреді. Банк маманы тұрғындарға «Нұрлы жол» бағдарламасымен баспананы төменгі пайызбен несиеге қалай сатып алуға болатыны және арзан тұрғын үй сатып алу үшін жинақ ақшаны қалай сақтау керектігі туралы айтып берді.

Еліміздің экономикалық қуаты артып, халқымыздың әлауқаты жақсарған сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны өсіп, ауқымы да кеңейе түсуде. Бірақ, әлі де еліміздің аз қамтамасыз етілген топтарын және жас отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуде орын алып отырған проблемалар жетерлік. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен биыл елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, салынған кредиттік тұрғын үйлердің 50 пайызы жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында бөлінуі тиіс. Оның үстіне, олар аталған банктің салымшылары болуы керек. Қалада жылдар бойы пәтер жалдап, бір баспанаға зар болып жүргендер аз емес. Осылайша, олардың ай сайынғы тірнектеп тапқан табысы өзгенің қалтасын қампитуда. Үйсіз жүрген жастардың көпшілігінде қаржы жоқ, тіпті несие алу мүмкіндіктері де шектеулі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының жеңілдікпен берілетін кредиттерінің өзіне де кез келгеннің қолы жете бермейді. Қабылдауға келген қала тұрғыны Зоя Таткенова баспана кезегіне тұрып, банктен депозит ашқанымен, пәтер жалдап тұратындықтан, тиісті қаражат жинау қиындау болып тұрғанын алға тартып, баспанаға қол жеткізудің жолдарын сұрады. – Кей отбасылардың қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ екендігін түсінемін. Алайда, банк арқылы баспана алудың ең басты жолы – салымшы болу. Қаражат жинағандардың ғана пәтер алуға мүмкіндігі бар. Биылдан бастап жүзеге асырылатын «Нұрлы жол» бағдарламасымен біздің банк арқылы пәтер алу үшін жылдап кезекте тұрудың қажеті жоқ. Яғни, клиенттердің төлем қабілеттері болса, онда олар бірден аталған жобаға қатысу үшін өтініш жасап, 1-2 немесе 3 бөлмелі баспана иесі атана алады. Олар үшін пәтердің әр шаршы метрі 100 мың теңгені құрайды. Бұған дейін пәтерлердің 50 пайызы жергілікті атқарушы органдарға кезекте тұрғандарға, 50 пайызы банк салымшыларына беріліп келді. «Нұрлы жол» бойынша баспана алу үшін міндетті түрде алатын пәтер құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Айталық, 1 бөлмелі пәтер құны 4 миллион теңгеге жуықтаса, 1 миллион 200 мың теңге қаражат жинауға тиіссіз,–деп түсіндірді Нұржан Әлібеков. Осыдан төрт жыл бұрын банктен депозит ашқан Еркін есімді қала тұрғыны жыл сайын пәтер бағасы шарықтап өсіп жатқанын, әрі өзі пәтер жалдап тұратындықтан банк талап еткен соманы жинау мүмкін емес екендігін алға тартып, кеңес сұрады. – Банк арқылы немесе жергілікті атқарушы орган арқылы баспана алуға қатысуға болады. Егер банк арқылы қатыссаңыз, пәтер құнына сай жинау салымы болуы тиіс. 1 бөлмелі пәтердің 1 шаршы метрі 100 мың теңге, яғни, 46 шаршы метр 1 бөлмелі пәтердің құны 4 миллион 600 мың теңгені құрайды. Осы ретте салымшы 2 миллион 300 мың теңге жинақтауы тиіс. Негізі пәтер құнының 50 пайызын жинау керек. Алайда, пәтердің толық сомасын жинағандардың баспана алуға мүмкіндігі жоғары екенін баса айтқым келеді. Бұрын жергілікті атқарушы органдарда тізімде тұрғандардың алдыңғылары пәтер алып келді. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында банк салымшылары арасындағыдай конкурс өткізіледі. Егер сіз кезекте 500-ші болып тұрсаңыз да депозитте жинаған қаражатыңыз болса пәтер алуға мүмкіндігіңіз де жоғары болады. 3 мың адам кезекте тұғанымен, олардың барлығының бірдей банктен депозит ашпағаны белгілі. 2017 жылы Көкшетаудағы Абылай хан даңғылы, «Сарыарқа» мөлтек аудандарында 216 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бұл пәтерлердің кілті тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің» клиенттеріне беріледі. Яғни, сатып алушының міндетті түрде аталған банкте есепшоты болуы керек. Және онда жылжымайтын мүлік құнының 30 пайызы болуы шарт, – дейді Н.Әлібеков.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс