«Нұрлы көш»: проблема жеткілікті

Көкшетау қаласындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда «Нұрлы көш» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Отырысты кеңестің төрайымы Зәуреш Нұрымова жүргізіп отырды. 

Бағдарлама бойынша алғашқы қоныс аударушылар легі 2009 жылы баспанаға қол жеткізген. Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының берген мәліметі бойынша 274 үйдің тек 154-інде ғана жалға алу келісімшарты бар екен. Мұның себебі «Нұрлы көште» тұратын тұрғындардың осындағы үйлерге көңілдері толмайтындығымен түсіндірілді. Алайда, қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса тұрғындар осы үйлерге жөндеу жүргізу туралы келісімшартқа қол қойып, еш наразылық танытпағанын айтады. Мамандар штатта заңгердің болмауы келісімшарт жасауға тосқауыл болып отырғанын және тұрғындардың бірқатары тұрғын үйді жалға алып отырғанын, ал олардың нақты иелері шетелде екендігін мәлімдеді. Сонда баспанаға нақты мұқтаж жандар кезекте тұр, ал бағдарламаны пайдаланғандар тұрғын үйді басқа мақсатқа пайдаланған. Әңгіме барысында жиналғандар бағдарламадағы басқа да күмәнді тұстарды алға тартты. Қоғамдық кеңес нақты шешім қабылдаған жоқ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне Красный Яр әкімдігі, заңгерлер, прокуратура органдарымен бірге үйді заңсыз пайдаланып отырған тұрғындарды анықтап, орын алған жағдайды тағы бір тексеруді тапсырып, тек осыдан соң қажетті шара қабылдауды ұсынды. Отырыста «Бизнес-
тің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалуы да сөз болды. Жиналғандар З.Нұрымованың кәсіпкерлік бөліміне жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету, шағын және орта бизнес өкілдеріне екінші деңгейлі банктерден кредит алу мүмкіндіктерін БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі ұсынысын бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, кеңес мүшелері кәсіпкерлердің алған қаражатты мақсатты пайдалануына бақылау жасау қажеттігін айтты. Жер реформасына қатысты мәселе назардан тыс қалған жоқ. Зәуреш Олжабайқызы жер мәселесін түсіндіру үшін қалалық әкімдік арнайы жұмыс тобын құру қажеттігін жеткізді. Бүгінгі күні мамандар тұрғындармен 40-қа жуық кездесулер өткізіп, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар таратылған. Бұған еңбек ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, мемлекеттік қызметшілерден құралған 6 мың адам тартылған. «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Көкшетау қалалық мәслихатының сайтында тұрғындардан келіп түсетін өтініштер үшін жеке блог құрылған. Жақын күндері қоғамдық кеңес жер заңнамасын түсіндіру бойынша Красный Яр селосы мен Станционный поселкесінде көшпелі мәжіліс өткізуді жоспарлап отыр.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс