Нұрға бөлеген әз Наурыз

 

Жер-ана жаңарып, айналасына  өз шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күнін көкшеліктер де ерекше көңіл-күйде атап өтті.

Наурыздың ақша қары ақшуақ әсер сыйлаған жұрт орталық алаңда бір-бірін арқа-жарқа құттықтасып жатты. Наурыз мерекесі «Тарих керуені» атты театрландырылған көрініспен басталды. «Рухани жаңғырумен» ашылған шара «Алтын адам», «Томирис», «Қыдыр ата», «Наурыз көже», «Көкше ақындары», «Қазақстан халқы ассамблеясы», «Қазақстан жастары» және «Ел жүрегі – Астана!» көріністеріне ұласты. Татулық пен тұрақтылықтың символы – тайқазан көтерген батырлар, тоқшылық пен ырыстың жоралғысы ретінде әзірленген қасиетті ас – наурыз көженің көпшілікке ұсынылуы, жүзден аса домбырашының Құрманғазының «Адайын» орындауы көптің көңілінен шықты. Арнайы әзірленген мерекелік композицияға 1500 адам тартылды. Осылайша, тарих пен дәстүр сабақтасып, өзара әсем үйлесім тапты. Қос етек көйлек, бүрмелі камзол киіп, талшыбықтай бұралған қыздар қазақтың салт-дәстүрлерін әсерлі бейнеледі. Күмбірлеген күй мен мың бұралған би, асқақтата салған ән бірінен соң бірі алмасып, мереке көркін қыздыра түсті. Абылай хан алаңын бойлап тігілген киіз үйлерде қазақы дәстүрмен дастархан жа-йылды. Халыққа тегін наурыз көже таратылып, ел ақ пен наннан ауыз тиіп, молшылыққа шүкіршілік етіп жатты. Кариялар жағы бата беріп, елдің береке-бірлігін тілесті. Бұл күні «Бауырсақ Раty» байқауы да ұйымдастырылды.

Наурыз мерекесін атап өтуге келген қауымды облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтады. Ол өз сөзінде мерейлі Наурыз мерекесінің туған Отанымыздағы татулық, бірлік, берекені одан әрі нығайта түсетінін, мемлекетіміздің алдағы межелі биіктерді алуға күш-жігерін толықтыра, көпұлтты халқымызды ортақ мақсаттарға жұмылдыра түсерін айтып, соңғы уақытта облысымыздың қол жеткізген кейбір жетістіктеріне тоқталып, әр отбасына амандық-саулық, жақсылықтар тіледі. Барлық игі тілектер бұл күні ортаға тасталды.  Абылай хан алаңында 11 киіз үй тігілді. Киіз үйлерді жағалап, дәмнен ауыз тиіп жүрген жұрттың қарасы көп болды. Бұл күнi алаңда ұлттық болмыстың үздiк көрiнiстерi салтанат құрды. Қаз-қатар тiгiлген аңшаңқан үйлер аясында бозбала мен бойжеткен әндете тербетiлген алтыбақан,  құмай тазы, қыран құс ұстап, сұлу сәйгүлiк ерттеген жiгiттер қараған көздi сүйсiнттi. Мереке барысында халқымыз көзінің қарашығындай сақтаған ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тапты. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ұлыстың ұлылығын, дархан халықтың гүлдене түсуін тілеп, жаңару мен жанданудың ән бесігін тербеген Наурыз мейрамын шат-шадыман көңілмен қарсы алды. Жиналған жұртшылық
аудан өнерпаздарының дәстүрлі ән мен тебірентер термесінің, мың бұралған биінің, сонымен бірге, «Тұсау кесу», «Бесікке бөлеу» секілді ұлттық дәстүрлердің куәсі болды.

Спортсүйер қауым  Тәуелсіздік алаңындағы сайыстарды тамашалауға асықты. Қол күресі, қой көтеру, аударыспақ, асық ату, кір тасын көтеруге құлшынған білектілер мен жүректілер де осында. Әсіресе, қой көтеру сайысын тамашалаушылар көп болып, тартысты бәйге жеңімпаздарынан ықыластарын аямады. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мереке күні қазақстандық эстрада жұлдызы Әлішер Кәрімов көкшеліктер үшін өнер көрсетті. Халық серуендейтін барлық жерлерде ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, мерекелік бағдарламалар, конкурс-тар, ойындар, түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Жұртшылық қас қарайғанша алаңдағы қызықтарды тамашалап, тарқамады.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий