Нұрға бөлеген әз Наурыз

Жаңару символына айналған Наурыз мейрамы жыл санап елімізде жаңаша леппен тойланып келеді. Бұл мерекеге деген халықтың ықылас-ниеті ерекше. Жер-ана жаңарып, айналасына өз шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күнін көкшеліктер 21 наурызда ерекше көңіл-күйде атап өтті. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған ата-бабаларымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін!

DSC_5590

 

Ұмай ана бастаған қасиетті төрт ана ортаға шығып, «Аластау» немесе «Тазару, жаңару» рәсімін хореографиялық композиция арқылы көрсетті. «Тәуелсіз ел» хореографиялық композициясына ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Қазақтың ақпейіл көңілі мен ағыл-тегіл дастарқанындай болған салтанатты көш халыққа өздерінің ізгі тілектері мен ниеттерін жеткізді. Көктемнің жарқын бейнесін әсерлі жеткізген гүлмен көмкерілген қыз-көктем театрландырылған көрініс сәнін келтірді. Осылайша, дәстүр мен салт сабақтасып, өзара әсем үйлесім тапты. Қос етек көйлек, оқалы қамзол киіп, талшыбықтай бұралған қыздар қазақтың салт-дәстүрлерін әсерлі бейнеледі. Бұдан кейін күмбірлеген күй мен мың бұралған би, асқақтата салған ән бірінен соң бірі алмасып, мереке көркін қыздыра түсті. Бабаларымыз жаңа жылда “тепе-теңдік”, “игілік көзін ашу”, “жаңару” секілді үш ырым орындалса ғана, ел мен жерге құт дарып, береке мен бірлікке толы жыл болады деп есептеген екен. Мерекелік бағдарламада осы ырымдарға ерекше орын берілді. “Күн ана жарылқа!” деп Күнге сәлем беру және бәле-жаладан арылтуда оттың киелі қасиетіне сенуден туған “аластау” рәсімдерін мерекеге жиналған халық қызыға тамашалады. Мереке күні Бауыржан Базарбай және Бақытжан Базарбай есімді тәй-тәй басқан қос бөбектің тұсауы кесіліп, қадамына сәттілік тіленді. Сәбилердің ата-аналары Жақсылық пен Айгүл Сейітниязовтар да сахна төріне көтерілді. Бүгінде халық жадынан шығып, ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатын көздеген бұл қойылымдар жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Ата-баба жолымен “Қыдыр атаның ақ батасы” жасалып, шашу шашылды. Тәуелсіздік алаңын бойлап тігілген киіз үйлерде қазақы дәстүрмен дастарқан жайылып, Наурыз көже жасалды. Тұрғындар көже ішіп, қасиетті жеті астан ауыз тиді. Кариялар жағы бата беріп, елдің береке-бірлігін тілесті. Наурыз көже ұлық мерекенің басты нышаны болып саналатынын бәріміз білеміз. Бұл тағамды дайындау тәсілінің өзіндік мәні бар. Мәселен, Наурыз көже жеті түрлі дәмнен пісіріледі. Бір қазанда біте қайнаған осы дәм қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты халықтың бірлігінің, достығының нышаны іспетті», – дейді Көкше жерінде бір атаның
баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері. Көкшетау қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен табысы төмендер санатына жататындар да мерекелік дастарқаннан дәм татты.

Бұл күнi алаңда ұлттық болмыстың үздiк көрiнiстерi салтанат құрды. Қаз-қатар тiгiлген аңшаңқан үйлер, аясында бозбала мен бойжеткен әндете тербетiлген алтыбақан, құмай тазы, қыран құс ұстап, сұлу сәйгүлiк ерттеген жiгiттер қараған көздi сүйсiнттi. Халқымыздың көзінің қарашығындай сақтаған ұлттық салт-дәстүрлер де көрініс тапты. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ұлыстың ұлылығын, дархан халықтың гүлдене түсуін тілеп, жаңару мен жанданудың ән бесігін тербеген ұлық мейрамын шат-шадыман көтеріңкі көңілмен атап өтуде. Ұлыстың ұлы мерекесін бірге тойлауға жиылған халықта есеп болмады. Мерекеде ұлттық құндылықтар насихатталса, әдебиет, өнер саласындағы қайраткерлер мен батыр аналар марапатталса деген тілектер айтылды. Бар жақсысын киінген адамдар жарқын жүзбен, көтеріңкі көңілмен амандасып, бір-бірін шын пейілмен құттықтап жатты. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер жанында бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақанда тербелсе, ақ жаулықты әжелер мен апайлар ұлттық тағамдар пісіріп, әз Наурыз мерекесінің басты асы – дәмділігі тіл үйіретін наурыз көже таратты.
Мерекелік концерттік бағдарлама жергілікті өнер шеберлерінің ән шашуына ұласты. Сондай-ақ, мерекелік шарада арқан тартыс, қол күрес, гір көтеру, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорттық ойындардан сайыс өткізілді. Сөз орайы келгенде мерекені өткізуге дайындық қалада ерте басталғанын айта кету керек. Облыс орталығы бұрын-соңды болмаған ерекше ұлттық нақышқа бөленіп, орталық көшелердің бойындағы наурыз нақыштары қала тұрғындарына ерекше бір жақсылықтың, үлкен бір мерекенің келе жатқанын аңғартқан-ды. Ұлттық салт-дәстүрімізді айғақтайтын мүсіндер тұрғындарға да, қонақтарға да тамаша көңіл-күй сыйлағаны ақиқат. Қысқасы, биылғы қаланы Наурыз мерекесіне орай безендіруде ерекше бір нақыш пен бірізділіктің бары байқалды. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар Красный Яр селосы мен Станционный поселкесінде де өтті. Ұлық мереке, осылайша, еліміздің әр өңірінде ерекше сән-салтанатпен тойланды. Күн мен түн теңелетін, Самарқанның көк тасы жібитін бұл кезеңде қазақша жыл басы кіреді. Сондықтан, Наурыз ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған.
Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс