Нұрғожа сырнайшы

Жаз сайын ауылға облыс орталығындағы педагогикалық институттан студенттік құрылыс отряды келеді. Біз оларды асыға күтіп жүреміз. Өйткені, олар гитара тартады, қосылып ән салады, би кештерін өткізеді. Араларында мықты спортшылар болады. Бокс-тың былғары қолғаптарын да солардан көріп қаламыз. Киімнің неше түрін киетін сәнқойлары да кезігеді. Сөздері, сөйлеу мәнерлері, мінездері әртүрлі. Телевизор да көрсетпейтін ауыл балалары үшін олар басқа бір әлемнен келгендер
сияқты көрінеді. Қарнымыз ашқанына қарамастан, үйге тарқамастан соларды айналсоқтап жүреміз. Сөйтіп жүріп бірдеңелер үйренеміз де: бокстың бір соққысын, гитараның бір аккордын, шаш үлгісін…
Бір жолғы отряд құрамында мінез-құлқы өзгешелеу Нұрғожа есімді жігіт келді. Оның ерекшелігі келген күннен басталды. Кешкі тоғыздағы ауыл клубындағы киноға Нұрғожа қолтығына баянын қолтықтап кірді. О несі? Таңбыз. Клубымыз тәп-тәуір. Екіжүздей адам сыяды. Еңселі. Кино басталды. Кешкі киноға «қарасирақтарды» кіргізбейді. Сырттамыз. Студенттер келген соң клубтың әжептәуір кең фойесінде би кеші болуы мүмкін. Соны көріп қаламыз ба, деген дәме. Қай жігіт қай қызбен билейді? Анау сұмдық әдемі қызды кім биге шақырар екен, шіркін?!.. Ақыры сеанс аяқталды. Жұрт шыға бастады. Тосын оқиға дәл сол уақытта болды ғой… Фойеге шыққан Нұрғожа бір орындықты шетке қарай қо-йып отырды да баянын сарната беріп, бір әнді бастап кетті.
Таң нұрымен гүл жарасың,
Таң нұрымен нұрланасың,
Қызғалдақтардай!
Бұрын біз естімеген, құйқылжыған сұлу ән! Дауысы қандай! Бұрыннан ән салатын шебер екендігінде, сөз жоқ, сұңқылдаған ғажайып дауысы баянмен өріліп, әндерді бірінен-соң бірін орындай берді. Ғажап! Ешкіммен, ештеңемен хабары жоқ, алаңсыз. Ара-арасында ұзын шашын сілкіп, кейін қайтарып қояды. Ұзын бойлы, қараторының әдемісі. Жүзі жылы. Қошемет-қолдау да күтпейді. Өзімен-өзі. Қырланып-сырланып, әбден жетілдірілген әндерді бірінен соң бірін төге берді, төге берді. Тура бір таудың сарқырап, сыңғырлап аққан бұлағындай. Сүйкімді, жағымды үнін, әсем әнін тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді. Бойыңда қаның тасып, жүрегің елжіреп, әдемі әсерге бөленесің. Әркім өз арманының, өз ойының жетегінде, жіпсіз байланып тұратындай. Шоқтай жанған екі көзін алысқа тігіп, қоңырқай жүзі алаулап, баянын құшырлана құйқылжытып кеп шырқайды ол.
Шығып кеткендердің бірқатары қайтып келіп, енді шыққандары қабырғаға қарай ығысып тұра қалып тыңдауда. Әуелі бір-екі жұп, сосын тағы, тағы жұптасып жастар билей бастады. Бәрінің жүзінде қуаныш. Өйткені, Нұрғожаның әндері шетінен нәзік, жылы, сұлу. Қалай ғана таңдаған десейші! Бұл оның өз жүрек қалауы, өзі таңдаған әндер, әрине. Бір сағаттай тоқталмастан шырқаған Нұрғожа баянын қолтығына қыстырып кете барды.
Осылайша, Нұрғожа күнде кинодан кейін ән салатын болды. Ұнатқандар оның орындауын аяғына дейін, құмарта тыңдайды, асыққандар бірер әнін тыңдап, жөніне кетеді. Кейбір бойжеткендердің оған жасырына, қызыға қарайтынын да байқаймыз. Ол бірер ауыз тіл қатса бет-жүздері қызарып, лап ете қалатынын аңғарамыз. Бірақ, Нұрғожа өздері күлім қағып, ыңғай білдіріп тұрған қыздарға қырындамайды. Ізетпен қоштасып, кете барады.
Сол Нұрғожа келесі жылы да, одан кейін де құрылыс отрядымен бірге келді. Ең қызығы сол әдетінен жаңылған жоқ. Баянын құйқылжытып, көркем әндерін шабыттана орындай берді. Клуб жабық күндері айлы түнде өзгелерге бөгет болмайын дегендей жатақханадан оқшауырақ шығып, әніне басады. Дауысында алыс арман, үлкен сағыныш, әдемі бір мұң бар. Қиялыңды сан қиырға шарықтатып әкетеді. Танысып-білісіп алған ауыл жастары оны тойларына шақырып, ән салғызатын. Бір тоқтысын сойып, үлкендер де қонақ қылып, әнін тыңдап жүрді. Барған жерінде шешіліп әңгіме айтпайды, өнерін ғана көрсетіп, сыпайы отырып, ибамен қоштасады. «Өркенің өссін», «Бақытты бол», «Қайда жүрсең аман жүр», «Дегеніңе жет» деген баталарға бас иіп, жымиып қана қоятын.
Қазір ойлап қарасам, сол бір сырбаз жігіт қанша адамды көркемдікке іңкәр қылып, әдемілікке тәрбиелеп, талай жанның жүрегіне ізгілік дәнін еккен екен ғой!..
Келесі бір жылы келген студенттік құрылыс отряды құрамында Нұрғожа болған жоқ. Ауыл елегізіп қалды. Әрине, көзтаныстардан оны сағынған жұрт сұрамай қойған жоқ. Бірі сұрап, екіншісі сұрап, ақыры білді. Келмеу себебі, оқуын ойдағыдай тәмамдаған. Бір ауылға мұғалім болып кетсе керек… Ал, әнмен ғана сырласып, өзімен-өзі болып жүру себебі ғашықтық дерті көрінеді. Институтта бірге оқыған бір қызға ғашық болған, ол қыз басқаны ұнатқан, басқаға тұрмысқа шыққан. Әнші жігіт барлық әндерін соған арнап, соның құрметіне орындайды екен.
Бұдан кейінгі Нұрғожа сырнайшы туралы әңгіменің бәрі аңызға саяды. Қайсысы шын, қайсысы жалған екенін біліп болмайсың. Қай әңгімеде де ол бақытты, балалы-шағалы, күйлі, лауазымды қызметте. Өйткені, оны бүкіл ауыл қатты құрметтеп, сыйлайтын. Солай болса екен деп қиялдады-ау. «Көп тілеуі – көл», кім біледі, бәлкім біздің ауылдың кеңпейіл тұрғындарының батасы тиіп бақытын тапқан шығар…

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий