Нәтижелі істер еңбек өрлеуін туғызады

Облыс әкімі Сергей Кулагин 23 қарашада жұмыс бабындағы іс-сапармен Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Олардың қатарында қарияларға арналған пансионат, студенттер жатақханасы, балалар көркемсурет мектебі бар. Өңір басшысы, сондай-ақ, құрылысы жүріп жатқан Неке сарайы, православ ғибадатханасы мен Сәдуақасов көшесіндегі аллея-дағы жұмыстардың барысын бақылады. Қала тұрғындарымен кездесіп әнгімелесті. Көкшетау-лықтар облыс орталығында атқа-рылып жатқан игілікті шараларға көңілдері толатындығын жеткізді. Сапар барысында қала әкімі Ермек Маржықпаев бірге жүрді.

Красный Яр трассасы бағытындағы сол қапталда орналасқан қарияларға арналған пансионатта қазір 16 адам тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі – жалғызбасты жандар. Бірқатарының балалары бар, бірақ күтімі кісіде. Қариялар мұнда бір-бірімен шүйіркелесіп, қажетті ем-домын алып, тынығады. Облыс әкімі Сергей Кулагин олармен жүздесу барысында хал-жағдайларын сұрап білді. Қариялар өздеріне жасалған қамқорлыққа дән риза екендігін жеткізді. Күннің суытуына байланысты үш қабатты ғимаратты жылыту оңайға түсіп жатқан жоқ. Сол себепті өңір басшысы қариялар жаурап қалмау үшін жылу температурасын көтеруді тапсырды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Кенесары мен Ақан сері көшесінің қиылысындағы ескі оқу корпусының жанына жатақхана салынған болатын. Қазір мұнда 300-ден астам студент тұрып жатыр. Жастармен емен-жарқын әңгімелескен өңір басшысы олардың қай өңірден келгенін сұрап білді. Осы жақта қалып, қызмет еткісі келетіндеріне болашақта барлық жағдай жасалатынын айтты. Жатақхананың жатын бөлмелерін де аралап көрген Сергей Витальевич жастардың тұруына қолайлы екеніне көзі жетіп, көңілі толатынын жеткізді. Балалардың көркемсурет мектебі – өңір басшысы барған келесі нысан. Мұнда 400-ден астам бала әсемдік пен әдемілік әлеміне, өмірдің қанық бояуларына бойлай білуде. Мектептің ішін аралап, балалармен әңгімелескен облыс әкімі бұл білім ошағының тарлық ететініне көз жеткізіп, оны шешу жолдарын қарастырып жүргенін ортаға салды. Ал, әзірше өнерге ұмтылған балаларға тек қолдау қажет. Құрылысы жүріп жатқан Неке сарайының жобалық сызбасына зер салған өңір басшысы маусым айында нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Әзірге жұмыстарды мердігер компания өз қаржысына тұрғызып жатыр. Олармен жылдың аяғына дейін есеп айырысатыны да айтылды. Осы маңда жаңа балабақша салу да көзделген. Оның кіреберіс жолдары балдырғандардың өміріне қауіп төндірмейтіндей болуы да еске салынды. Өйткені, Неке сарайы Әуезов пен Темірбеков көшелерінің қиылысында орналасқандықтан автокөлік тасқыны көп болары сөзсіз. Православ ғибадатханасындағы құрылысшылармен кездескен өңір басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, сапаға басты назар аударуды да нықтады. Сәдуақасов көшесіндегі жаңадан салынып жатқан аллея да жергілікті биліктің назарында. Мұндағы жұмыстар негізінен аяқталып қалған. Аллеяның ұзына бойына қарағайлардың орташа өскіндері егіліпті. Өңір басшысы бұл дұрыс шешім деді. Өйткені, тым кішкентай талдар аллеяның ажарын ашпайды. Сондықтан алдағы уақытта қаланың өзге бөліктерінде ашылатын аллеялар, скверлерге осындай тал-қайыңдар еккен дұрыс болады. Облыс әкімі сол жерде жұртшылықпен де жүздесті. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, қоғамдық жұмыс белсенділері бар. Көкшетау қаласындағы жақсы бастамаларға қолдау білдіріп жүрген жандарға өңір басшысы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да бірлесе еңбек етуге шақырды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс