Нәубет пен қасірет ұмытылмақ емес

Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығы бойынша біз жыл сайын 31 мамыр күні сол бір «Қызыл үкімет» жүргізген озбыр саясат, шектен шыққан қатыгез билік, аяусыз тепкі кесірінен жазықсыз жапа шегіп, еш кінәсіз қынадай қиылып, құрбан болғандарды еске алып келеміз. Біреу-екеу, он, тіпті жүз емес, мыңдаған, миллиондаған халық… Ол сұмдықтың зардабын шекпеген отбасы, тауқыметін тартпаған шаңырақ жоқ шығар. Халық санасына жазылып қалған бұл қасірет ешқашан ұмытылмақ емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.  

0_b1dd5_b631dbc5_XXXL      «Қайтсем жоғарыға жақсы болып көрінем» деп аласұрған Голощекиннің «Кіші Қазан» деген есерсоқ ұранының ойраны ұлтты оттай қарып, залалын тигізді. Осындай бастамамен тұтанған қастандық, репрессияның алғашқы апатты толқыны 1928 жылы басталды. Зардап шеккендер басында қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлғалары Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев тұрды… Кесапаттың екінші екпіні 1937-38 жылдары соқты. Бұл жолы М.Ғатаулин, Н.Нұрсейітов, М.Ордабаев, Ж.Баймолдин, А.Асылбеков, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов сынды арыстарымыздан айырылдық. Еліміз бойынша 140 000-ға жуық адам жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, лагерьлерге айдалып, 25 000 адам атылыпты. Аяусыз, сұрау-сауалсыз, обал-сауапсыз атылып, бір шұқырға үйме-жүйме көміле салынған… ондай орындар әлі күн кезігіп келеді… Мүрдесінің қай қиярда қалғаны белгісізі қаншама? Не деген өшпенділік, қатыгездік десеңізші?!.. Жазықсыз жандарды соншама азаптауға не итермеледі? Сол үкіметтің елге қамқор боларына қалтқысыз сеніп, революция дауылпазы атанған, сыршыл ақын, сұлу келбетті Сәкеннің соңғы суретін қараңызшы… Ат үстінде, қоғамның қайнаған өміріне құлшына араласқандарды азаптап, қан жұтқызып қаза қылғандары өз алдына, олардың үйде қалған жарларын қамап, сегіз, он жыл бойы зар жылатып лагерьлерде ұстау не деген зұлымдық. Ал, әйелдерді балаларынан айырып, перзенттерінің аты-жөндерін өзгертіп, бір қиырдан келесі қиырға аттандырып, іздерін адастырып, сабылтуды кім ойлап тапты екен?.. 2007 жылдың 31 мамыры күні ашылған, Астананың іргесіндегі Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешеніне кіріп, онда қатталған құжаттар, балалар хаттарын, «Халық жауларының әйелдері» деген айып тағылып, қаңыраған барактарда, күндіз бел шешпей еңбек етіп, түнде егіле жылап таң атырған бейбақтардың тіршілігін көрудің өзі ауыр. Олардың басына түскен қиямет пен қайғыны сезінудің өзі жан шыдатпайды. Бірақ, қайтседе, бұл біздің өткен жолымыз, тарихымыз, сондықтан, олардың тағдырын да, асыл ойлы арыстарымызды да, бар малынан айрылып, басы ауған жаққа үдере көшіп, аштық құрсауынан құтыла алмай көз жұмған барша боздақтарымызды ұмытпауға, еске алуға тиіспіз. «Аша тұяқ қалмасын» деп жәдігөйлене жарамсақтанып, жалпаңдаған шолақ белсенділердің өздері де кейін жаза құрығына ілініп жатты. Сыпырып алынған мал, азық-түлік жөнелтуге мүмкін болмай бір бүйірде іріп-шіріді. Азық таппай босқан жұрт жол бойында сүрініп, құлаған бойы жан тапсырып жатты. Бәрінен ауыры жазықсыз, жала жабылып жазалану емес пе? Адал сөзге құлақ асқан кім болды? Қасірет, кесапат деген де сол… Олардың барлығы да, бүгін біз кешіп отырған тәуелсіз, құқықты, ізгілікке құрылған қоғамды аңсады, армандады. Біз солардың арманды күндерін жалғастырушылар, бақытты заманның ұрпағымыз. Ол ақтаңдақ ешқашан ұмытылмақ емес. Қайта ол тарихтың әр беті зерттеліп, мұқият тиянақталып, шыншылдықпен жазыла бермек.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс