Ойды ой қозғайды

dj-tamada

Қалалық «Көкшетау» газетінің үстіміздегі жылғы 1-ші ақпан күнгі нөміріндегі (№5 (14078) журналист Гәкку Асылбекқызының «Тамадаларды кім тезге салады?» атты сыни мақаласы біздің де көптен бері көкейіміздегі ойымыздан дөп шықты десек артық айтқандық болмас деп санаймын. Және қазіргі жандайшап асабалар жөніндегі ондағы пікірлер өте дұрыс деп есептеймін.

Осы арада айтпағым, негізінен сүндет тойынан бастап үйлену немесе мерейтойларда болсын асабаларды таңдап, оларды жалдап барып, шақыратын да өзіміз, артынан «сымсыз телефон» арқылы ел аралап кетерліктей сөзге қалатын да өзіміз. Мұны қойшы-ау, өкінішті дерлік жәйт, қазіргі күнде о дүниелік болған адамды жерлеу алдындағы жаназасына да басшылық (тамада іспетті) ететін кісіні сырт ағайынның сілтеуімен тағайындап алатын болдық.

Және бұл «шешеннің» жұрт алдында көсіле сөйлеп, жерлеу рәсімінен кейінгі ас үстінде жасы үлкенге де, атақ лауазымы жоғары шенеунікке де сөз берерде оның бүкіл үрім-бұтағынан бастап, мадақтап, мақтап езгілейтіндігіне не дерсің?! Кей-кейде жұмыс кезі болғасын, әйтпесе алыс жолдан келген құда-жегжаттар бар дейік, олардың асығыс екендігіне қарамастан қаншама алтын уақыттарын алып, жаназа асын бос дүрмекке, яки митингіге айналдырып жіберетіндіктерін қайтерсің?!

Журналист Гәкку Асылбекқызының өз мақаласын «Бұл уәжіме ақын ағалар не дер екен?» деп қорытындылауына орай, бірді айтып, бірге кетсек те ойды ой қозғайды демекші, қазірде осы өңірде, тіпті Көкшетау қаласының өзінде екінің бірі ақын десек өтірік емес. Шындығы сол, бұ күнде жазғыш ақын да көп, жолбике жазмыш ақын да көп.

Ал, өзімізді былай қойып, облысымыздан тысқары жердегі, яғни турасына келсек, рес-публика көлеміндегі ақын бауырларымыз немен айналысып жүр, не тіршілік жасап жатыр, мәселенің басын қайырып тастап, енді соған аздап тоқталайықшы. Өйткені, біздің өңірде де, осы тұрған Көкшетау шаһарында да әсем әнімен де, мың бұралған биімен де көрерменін тәнті ететін әнші, бишілер мен көмейінен жыр төгілген ақын-жыршылар аз емес қой.

Әйткенмен әр айтыс сайын суырыпсалма ақындық өнеріне тәнті болып жүрген Балғынбек Имашев пен Ринат Зайытовтар, бірі имандылық жолын қуып жүрсе, екіншісі өз қалауынша ән шығарумен, яғни ән мәтінін жазумен, немесе республикалық теледидардан жадымда жоқ, түрлі хабарларды жүргізумен көрермен қауымның есінде қалуда. Ал, ойын-сауық тойларда асаба боп, әнші боп, биші боп жүргендері қаншама! Солай демекші, өздерінің қоңыр да сазды даусымен тыңдаушыларын баурап алатын Жанар Айжанова мен Айгүл Иманбаевалар әуезді әнімен қоса, бүгінде актерлік жолға түсіп кеткендіктеріне таң-тамаша қаласың. Немесе ел мақтанышына айналған ерлі-зайыпты әншілер Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдинаның, Аша Матайдың, тағы басқаларының теледидар хабарларының жүргізушілері атанғандықтарын немен түсіндіруге болады. Сонда немене, бізде тележурналис-тер жетіспей ме, әлде «қос мамандық» иелерінің құмырсқаның илеуіндей көбейіп бара жатқандығы ма, бұл!? Орталық теледидарлардың бірінен: «Хабарды жүргізуге неге кәсіби журналистер алынбайды. Олар істің қыр-сырына жетік қой. Неге ылғи әртістер, әншілер шақырылады? Сонда, журналистер не істемек?» – деген мәселе көтерілді де.

Міне, «Балық басынан шіриді» демекші, ұзын сөздің қысқасы, тоқсан ауыз сөздің тоқетеріне келсек, осы арада негізгі мәселе, заманның бүгінгі қысымшылығына және тіршілік нәрі саналатын: тағам-дүниенің қымбатшылығына байланысты әркімнің қарақан басының қамын ойлап, тұрымтайдың кебін киіп отырғандығы шындық. Сондықтан тап қазірде жөнді-жөнсіз асаба да көп, шабақты шайнап жұтып жатқан шортандай, оңай олжа іздеп, нәпақа тауып жүрген қомағай «асаушылар» да көп. Ендеше бұған өзіндік пайымды пікірін айтып, жөнсіз қылықтарын бетіне басып, тоқтау салатын жан табылса құба-құп демекпіз.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий