Ойым – оқырманмен сыр бөлісу

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы және Қазақстан Журналис-тер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен журналист, сатирик-жазушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақпарат саласының үздігі Сайлау Көшкенұлының журналис-тика саласында еңбек еткеніне 50 жыл толуына байланысты оқырмандармен кездесу кеші болды. Ашық пікіралмасу жағдайында өткен шара барысында келесі жылы 70 жасқа толғалы отырған қаламгер әріптесіміз жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, естеліктер айтты.

Көкше өңіріне танымал журналист Сайлау Көшкенұлы еңбек жолын 1966 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскен бойы «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған екен. Содан бері ол басқа мамандыққа ауысып көрмепті. Осы бала күнінде армандап, таңдаған кәсібінен айнымаған. Бұрынғы облыстық «Көкшетау правдасында» бөлім меңгерушісі, сол басылымның ізбасары, «Көкшетау» қалалық газетінде редактордың орынбасары, әдеби редактор болып қызмет атқарған. Облыс көлемін қамтыған журналистік іссапарларға жиі шығып, өңірдің тыныс-тіршілігін оқырманына таныстырған облыстық газеттен кейін, қалалық газетте де тынымсыз еңбек етті. Міндетті ресми мақалалар, жиналыстар есептері, жоспарлы материалдарға қоса ол ұлттық тәрбие, мемлекеттік тіл, патриотизм тақырыптарына өз ізденісімен қалам тартты. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, денсаулық мәселелерін көтерген проблемалық мақалаларын жариялады. Жұртты елең еткізер елеулі тақырыптарды көлденең тарта алар қарымды журналист ретінде танылды. Сайлау Көшкенұлы сатирик ретінде «Кәуіктің өкініші», «Құныққанның кесірі», «Бірқақпайлар», «Деген екен», «Күлсек күлейік, кәнекей» сияқты кітаптарын шығарды. Очерктері, әңгімелері, сықақтары республика орталығынан шыққан жинақтарға енді. Кездесуде автордың еңбектері қойылған көрмеден, оған арналған «Сатира – оның серігі» электрондық басылымындағы деректерден жиналған оқырман кең мәліметтер алды. Кеш қонағының шығармашылығы туралы айтып, құттықтаушылар қатарында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, жазушы Төлеген Қажыбай, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, әдебиетші-ғалым Аманжол Ыдырысов, «Степной маяк» газетінің бас редакторы Қарлыға Мұқатаева, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев, «Егемен Қазақстанның» өңірдегі тілшісі Бақберген Амалбек, «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Дәулетжан Ахметжанов, тағы басқа әріптестері болды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс