Ойын алаңдары ойландыруы тиіс

Жарық дүние есігін ашқан әрбір адам ойын арқылы өседі. Ой-өрісі мен ойлау қабілетін дамытатын, қиялына қанат бітіретін қызықты ойындар балаларға кішкентай кезінен бастап қоғаммен араласуды үйретеді және татулыққа тәрбиелейді. Қоғаммен байланыс орнату, қоршаған ортамен тіл табысу тәсілін бала ойын ойнау арқылы үйренетіндігін ескерсек, қаламыздағы әрбір үйдің жанында әртүрлі әткеншектер орнатылған балалар ойнайтын аула болуы қажет. Соңғы жылдары қалалық әкімдік балалар ойнайтын алаңдар салуға жеке кәсіпкерлерді тартуды мықтап қолға алды.

– Үйдің алдындағы ойын алаңы – әр адамның балалық шағының бір бөлшегі. Ықшам ауданымыздағы әрбір үйдің ауласында балалар ойнайтын алаңдар бар. Әртүрлі әткеншектер мен турниктермен жабдықталған ойын алаңдары қысы-жазы бала атаулыға толы. Үш жастан асқан немерем балалар алаңқайында құммен ойнағанды қатты ұнатады. Құмнан алып шығудың өзі қиын. Өмірдің қызығы – бала деген, міне, осы, – дейді Құмар Есімсейітов есімді қала тұрғыны.
Бүгінде кейбір ойын алаңдарының жас баланың шамасы жетпейтін темір қазықтары сынып, шынжыры шұбатылған. Бір бұзақының бүлдірген ісі десек те, ойын қуған баласына жаны ашитын әрбір ата-ананың осыған назар аударатын жөні бар. Тіпті, кейбір алаңқайда балақайлардың ойнауына мүмкіндік жоқ. Айналасын шабылмаған шабындық секілді қалың шөп басып, қоқыс үйінділері ыбырсып жатыр. Қайсыбірінде топырағы шыққан қара жер көрініп тұр. Осы жағын қадағалар жандар табылмағаны ма, әлде, шынымен де ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарауды әдетке айналдырып алдық па? Бұған бақылау жүргізіп, халықтың игілігіне берілген әрбір дүниенің сұрауы бар екенін сездіріп, қадағалап тұру басшылардың міндеті. Алайда, басшылықты кінәлаудан бұрын бүтін дүниені бүлдіруге құмар тұрғындардың да әрекетін айтпай кетуге болмайды. Бүгінде қаладағы тұрғын үйлердің ауласында бүлдіршіндердің ойын алаңы көптеп салынуда. Бұл ойын алаңдарына жақсы қарап, сынғанын жөндеуге тұрғын үй иелері де ынталы болуы керек. Тот бас­қан темірін сырлап, өскен шөбін отап отырудың орнына, өз баласы асыр салып ойнайтын алаңдағы заттарды жарамсыз қылған жандарға қайран қаласың. Алайда, жаманды жамап, жақсыны жарқырата алмай жүргендерге тағар кінә, айтар наздың өзі ұят секілді ме, қалай?!
Ойын арқылы ойын дамытып, асыр салған алаңсыз кезден бастап өмір
мәнін біртіндеп ұғынар ұрпағымыздың жайы осындай болып тұр. Бір сөзбен айтсақ, замандастарымыздың сал-ғырттығы, ата-ананың жауапсыздығы, қоғамдағы кейбір жабайы қылықты жандардың әрекеті ойын алаңдарының сұрықсыз күйге түсуіне ықпал етуде. Бұл да бүгінгі күннің ұлттық ұятымызға нұқсан келтіріп отырған өзекті мәселесі.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий