Ойы озық фильм

Белгілі өнер қайраткері, актер әрі режиссер, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов «Мен мұсылманмын» атты қысқа метражды көркем фильмін көпшілік талқысына ұсынды.

«Ә» дегеннен еске салар жәйт – фильмге арнайы қаражат бөлінбеген, шығармашылық топ өз күштерімен түсірген. Мұратбек Үкібайұлының тәуекелге бел бууының себебі тақырыптың «күйіп» тұрғандығы, өзектілігі, алаңдатарлығы болса керек. Фильм «Мен нағыз мұсылманмын» деп асыра сілтеп, өзгелердің жетегіне еріп, жат пиғылды ағымның соңында сорлағандар жөнінде. Басты рөлдегі Фарит сол өзі тап келіп, қалтқысыз сеніп, сүрлеуіне түскен адасқандар жолынан басқа әлемді көрмей, тар ойлап, ақыры тығырыққа тіреліп, қылмысқа барады. Сценарийін жазған Ресей кинематографистер одағының мүшесі Назгүл Сұлтанова. Башқұрт қызы, уфалық екен. Демек, нағыз мұсылмандық пен бұра тартқан бұзақы жолдағылардың мән-жайын толық түсініп тұр.

…Фильм әр ұлт өкілдері үш құрбысының емін-еркін ойнап күліп жүргенінен басталады. Өмір туралы да, дін туралы да түсініктері таза, ойларын ашық айтады. Бейбіт елдің бақытты тұрғындарының ақшуақ армандары көп. Оған бөгет болар да ештеңе жоқ. Тек, Алтынайдың үміт артқан жігіті Фарит әлдеқайдан оқып келіп, қараңғы түндей түнеріп, кірпідей жиырылып қайтады. Сөз салқын, пікір өзге. Әуелі тіксініп қалса да қыз: «Мұнысы жолдан шаршағаннан шығар,  ақыры жақсымен бітер», – деп сенген. Бірақ, жігіттің бар арманы – Сирияға барып, «Мұсылмандарға қарсы, бөгделермен соғысу» ғана. Болашақ жары да сол жолды қалауы тиіс. Екеуі бірге аттану үшін некелері қиылуы керек. Түстері суық, белгісіздікке бел буған топ ортасына түсіп, солай істеуге енді бір қадам қалғанда ғана қыз жан ұшырып, көмек сұрайды. Көрген-түйгенінен шошынып, басы айналып: «Көмектесіңдер, құтқарыңдар!» – деп жанұшыра айғай салады. Өзінің бүкіл арман-қиялын аяқасты етті, жоспарын бұзды, жаңа тапқан достары, әріптестері алдында масқара қылды деп түсінген Фариттың ой-санасы астан-кестен болып, сол жерде қызға пышақ жұмсайды. Ол өзінің тар ойының аясынан шыға алмай қалады. Өйткені, діни сауатсыз еді.

Қысқа метражды фильмдегі шиеленісті оқиғаның шарықтау тұсын Алтынай рөлін сомдаған жас актриса Әсем Серікова мен Фарит образындағы Медет Хамзин сәтті жеткізген. Жастығына қарамастан Әсем өз кейіпкерінің мінез-құлқын, ішкі толғанысын сондай шынайы бере алған. Ал, театр актері ретінде шеберлігін талай дәлелдеген Медет болса, бұл рөлі арқылы тағы бір жаңа қырын жарқырата көрсеткендей. Пиғылы бұзылған, ойы айран-асыр, белгісіздік пен үрей, мазасыздық жанын жайлаған жігіт кейпін керемет сомдаған. Актерлер ойыны сенімді. Бір байқағанымыз, әшейінде театр актерлері киноға түскенде аңғартып алатын таптаурындық, дауыс ырғағындағы өзгешелік мұнда жоқ. Ешкім дауысым естілмей қалады-ау деп тырыспайды. Бәрі табиғи қалпы. Жаттандылықтан аулақ. Операторлардың мұқияттылығы (операторлар Аян Тумурзаев, Дастан Дәллелханов, Рүстем Қабдушев), дыбыс жазудағы ыждағат, актерлердің шебер ойыны, қисынды режиссура бәрі біріге келіп, «Мен мұсылманмынды» кәсіби деңгейге көтерген.

Кино оқиғасына беріліп отырып, оның қалай тез аяқталғанын аңғармай қаласың. Жиырма бес минутың зыр етіп, өте шығады. Бұл – оның тартымдылығы. Әрине, ойды жеткізу фильмнің ұзақ-қысқалығына байланыс-ты емес. Қайта, аз көрініспен көпті түсіндіріп, қысқа фильм түсіру қиынырақ шығар. Тағы бір ерекшелігі қазақ драма театры бұл тырнақалды шығармасын орыс тілінде түсірген. Ол біздің өңір жастарының көбіне сол тілде сөйлеуінен, айтар ой жастарға тезірек жетсін, дегендік. Ал, жалпы, актерлік, режиссерлік шеберлігімен танымал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспановтың ширақ қолтаңбасы көрініп тұр. Фильмге темірқазық – эпиграф етіп: «Әрбір істе кеңшілік, төзімділік танытпағандар біздің қатарымыздан емес, сабырсыздық танытып ұрысқа кіріскендер біздің қатарымыздан емес, ашуға алдырып, содан жапа шеккендер біздің қатарымыздан емес», – деген Мұхаммед пайғамбардың хадисін алуы тегін емес. Осы түйін-сөз фильмнің айтар ойы, алдына қойған мақсаты. Жастарымызға теріс ағымдар жетегінде кетпеңдер, ата-баба жолымен жүріңдер, адаспаңдар дегенді аңдатады. Фильмнің алғашқы көрсетіліміне қатысқан Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева, мешіт имамдары, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салып, өнер ұжымын бүгінгі күннің аса қажет туындысының тұсау кесуімен құттықтады. Расында да, тырнақалды дүниенің кәсіби деңгейі қол соқтырмай қоймайды.

Серік САПАРҰЛЫ.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий