Олжасты ыстық құшаққа бөледі

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада қорытындысы бойынша еліміздің құрамасы 36 медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншіледі. Қазақ спортының даңқын өсірген бұл табысқа ақмолалықтар да лайықты үлес қосты. Ел намысын бізден он тоғыз спортшы қорғады.

Командалық спринтте алтын медальдан алқа таққан көкшетаулық шаңғышы Олжас Климинді жерлестері теміржол вокзалында салтанатпен қарсы алды.

Алматыда өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алтын жүлдесін жеңіп алған шаңғышы жерлесіміздің толағай табысына теледидардан көріп, қуанған едік. Жанкүйерлер де жанын шүберекке түйіп, әр жарысты қалт жібермеді. Шаңғы жарысындағы 7,5 шақырымдық командалық спринтте павлодарлық спортшы Анна Шевченкомен бірге шыққан Олжас Климин табандылық танытты. Жеңісті қолдан бермеді. Міне, осылайша жерлесіміз Қазақстан құрамасының қоржынын алтын медальмен толықтырды.  

Алматыдан келе жатқан поезд Көкшетау теміржол вокзалына жақындаған сәтте қолдарында жалаушалары, ұран сөздер жазылған транспаранттары бар спорт сү-йер қауым, студенттер «Олжас – Чемпион!» деп айқайлап тұрды. Ол мінген вагонға лап қойған жерлестерінің ыстық ықыласы мен құшақ-құшақ гүлдеріне оранған спортшы жігіттің бақыттан басы айналғаны шындық. Көңілінде көктем, жүзінде шаттық пен қуаныш. Ұлының осындай құрметке бөленгеніне толқып, көзіне жас алып тұрған ана. Чемпионмен суретке түсуге асыққан жастар. Бірден әлеуметтік желіге жүктеп жатқандар. Бәрі қым-қуыт, қарбалас, у-ду болып жатса да, бір түрлі әсерлі еді. Тіпті, поездың жолаушылары да жанталасып осы сәтті телефондарына түсіруге асықты. Олжас өзінің жеңісін анасына, бауырларына, жерлестеріне арнағанын толқи жеткізді. Туған қабырғаның қашанда қолдау көрсететіні бар ғой, бар күшімізді сарқа жұмсадық. Алға қойған мақсатқа жетуде тыңғылықты дайындықтың да әсер еткені рас. Чемпионмен бірге келген жаттықтырушысы Татьяна Сергеева: «Олжастың жерге қаратпайтынына сенген едім. Жарыс жолына шыққан кезде іштей тілек тіледім. Ол маған өзімнің бір баламдай. Сондықтан әр қадамы, әр табысы мен үшін қуаныш», – дейді жаттықтырушы. Ал, Олжастың анасы Вера болса, ұлының мәртебесінің биіктей түскеніне, жерлестерінің оны көкке көтергеніне шын риза. Толқулы ананың
аузына сөз түспей, тек «Тәубе!» деумен болды. Чемпионды қаумалай, орталарына алып, жүздері бал-бұл жанған жерлестері қуаныштың еселей түсуін тіледі. Ал, Олжас болса үш күн ғана үйінде болып, кезекті әлем чемпионатына жол жүретінін айтты. Спортшыға алдағы уақытта да табыстар тілейміз!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс