Олжас

Көкшеліктерге бұл бозбаланың есімі жақсы таныс. Талай ән додаларында топ жарып, жерінің намысын лайықты қорғап, ұстаздары мен ата-анасының еңбегін ақтап, жанкүйерлерін жерге қаратпаған намысшыл ұл қазір Астана қаласында тұрады. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Олжас Сәбижанды таныстырып жатудың өзі артық. Себебі, бұл әнші балапаннан өсіп, жетіліп, әнші жігітке айналған нағыз еңбекқор жан. Иманжүзді, әдемі жымиысымен-ақ талайды өзіне баурап алатын талантымен тәнті еткен жерлесіміз жайлы тағы да толғана жазудың сәті түсіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының съезінде елімізге бәсекеге қабілетті, тәрбие-
лі де тәртіпті жастар қажет. Олар мықты маман ғана болып қоймай, қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген, өзгерістерге төтеп бере алатын, «Қазақстанның болашағы» деуге лайық болып ер жетуі тиіс деген еді. Осындай жас қазақстандық деуге әбден лайық жастың бірі – Олжас Сәбижан. Мақтануға тұрарлық жан жайлы оқырманның есіне сала кетсек, Олжас 2003 жылы Латвияда, Юрмала қаласында өткен «Rainbow Stars-2003»  халықаралық байқауының гран-при иегері, сол жылы Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен «Buen Viaje-2004» халықаралық байқауының «Алтын дауыс» бас жүлдесін жеңіп алған, «Star Bridge-2011» халықаралық байқауының гран-при жүлдегері, Өскемен қаласында ұйымдастырылған ҚР Дельфи ұлттық жастар ойындарының «Алтын медаль» иегері, онымен қоса «Әнші балапан», «Бозторғай», «Жас батыр», «Оқжетпес достарын шақырады» ән байқауларының дипломанты, лауреаты, жеңімпазы атанған. Мәскеудегі Одақтастар үйінің колонна залында ән шырқаған. «2012 жылдың үздік қазақстандығы» атанып, облыс әкімінің арнайы шәкіртақысына ие болған. 2006-шы жылы Қазақстан елшілігі Жапония елінде ұйымдастырған концерттік бағдарламасы арқылы одан әрі таныла түсті. Айта берсек, Олжастың табыстары бір басына жетерлік.
Ол Көкшетау қаласында дүниеге келді. Қазақ лицейін
тәмамдап, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінде «Хор дирижері» мамандығы бойынша білім алды. Тоғыз жасынан ән салатын баланың қабілетін алдымен анасы Гүлнар мен әкесі Ақан аңғарды. Анасының туған күніне ән арнамақ болып ниеттенген баланың дарынын сол үйге қонаққа келген әкесінің досы, белгілі музыкант, ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласындағы қазақ драма театрының хормейстрі Амантай Жұмашев көріп, мына баланы вокал студиясына беріңдер деген кеңесін айтты. Осылайша тоғыз жасар Олжас Көкшетау қаласындағы балалар шығармашылығы үйінде жұмыс істеп жатқан Әридаш Хамзина жетекшілік ететін «Жұлдыздар» студиясына жазылды. Баланың талантын шыңдап, дауысын қойып, жақсы әндер таңдап, халық алдына шығарған да осы жетекшісі. Ол кісінің табандылығы мен еңбекқорлығына әлі де алғысын айтып, басын иеді. Олжас бес жасынан каратэ киокушинкай секциясына барған еді, сары белбеу иегері, сондықтан оған ерте тұрып, жаттығу жасау түк те емес. Яғни, көптеген қиындықтарға төтеп бере алатын қажырлылық сияқты қабілетін ерте жастан шыңдаған. Түске дейін – спорт, түстен кейін – домбыра, әрі қарай – вокал сабақтары. Міне, осындай кестені ұстанып, бірін де шатқаяқтатпай жүруіне Олжасты анасы үйретті. Сол үшін де алғыс айтады. Онымен қоса жүзуді, футбол, баскетбол ойнағанды, шаңғы тепкенді жақсы көреді.
Олжас қандай ән байқауларына қатысса да, үнемі жанында анасы жүретінін байқайтынбыз. Киімін да-
йындап, ас-суын қамдап, баласының сахнаға жақсы көңіл-күймен шығуына баса мән беретін анасы қашанда тақымын қысып отырғанын көріп, риза болатынбыз. Сол кісінің еңбегі жанып, баласы талай биіктерді бағындырды. Балалар шығармашылығы үйінде тәлім алып жүрген балаға бір күні Бурабайда өтетін «Оқжетпес достарын шақырады» байқауына қатысатыны жайлы айтты. Ол қатты толқыды. Бірақ анасы ең бастысы қатысу деді және баланың тынығып, күш жинап, еш уайымсыз сахнаға шығуына ықпал етті. Олжас жергілікті ақын-композитор Тыныштық Шаменовтың «Айсары әуендері» әнін жанын сала орындады. Себебі, әкесінің туған жері Ленинград ауданына қарасты Айсары ауылы еді. Сол күні Олжас Сәбижан гран-при иегері атанды. Есінде қалған ерекше концерт – халықаралық балалар қорының 15 жылдығына арналған Мәскеуде өткен фестиваль болды. Ресей эстрадасының жұлдыздары Йосиф Кобзон, Валентина Толкунова, Олег Газмановпен бір сахнада өнер көрсетуінің өзі үлкен мәртебе еді. Ал, қазақстандық жұлдыздар Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова, Болат Аюханов, Лаки Кесоглу, композитор Кеңес Дүйсекеев қазылық еткен «Бозторғай» халықаралық ән байқауынан алған әсері ерекше. Латвияның Юрмала қаласында «Жұлдыздар кемпірқосағы» халықаралық байқауына продюсер Қарлығаш Әбдікәрімовамен бірге халыққа танымал «Листья желтые» әнін қазақ, орыс және латыш тілінде орындаған Олжас қазылар алқасы мен тыңдарманның көңілінен шығып, гран-при жүлдесін қанжығасына байлап қайтты. Жалпы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз үшін қандай дода болса да маңызды. Оның әрбір бастамасы, әр қадамы, әр баспалдағы есінде және көкейінде сайрап тұр.
Олжас бала жасынан әкесінің ағасы Серікті өзіне пір тұтады. Ол Петропавл қаласында жеке кәсіппен айналысады. Отбасының құрмет тұтатын адамы әрі өзінен кейінгі бауырларына қамқор жан. Олжас сол кісінің жақсылықтарына тәнті болып, азаматтық ұстанымын өзіне үлгі тұтады. Ата-анасын қатты жақсы көреді және өзінің өмірдегі тірегі санайды. Жалпы, менің азамат болып қалыптасып, дұрыс жол таңдауыма көптеген адамдар әсер етті дейді. Олардың қатарында билік басында жүрсе де талантты балаларды назардан тыс қалдырмаған Ғалым Бекмағамбетов, Светлана Жалмағамбетова, Елена Дмитриенко, Сәруар Шанқұлованың есімдерін ерекшелеп айтар еді. Сондай-ақ, дарындардың бағын жандырып, шеберлік сабағын беруден жалықпаған өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова, Болат Аюханов, Мейрамбек Беспаевтарға да басын иіп, алғысын айтады. Тағы бір айта кететін жәйт, Олжас Сәбижанның талантын көріп, оны әрі қарай дамыту мақсатында Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаеваның өзі жетекшілік ететін білім ордасында грантпен оқуға шақырғаны таңданарлық жайт. Алайда, Олжас әке-шешесімен ақылдаса келе, өнер жолын емес, саясатты таңдады. Халықаралық қатынастар бөліміне оқуға түсіп, дипломатия саласында өзін дамытуға шешім қабылдады. Ал, ән қашанда онымен бірге. Қайда жүрсе де сүйікті өнерінен қол үзген емес. Шетелге саяхаттап шыққанда да туристердің көңілін көтеріп, әдемі әнімен әлдилеп жатады.
Олжас Сәбижанның репертуары сан қилы. Опералық шығармалар да жанына жақын. Итальяндық әндерді осы жанрда тыңдайды. Сондай-ақ, эстрада, джаз бағытындағы туындылар жанына жақын. Үш классикалық тенорлар Лучано  Паваротти, Пласидо Доминго мен Хосе Каррерас ол үшін нағыз кумирлар. Ол Астана күніне арналған концертке испандық әнші Пласидо Доминго шақырылған кезде, сол шараның куәсі болып, жүрек тебірентер керемет туындыларды әлем мойындаған тенордың орындауында тыңдап қайтқан. Жалпы, адам өзін дамытқысы келсе, рэпті де, поп-музыканы да, джазды да, операны да, эстраданы да тыңдауы тиіс дейді ол.
«Көкшетау» газетінің жас оқырмандарына тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Олжас Сәбижан тек сәттіліктер тілейді. Әр адам өзінің мақсатына жету жолында күресу керек және талмай еңбектену керек. Өз Отанын сүйетін, нағыз патриот болып өсуі тиіс. Оның өркендеуіне мысқалдай болса да ықпалын тигізіп, «Мен өз Отанымның дамуына қандай еңбек сіңірдім?» деген сауал қоя білуі керек. Өзім де болашақта еліме қызмет еткім келеді және оны әлемге таныта беру жолында еңбектенгім келеді деген сөзіне разы болдық. Иә, отбасында алған дұрыс тәрбие, ұстаздарының ұстанымдарының беріктігі және жолында кездескен жақсы адамдардың ниеттері Олжастай жас-тың жолының ашық, бағытының берік, тұғырының биік болуына әркез ықпал етіп келеді. Жолың қашанда жеңіл болсын, табысқа жете бер, жалынды жас!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий