Ордалы ойлар, оттай қарыған пікірлер!…

Тәуелсіз, аймақтық «Бұқпа!» газетінде қарамағында істеп, күнделікті кеңесін тыңдап, шеберлігімізді шыңдаған Мәтен Бижанов ағамыз жөнінде бұдан бұрын да бірнеше рет естеліктер жазған болатынбыз. Сексен жылдығы қарсаңында оның артында қалған мұралары – кітаптарын тағы бір қайта оқи отырып, оның келісті көсемсөздері, оймақтай «бірайтарларындағы» ордалы ой, орынды пікірлеріне тоқталуды жөн көрдік.

Кең тынысты очерктер, толғанысы терең толғаулар, сыны мен міні мол сатиралық шығармалары өз алдына, Мәтен Өтешұлы көзі ашық, көкірегі ояу, көпті көрген кәнігі қаламгер ретінде жер дүниеде, ғаламда болып жатқан оқиғаларға, еліміз дамуындағы елеулі шараларға, биік мінберлерден адамзат құлағына қаратып айтылып жатқан бүрлі пікірлерге үн қосып отырды. Онысы біз сияқты соңынан ерген інілеріне, қаламынан шыққан әр дүниесін тұшынып оқыр қалың оқырманына әр нәрсенің ба-йыбын аңғарту үшін жасаған әкелік қамқорлығындай болып көрінетін кейде. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарында өтіп, ел тірлігін, халық мұңын көріп өскен, әскер қатарында болып, жергілікті педагогикалық институтты, одан кейін Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар Академиясын бітірген, жарты ғасыр ғұмырын журналистикаға арнаған, әрқашан адалдық пен адамдықты ту еткен ағамыздың, ұстазымыздың артық-кем айтпасына әбден сенетінбіз. Ойқы-шойқы, салдақы саясаттың өтірік-шынын ол шырқыратып айтып беретін. Әрі-беріні саралауға оның алған арнайы білімі де, өмірлік тәжірибесі де жетіп артылатын. Оны, әрине, ұлтқа үлгі үшін, кейінгіге тәрбие үшін, өзі көріп-біліп тұрған соң жазды. Өресіздікке күйінді, арсыздыққа ренжіді. «Бұқпаның» алғашқы сандарынан-ақ, кеңестік үкімет құрығынан жаңа ғана сытылып шыққан талай шындықтан, керемет мәлімет-деректерден құр қалған оқырманына әлі бұрын қолжетімді болмаған әдебиеттерді, мазмұны терең мақалаларды ұсынды.
Мансабы, атақ-абыройы жер жарған талай «дүлдүлдер» оның сынына ілігіп, қалам-найзасына түйреліп жатты. Жайдан-жай емес, жіберген ағаттықтары, жағымпаздықтары, кейде таяздықтары үшін. Біз болсақ: «Сондай биікке жеткен жампоздар да осындай олқылықтар жібереді екен-ау» десіп, бас шайқастық. Атақтының бәрінің бірдей абыройлы бола бермейтінін аңғардық. Тек бірлі жарым адамдарға емес, кейде сын садағын ұлт намысына, осал мінезіне, аңғалдығына да кезейді. Енді, кезекті ағамыз кітаптарындағы мәтіндерге берейік. «Ой-толғақ» атты кітабының 18-ші бетінде: «Бұқпа тауы – Көкшетаудың символы, оған қол көтеруің – бассыздық, Яндиев мырза!» деген репликасы бар. Сөзді: «Өзің молдасың, өзің осырасың, дейтұғын мәтел бар қазақта. Сол айтқандай, өзің депутатсың, өзің заң бұзасың, мұның қалай, қай қисынға жатады, бай болғанда бақырып бола ма екен, – деудің орнына «Сіз», «біз» деп сызылып, тауды бөлшектеп жатырсыз ба? – деп сұрақ қойыпты Инна Стонина өткендегі «Курс» газетінің бетіндегі сұхбатында» деп, депутат бола тұрып Яндиев дегеннің Көкшетауға көрік беріп тұрған Бұқпа тауының «етегін ойып, қабырғасын ырситып» жатқан оспадарлығын бетіне басып, оған ерік берген бірқатар шенеуініктердің «ай қарап» отырғандығын әшкерелей келіп, осындай ордаңдағанға осал сұрақ қойып, солқылдақтық танытқан тілшіні деп бір түйреуден бастайды.
Айтты-айтпады бұ не дәрменсіздік? Біреуің болмаса біреуің тоқтатыңдар мына бассыздықты. Ел емеспіз бе!» деп аяқтайды. Оқыған, осы сөзді естіген жұрт сілтідей тынғандай сезіледі бізге. «Ел емеспіз бе?!» деу үшін де дуалы ауыз, арың таза, өмірің өнегелі, өрелі азамат болуың керек қой!.. Әне, Мәтен ағай сондай ердің сойынан еді! Солай жазатын, солай айтатын! «Ел атынан сөйлеу үшін ең алдымен кердеңдік емес, кемелдік керек екенін ескерсең етті, бауырым!» дейді осы кітаптың 11-ші бетінде. Өзінің өресінен биік сөз айтқан, сөзі мен ісі қабыспаған әлдекімге қарата айтқаны. Ұстанымы көрініп тұр. Жастарды «Дүниеге қызықпа, өнеріңді ұста, сол тазалығың, адал еңбегің арқасында ел алдында абыройлы боласың» деп үйрететін. Осы беттегі: «Азаматты сөзіне емес, ісіне қарап бағалағанда ғана халықтың тағдыры осыншалықты додаға түсе қоймаған болар еді» деген пікірін ой елегінен өткізіп көріңізші. «Қазақстандық ұлттың» өзіндік тілі жоқ. Тілі болмаған соң ұлт қайдан болады?» деп, тағы бір зілдей сұрақты алдыңа көлденең тастайды. Ал, бұлтарып көрші! Мұндай үлкен ойдың тамшыдай ғана сығындысы дерлік айтқандары баршылық. «Дауға қиғанмен жауға қимайтын, өкпеге қиғанмен өлімге қимайтындар бары рас. Қазақтың біразына осыны ұғындыру қиын-ақ. Әлгі айтқанның қайсысына болсын қия береді. Артынан ал кеп еңірейді. Өтірік еңірейді». Осы ойын ойнап отырып оқуға болар ма? Неше түрінің куәсі болып жүрген жоқпыз ба? Бұл не ұлттың азуы ма, ашуды алға оздырудың лаңы ма, іштарлықтың етек алып, кеңпейілділіктің құлдырап құздан құлап бара жатқандығының көрінісі ме? «Қазақ – қонақжай» деген ұғым санамызды жаулағалы қашан. Ретімен болса – құба-құп. Ретсізі – дарақылыққа апарып соғады. Ал, дарақылық оңған қасиет емес». Бұған не дерсіз? Айналаңызға қарасаңыз дарақылық дарылдап алдыңыздан шыға келердей қуыстанасыз. Ал, мына бір жазғанымен жаңағы пікірін дәлелдеп, жүгін мойныңа іліп жіберетіндей: «Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі, дейді. Мұнысы керісінше ез адамның ісіне көбірек ұқсаңқырайды. Тас-пен атқанды аспен ат, деп тұр. Горбач бүкіл қазақты қаралап, «махровый национализм», подавить! – деді. Есесіне оны тайраңдатып Алматыға шақырдық, жатып жастық болдық. Аспен ату деп соны айтады. Ерлік емес, ездік!» Бұл жалпақшешейлігімізді қалай ақтап аламыз? «Елдің, ердің намысын таптап жатса үндемей қалу, оның астамшылығын бетіне бас-
пай жайылып төсек, жығылып жастық болу қонақжайлылыққа жатпайды, керісінше қорқақтық болады» деп тұрған жоқ па?
Одан әрі оқиық. «Мені көр де қазақты таны» дейді Олжас. Онысымен толық келісемін. Қазақ – Талант. Олжас та талант. Мәскеу де, Париж де, басқасы да Олжасты танып еді, қазақты да тани бастады. Қазақ оның үстіне қайырымды, мейірімді, Олжас та орысқа сондай мейірімді. Қазақ – зерделі, өткенін есте ұстайтын халық. Олжас та өткенге салауат айтқыш, ыждаһатты. Қазақ – дана. Олжас та дана, дара. Қазақ кейде өтірік мақтайды, Олжас та бұдан құр алақан емес. Қазақ кейде екі сөйлейді, Олжас та! Алма ағашынан алысқа түспейді, дейтін. Бұл да сол». Көрдіңіз бе? Күлбілте, көңілге қарау, жасқану жоқ. Ұлтының, ұлтының оза шапқан ұлдарының кемшілігі өзегін өртесе де соны жасырмай айтқанды жөн көреді. Шындық жүзіңді күйдірсе де көтересің. Қайда барасың? Шындықтан асып барар жерің жоқ.
«Бексұлтан Нұржекеұлы «Өкінішті» дейтұғын мақаласында («Қ.Ә.» №7, 2010 ж.) «Ел бірлігі» доктринасында тілімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін сұмдық нәрселер бар, деп елді, жастарды дүрліктіріп аштық жария-лап жүрген ағаларымыз бен замандастарымыз тіл заңындағы осы бапқа қарсы ашаршылық жарияласа ғой, шіркін! – Нағыз халық қамын ойлаған тірлік сол болар еді, әттең! – деп қапаланады. Жарайды Мұхтар Шахановтар Бексұлтан айтқан заңның бұзылған-бұзылмағаны үшін аштық жариялауды ескермеген екен, ал ол ағаттықты көріп-біліп, оған жаны күйіп, жер боп отырған өзі неге аштық жарияламайды? Кім қолын ұстап отыр, жарияласын. Біреуді айдап салуға машықтығың бұ жолы тағы бір танылды. Нағыз өкініштісі – сол, Бексұлтан мырза!». Бұл қамшысөзі «Ой-толғақтың» 51-ші бетінде. Мұндай әдеттен түгел адамыз ба? Үй сыртында отырып: «Анау неге өйтпейді екен, мұнау неге бүйтпейді екен?» деп қысыр сөзді судай сапырып, іссіз-дымсыз, қол қусырып отырарымыз өтірік пе? «Зәкеңмен (Заманбек Нұрқаділовты айтады) кезінде қызметтес болған әріптестерінің, әкімдердің, министрлердің бірде-біреуі Кеңсайға келіп, Зәкеңнің аруағы үшін бір уыс топырақ салуға жарамады! – деп жазды орталық газеттердің бірі. Мерт болған Зәкеңді қойып, өз ажалынан бақилық болған Ерекеңе де (Еркін Әуелбеков) ірі шенеуніктердің бірде-біреуі төбе көрсетпеп еді-ау. Қандай ұқсастық десеңізші!» деп өкінішті бір ойын тағы шегелеп кетіпті… Мәтен ағамыз ана тіліміздің тазалығы, шұрайлылығы үшін де өмір бойы күресіп өткен жан. Әлдебір сөздің дұрыс айтылуы, жазылуы туралы дискуссияға қызына кірісіп кететін әдеті болушы еді. Енді қайтсін, жаны шыдамай кетеді-дағы. Тіл жөнінде талай-талай көлемді мақалалар, әзіл әңгімелер, бірқақпайлар мен шымшымалар да жазды. Әйтеуір, бұл мәселе назарынан тыс қалған емес. Міне, «Ойтолғақтың» 47-ші бетінде мынадай пікірі жүр: «Қазақтың тілін шырайландырамыз деп, шама жеткенше шұбарлап жатырмыз. Тіліміз «хана» жалғауының астында қалатын болды деп зарлап келе жатқаныма өзім ұялатын халге жеттім. (Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды деген сықылды ғой.) Асхана-дәретхана дейтіндерден бас-тау алған бұл үрдіс жыл сайын емес, ай сайын, я болмаса күн сайын қанатын кеңге жайып, ұлғайып келеді. Бұрын жиырма шақты (мүмкін одан да көп) «ханаларға» қоса осы жуырда ғана мәйітхана, түнеухана дегендерді «ҚӘ» газетінен кездестірдім. Сөзім дәйексіз болмас үшін бұдан 5-6 жыл бұрын жазған «Парсының «ханасы» қазаққа «пана» болғаны-ай», дейтін шымшымамды келтірсем де болатын еді, бірақ көзіқарақты оқырман өзі де түсінетін шығар деп тежелдім». Бұл оның мінезінің бір қыры – табандылығын да байқатып тұр. Ол мәселені екшеп-елеп барып өз пікірін алға тартатын да, сол ұстанымынан айнымайтын. Көтерген уәжін айтып қоя салмай, оған қайта-қайта оралып, оқтын-оқтын оның дұрысын еске салып отыратын. Мысалы, Көкшенің біртуар талантты перзенті, суреткер ақын Еркеш Ибраһимді ұлықтау жөнінде. Әуелбековке ескерткіш қоюды қалай көтерді. Оның арман-мүддесі қазақтың оянуы, рухының көтерілуі болғанын баяндай келіп: «…Осындай тұлғаға ескерткіш қоюға ат айналғысыз Көкшетаудан бір орын табылмай отыр, дегені жай ғана сылтау болар. Әлдекімдерден тайсақтағандық шығар-ақ» деп «Бұқпаның» 2009 жылғы 28 қарашасында жазыпты. Одан бері не заман?
…Қолында үйден қарап, түзеп-күзеуге алған, газетке кеп түскен хаттар мен тілшілер жазған мақалаларды салған қара дипломаты, үстінде тон, басында қаракүл папахасы, Арқаның аязын қақ жарып, ақ қарды сықырлата басып, алатаңнан жұмысқа келетін. Күннің суығын сөкпейді. Қайта «Ауа шіркін таза екен. Аяз ғой!» деп мақтап қоятын. Ол туып-өскен жерін сүйетінінің, мақтан тұтып, қадірлейтінінің нышаны. «Кешегі жазғаныңды оқыдым, қатырып жазыпсың!» деп біздей жастарды қанаттандырып қояды. «Елдің қамын ойлап, халықтың жағында болып жазсаң – ешқашан қателеспейсің!» деп күнделікті айтатын ақылын тағы бір нықтайды, сосын. Аязды даладан кірген, ініге қамқорси, елдің қамын ойлай сөйлеген осы қалпында жарықтық Ахаң-Жахаңдардың бірі, солардың сарқыты сияқты көрінетін. Алты Алаштың жерін аралап, жоқ-жітігін бағамдап келгендей… Расында да Ахаңдар салған асыл жол ешкімді адастырмайды ғой.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий