Отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков пен Мұхтар Алтынбаевты өткен жылы облыс орталығында ашылған осызаманғы жетекші кәсіпорындардың жұмысымен таныстырды. Меймандар онда шығарылатын өнімдердің сапасына лайықты баға берді.

Мәртебелі меймандар – Сенат депутаттары біздің қаламызға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын кеңінен насихаттау үшін келген-ді. Ал, халық қалаулыларының озық технологиямен жабдықталған жергілікті өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен жақынырақ танысуға ықылас білдіруі – ондағы жұмыс ырғағының жоғары стандарттық сапаға сәйкес ұйымдастырылуында. Сенат депутаттары алдымен «Бижан» ет өндіру кешенінде болды. Бұл кәсіпорын шұжық өнімдерін, ұлттық басқа да тағамдар мен жартылай фабрикаттарды шығаруға бейімделген. Биылдан бастап мұнда бұқтырылған ет пен каша консервіге салынып шығарылуда. Осындағы жұмыс ырғағымен жақынырақ танысқан сенаторлар өнімнің сапасына жоғары баға берді.
«Ақмола бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы мәртебелі меймандарды құшақ жая қарсы алды. Бұл кәсіпорын өңірді индустрияландырудың картасы шеңберінде ашылған-ды. Оның жобалық қуаты 2 миллиард теңгені құрады. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын дәнді және майлы дақылдарды сақтау және қайта өңдеумен айналысады. Құс шаруашылығы үшін құрама жем және ұн өнімдерін шығарады. Іске қосылған сәттен бастап мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясы» кәсіпорнының жұмысы да көңілге қуаныш ұялатады. Мұнда МТЗ тракторынан басқа коммуналдық қоқыстарды және көше бойларындағы қарларды жинайтын техника да құрастырылуда. «Шабын» отандық пресс-подборщик шығару да қолға алыныпты. Бұл техника негізінен ауылшаруашылығы саласында қолданылады. Оның көмегімен шөпті нығыздап жинауға болады. Мұндай жағдайда шығын азайып, өнімнің сапасы жақсарады. Сапар соңында сенаторлар Солтүстік өндірістік аймақтағы «Grand Royal Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа ликер-арақ-шарап заводында болды. Бұл кәсіпорын үшін шикізатты Айдабол спирт заводы береді екен. Ал, шыны ыдыстар Алматы мен Омбы қалаларынан әкелінеді. Осында жұмыс істейтін 70 адамның көмегімен кәсіпорын ұжымы жылына 1 миллион шыны алкогольді ішімдіктер шығаруды ұйғарып отыр. Қолжеткен жетістіктермен бірге Сенат депутаттары көпшілікті толғандырып отырған бірқатар әлеуметтік мәселелерге де қатты назар аударды. Оның лайықты шешім табуына өз тараптарынан уәде берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс