Отандық тауарлар насихатталды

«Көкшетау» мәдениет сарайының алдында жайылған ақ шатырлар, ірілі-ұсақты ауылшаруашылығы техникалары халықтың назарын бірден өзіне аударды. «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме-жәрмеңкесіне облыстың барлық аудандары, қалаларынан келген отандық 100-ден астам тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Әр- түрлі салаға маманданған олардың бірі шетелге дейін танымал брендтері бар ірі кәсіпорындар болса, енді бірі бизнестің дәмін енді татып, қадамын енді ғана басқан жас кәсіпкерлер. Бірақ бәрі де өзінің табысқа жететініне сенімді. Қатысушыларды облыс әкімінің міндетін атқарушы Василий Крылов құттықтап, табыс тіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Асен Жақсылықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбековтер де халықты отандық өнімге көбірек назар аударып, нағыз патриот болуға шақырды.

Көрме-жәрмеңкеден күнделікті дас-тарханда болатын ет, сүт өнімдерінен бастап, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын да табуға болады. Тағы бір ерекшелік, тауарлар тек сөрелерде жатпай, халыққа төмен бағамен сатылды. Сол жерде жұмыс істеген комиссияның шешімімен аймақтық іріктеу кезеңінен 9 кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» байқауына жолдама алды.
Соңғы кездері халық та өзіміздің отандық тауарларға бет бұра бастады. Олардың сапалы әрі табиғи заттан жасалатынын ескерсек, денсаулыққа да пайдалы екеніне дау тумайды. Көрме-жәрмеңкеге қойылған ет, сүт өнімдерінен бастап, қарапайым тоқыма, тері, ағаш бұйымдарының өзі жергілікті табиғи өнімдер. Сырттан әкелінетін, сапасы сын көтермейтін заттардан аузымыз күйіп жатқанымыз шындық. Соның өзінде бағасының арзандығына қызығып қалатынымыз рас. Дегенмен өз жеріміздің суын ішіп, шүйгін шөбін жеген малдың етін, сүтін тұтынғанға не жетсін, соны түсінетін уақыт та келді. Бүгінгі көрме-жәрмеңкенің де мақсаты халықтың назарын өз тауарларымызға бұру, оларды көбірек тұтынуға, пайдалануға шақыру. Көптеген тауарлардың бағасы төменірек болып, жергілікті тұрғындардың сатып алып жатқанын көзімізбен көріп, қуанып та қалдық. Кешке дейін жалғасқан көрме барысында лотерея сатылып, түрлі сыйлықтар мен шипажайға демалуға жолдамалар ойналды. Бұл да бүгінгі шараның қызықты әрі тартымды өтуіне ықпал етті.
Нәтижесінде «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымы бо-йынша «Тыныс» акционерлік қоғамы, лифт қондырғыларын өндіретін «Sky Express Elevator», темір-бетон өнімдерін шығаратын «Сапа су» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жеңімпаз деп танылды. Құс, мал шаруашылығына маманданған «Ижевский», бал өсіретін Добровольский А. өндірістік кооперативтері, ағаштан ұлттық бұйымдар жасайтын «Блэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында үздік шықты. Қазақстанда ұн өндіретін ең ірі кәсіпорын «INTER TRADE», шұжық және ет өнімдерін шығаратын «Бижан», сүт өндіруші «Көкшетау сүт зауыты» серіктестіктері «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша бағаланды. Аталған кәсіпорындар биыл Астана қаласында қазанның 12-13 аралығында өтетін «Қазақстанда жасалған» отандық тауар өндірушілерінің республикалық көрмесіне өз өнімдерін апаратын болады. Бұл күні, сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің белсенді бірнеше өкілі алғыс хаттар және грамоталарға ие болды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбековтың айтуынша, осы жылы «Ақмола өнімдері» деген облыстық бренд жанданып, өткізілген көрме-жәрмеңкенің қорытындысына сай осы атаумен арнайы каталог шығарылмақ. Оған өңірдің 500-ге жуық тауар өндірушісінің есімі енгізіледі.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий