Отандық фильмдер көрерменді көбейтті

Оқырман азайып, көрермен көбейген бүгінгі заманда ғаламшардан іздегеніңді ғаламтордан табу қиындық тудырмайды. Жаһандану дәуірінде жас ұрпақты ұлттық нәрмен сусындатудың өзі үлкен мәселе. Бұрындары отандық арналардан корей мен үндінің телехикаялары көп берілгендігі жасырын емес. Осы және өзге де олқылықтардың орны толғанын отандық телетуындылардың көбейгенінен көруге болады.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен рухани құндылықтарын насихаттайтын телеөнімдерге көңіл бөлінуде. 2017 жыл отандық кино өнері үшін құтты жыл болды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, былтыр түрлі жанрдағы 40-қа жуық отандық туынды көрерменге жол тартты. Олардың ішінде анимация, деректі және көркем фильмдер бар. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сан түрлі жанрда түсірілген туындылар әртүрлі жастағы аудиторияға арналған. Былтыр «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 15, «Хабар» агенттігі – 13, жекеменшік арналар 13 сериал түсірді. Биыл қазақстандықтар отандық телеарналар түсірген бірнеше жаңа телехикаяны тамашалай алады. Көктемгі маусымда қазақстандық көрермендер назарына 20 ғасыр басындағы маңызды оқиғаларды қамтыған «Тар заман» тарихи драмасы, қоғамның түйткілді проблемасын көтерген «Асыл арман» мелодрамасы, қазақ батырларының өмірінен сыр шертетін «Батырлар жолы» тарихи телехикаясы және қазақстандық арнайы қызметтердің күрделі жұмысын баяндайтын «Красный уровень» сериалы жол тартады.
«Тар заман» телехикаясы толығымен қазақ тілінде. Сериал көктемгі маусымында көрермендер назарына ұсынылады. Бұл 20 ғасырдың басындағы түрлі тарихи-драмалық оқиғаларға арналған сериал. Өте ауқымды жоба болды, біз мұқият кірісіп, ұзақ дайындалдық бұған. Арнайы кеңесшілер тобы құрылды. Актерлерді бүкіл республика бойынша іріктедік. Сериал бірнеше жерде – Алматыда, Талдықорғанда, Жамбылдағы Меркіде, Павлодардағы Баян-ауылда және Орынборда түсірілді. Сериалда 37 тарихи кейіпкер суреттелген. Бұл ең бір сәтті шыққан жобалардың бірі болады деп үміттенемін. Көрермендер тарапынан да үлкен қолдауға ие болады деп ойлаймын», – дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Ал, «Батырлар жолы» атты тарихи сериал «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Аталған туынды отандық телевизиядағы алғашқы күрделі тарихи сериалдардың бірі деп айтуға болады. Себебі телеарналар тарапынан бұған дейін мұндай жоба жасалмаған. Биыл бұл өнім «Қазақстан» арнасының «Тар заман» жобасы секілді толықметражды фильм ретінде кинотеатрлардан көрсетіледі, кейін «Хабар» арнасының эфирінен сериал түрінде көпшіліктің назарына ұсынылады. Тарихи телехикая батыр бабаларымыздың қиындықты қалай жеңгені, қалмақтармен соғыста қалай бірлік танытып, найзаның ұшымен елімізді қалай қорғап қалғаны жайында баяндайды. «Батырлар жолы» 17 мен 80 жас аралығындағы көрермендер рухани байлық алатын дүние болады деген сенімдеміз,–дейді «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Думанұлы. Сондай-ақ, «КТК» арнасы осы жылдың наурызында 8 бөлімнен тұратын «Красный уровень» телехикаясын көрермендер назарына ұсынады. Телехикаяда қазақстандық арнайы қызметтердің терроризм мен экстремизмге қарсы күресі, олардың қызметі сипатталған. Басты рөлдерде танымал актер Берік Айтжанов пен Тәуекел Мүслім ойнайды. Сериал авторларының айтуынша, түсірілім кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің консультанттары жұмылдырылды. Соның арқасында өте шынайы әрі әсерлі телеөнім жасалған.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий