Отандық өндіріске серпін беріледі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 23 қыркүйекте Көкшетау қаласына жұмыс сапары аясында «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, ондағы құрастыру үдерісімен және шығарылатын техника үлгілерімен танысты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, ардагерлер, ауылшаруашылығы кәсіпорындарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ, бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбасының амандық-саулығы мен жаңа табыс және бақ-береке тіледі. Облыс тұрғындары атынан сөз алған   «Ижевский» өндірістік кооперативінің директоры, Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов, ауылшаруашылығы саласының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиев, Ақмола облысы поляктары бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий, бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде атқарылған игілікті істерге тоқталды. Қазақстан Президентіне жылы лебіздерін білдірген олар туған өлкесіне ұдайы қамқорлығы мен экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарып жатқан жұмысы үшін ризашылық білдірді. 

Қазақстан Президенті жиналғандарға арнаған сөзінде Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тұрақты экономикалық өсім мен жоғары әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ете алғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда Қазақстанға келген инвес-
тиция көлемі 250 миллиард АҚШ долларынан асты. 1995 жылдан бері қазақстандықтардың табысы 40 еседей өсті. Тұрғындар әл-ауқатының артуы өмір жасының ұзақтығын 67-ден 72 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік берді. Бала туу өсімі – 60%. Бұл орайда балаларға төленетін жәрдемақы өсімі 7 еседен асты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың басты қайнар көзі аграрлық сектор екенін атап өтті. Астананың бір ғана азық-түлік белдеуі аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін 85 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн мен егін егетін кешен сатып алынды. Өңірдің туристік саласы жоғары қарқынмен даму үстінде. Жыл сайын облысқа жүз мыңнан астам турист келеді, оған Щучинск-Бурабай курортты аймағына мемлекеттік қолдау көрсетілгені де септігін тигізіп отыр. Келер жылы жазда Астанада маңызды тарихи шара – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысады. Олардың көбі Астанаға ғана емес, осы өңірдің туристік нысандарын да тамашалауға келеді.
Кездесу аясында облыс әкімі Сергей Кулагин өңірдің негізгі әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ, оны дамыту перспективалары туралы баяндады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құны 4 миллиард теңгенің 16 жобасы іске асырылуда. Шағын және орта бизнеске серпін берілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына бөлінген 6,4 миллиард теңге толық игерілген. Өңір басшысы орақ науқанының барысына да тоқталды. Осы күнге дейін облыс диқандары барлық егіс алқабының 82 пайызын, яғни 3,6 миллион гектар жердің астығын бастырған. Өнімділік 13 центнерден келеді. Өңір басшысы сонымен қатар мал және құс шаруашылығының дамуы жайлы да айтып берді. Қазір облыста ет және сүт бағытына маманданған 30 шаруашылық бар. Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасы бойынша құны 9,2 миллиард теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылуда. Облыстың ауылшаруашылығы құрылымдары үшін Астана өз өнімдерін тұтынатын ең ірі рынок болып табылады. Қазіргі күні облыс шаруашылықтары Елорданы ұнмен 100 пайыз, жұмыртқа және картоппен 52 пайыз, ет өнімдерімен 50 пайыз мөлшерінде қамтамасыз етуде. Өңірдегі «Алтынтау-Көкшетау», «Қазақалтын», «Қазатомпром» сияқты ірі өндіріс орындарының қуаттылығы мен даму қарқыны жоғары. Мұның өзі алдағы үш-төрт жылда аграрлы аймақтан индустриалды-аграрлы аймаққа айналуға кепілдік бермек. Мемлекеттің қолдауы арқасында тәуелсіздік жылдары өңірде 200 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 2,2 есеге азайды. Ақмолалықтардың кірісі 10,2 есеге өсті. 25 жыл ішінде облыста 530 мектепке дейінгі ұйым, 40 жаңа мектеп және 34 денсаулық сақтау нысандары ашылды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс