Отандық өндірістің көш бастаушысы

Үдемелі индустриялық-инновациялық жоба шеңберінде серпін алып келе жатқан өндіріс ошақтарының бірі – «Көкшетау минералды сулары» зауыты. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде өндірілетін өнім түрлері ғана емес, олардың сапа көрсеткіштері де еселеніп, бәсекеге қабілеттілігі арта түсуде. Дәлірек айтар болсақ кәсіпорын жұмыс істеген уақыттан бері бюджетке 50 миллиард теңге салық төленіпті. Бұл осында еңбек ететін бір мыңға жуық жұмысшының игілікті іске қосып отырған үлесі.

Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Ақмола облысында болған сапары кезінде отандық өнім шығарумен айналысатын жетекші кәсіпорын – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік кәсіпорнында алкогольсіз сусындар шығаратын желіні іске қосты.

● 1991 жылы іргетасы қаланған бұл кәсіпорын шығарған өнімдер халықаралық конкурстарда сан мәрте жүлдеге ие болды. Маркетологтардың есебі бойынша қазақстандықтар «Тұран» табиғи ауыз суының 1 миллиард литрін тұтыныпты. Бұл – кәсіпорынның рыноктағы беделін өсіретін жағымды көрсеткіш.

Өзінің 25 жылдық тарихында зауыт талай қиындықты еңсерді. Өрлеу де, нарықтың қатал қағидаларына төтеп бере алмай құлдыраған кезеңдер де болды. Кәсіпорынның әр жылдары қол жеткізген табыстарын акционерлік қоғам президенті Мұрат Ахметов ел тәуелсіздігімен байланыстырады. Геологиялық зерттеулердің нәтижесінде Қошқарбай және Бурабай қойнауынан бағалы қайнарлар табылып, алдымен «Құлагер-Арасан», 1996 жылы «Тұран» сулары шығарыла бас-тады. Алкогольді өнімдер қатары да молая түсті. Зауытқа мыңнан астам адам жұмысқа тартылып, олардың табысы да толығу үстінде. Қазір өндірілетін өнім түрлері көбейген. Негізінен табиғи қоспалар пайдаланылатын өнімдер әркез сұранысқа ие. Олардың қатарында газдалған және газдалмаған су мен тәтті сусындар бар. Қондырғылар толықтай жаңартылды. Сондықтан сапалы әрі табиғи өнім өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорын өндіретін өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сан мен сапаны қатар үйлестірген минералды су зауыты Ресейдің 5 облысына отандық өнімдерін шығаруда. Енді Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігін отандық өніммен қамтуға құлшыныс танытып отыр. Экономиканың көш басында келетін кәсіпорынның осыдан бес жыл бұрын Омбы қаласында алғашқы өкілдігі құрылған. Ал, қазір Нижний Новгород, Санкт-Петербор, Нижневартовск қалаларында қазақстандық сусындар самсап тұр. Бірте-бірте тауар түрлері көбейіп, сумен қатар тәтті сусындар, газдалған алкогольсіз ішімдіктер, салқын шай Ресей нарығын жаулап алары сөзсіз.
Алдағы күндері емдік шипасы мол дәрумендерге бай тәтті сусын шығаруды жоспарлап отыр. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашылуда. Соңғы 15 жыл бойы «Тұран» брендімен («TURAN») Ресей Федерация-сына минералды сулар мен алкогольсіз сусындар тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Бұл кәсіпорынды өнім түрлерін көбейтуге, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылдыратыны анық. Зауыт шығарған табиғи таза сусындарды еліміздің барлық өңірінен кездестіруге болады және тұтынушылар тарапынан жақсы бағасын алғанын айтуымыз керек. Қазіргі күні кәсіпорында экологиялық таза аймақтардан бутилденген табиғи минералды су шығару бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық маңызы бар ең үздік инновациялық қазақстандық кәсіпорынды құруға арналған жаһандық жаңғырту басталды. 2020 жылға дейін табиғи минералды суды жылына 400 миллион литрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланған. Ел тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан зауыт бүгінде халықаралық «Asia Waters» холдингіне кірді.
«Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында биыл жаңа инновациялық желі іске қосылды. Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 миллиард теңге қаржы жұмсалды және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалды. Жаңа өндірістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейді. Яғни, сусынды дайындап, өздері жасаған құтыларға құйып, тұтынушыларға да-йын өнімді үздіксіз жеткізеді. Мұнда германиялық ең соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Жұмыстың бәрі автоматтандырылып, компьютерлік бағдарламамен басқарылады. Кәсіпорын 1991 жылдан бастап көптеген зерттеу институттарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Табиғи судың сапасын ұстап тұру үшін Германияның Фрезениуса, Украинаның Одесса және Ресейдің курортологтарымен ғылыми-зерттеу бағытында тәжірибе алмасуда. Зауытта өнімдер бес желілік сипатқа біріктірілген. Әсіресе, Германияның «Krones» фирмасының алкогольсіз сусындар құю жүйесінің пайдасы зор. Ол сағатына 12 мың шөлмек шығаратын қуатқа ие. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде, небары 10 айлық рекордтық мерзімде пайдалануға берілген желі жетістіктерімізге серпін бергені айқын. Сондай-ақ, осы жоба аясында Қазақстанда бірінші болып суды микробиологиялық сүзгіден өткізетін «Pall» қондырғысы орнатылғанын баса айтқымыз келеді. Осылайша Көкше өңіріндегі іргелі кәсіпорынның өрісін кеңейтетін тағы бір жаңа жоба іске қосылды. Осының нәтижесінде өндіріс қуаты арттырылып, жаңа табыс арнасы ашылды деуге болады. Қала құраушы кәсіпорын бюджет қоржынын толықтыру арқылы әлеуметтік саланың дамуына сүбелі үлес қосатыны белгілі.
– Акционерлік қоғам соңғы жылдары техникалық және технологиялық жаңғыртуларға айрықша ден қоюда. Зауытымыздың өндірістік алаңдары елеулі ұлғайып, автоматты жүйе қалыптасты. Зертханаларымыз заманалық құралдармен жабдықталған. Осының нәтижесінде тұтынушыларымызға өнімдеріміздің жүзден астам түрін ұсынып отырмыз. Соған сай мұндағы мамандарды Алматыға арнайы жіберіп жаңа технологияларды үйреттік. Сондай-ақ, бізде біліктілікті арттыру үшін арнайы емтихан қабылданады. Жұмыс қабілетіне қарай жалақы да өсіп отырады, – дейді дейді зауыт операторы Ардақ Ғазизов. Кәсіпорын жұмыс істеген уақыттан бері бюджетке 50 миллиард теңгеге жуық салық төленген. Оған осында жұмыс істейтін 1 мыңға жуық жұмысшының қосып отырған үлесі зор. Ынтымақты ұжым ел мерейін еселеу жолында әлі де екпінді істерімен таныла беретіні анық. Жалпы, зауыттың жылына 45 миллион литр алкогольсіз және 1,5 миллион спиртті өнімдер шығаратынын ескерсек, экономикалық-әлеуметтік жетістіктер резервінің кеңдігін аңғаруға болады. Бұл өндірісті нығайтуға 880 миллион теңге инвестициялық қаржы салынғанының арқасы деуіміз керек. Түпкі қайтарым да көңілдегідей. Жыл сайын 9 миллиард теңгенің өнімін сауда айналымына түсіретін кәсіпорын жыл ішінде 2,5 миллиард теңгені салық түрінде аударыпты. Желілер екі ауысыммен жұмыс істеуде. Тапсырыс көбейген сәтте жалдамалы жұмысшылар да тартылады екен.
Кәсіпорын басшысы Мұрат Ахметов кәсіпкерлік қозғалыстағы табыс жиынтығы қарапайым қағидаттарды сақтаудан құралатындығын айтады. Мәселен, үш шарт мүлтіксіз орындалуы тиіс: біріншіден, сапалы өнім шығару, екіншіден, салық пен басқа да өтемдерді төлеу тәртібін қатаң сақтау, үшіншіден, өндірістік мүлік пен жабдықтарды мұқият ұстаумен бірге, еңбек ұжымына әлеуметтік көмек көрсетіп, қамқорлық аясын кеңету. Нарықтық қатынастарды нығайтып, бизнес әлемін ажарландырудың бұдан басқа кілті жоқ. Серіктестік қаланың шеткі шалғай түкпірінде орналасқанымен, адамдардың жұмысқа қатынауында еш қиындық жоқ. Шетелдік жайлы автобус-тар адамдарды таңертең әкеліп, кешкілік жеткізіп салады. Ұжым мүшелерінің алаңсыз еңбегі отбасына жылы шырайлы моральдық жайлылықпен қатар, өндірістік серпін әкелетіні белгілі. Алдағы уақытта емдік шипасы бар табиғи су көздері медициналық туризм саласында қолданылатын болады. Сол себепті «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы мен курорт, сауықтыру орындары, пансионаттар, шипажайлар, медициналық туризм қызметін ұсынатын мекемелермен меморандум жасалды. Кәсіпорын курортты аймақтағы шипажайлар мен сауықтыру орындарына өздерінің табиғи минералды ас суларын үзіліссіз жеткізіп отырады. Жергілікті жердегі табиғи көздерден алынатын экологиялық жағынан таза «Тұран», «Құлагер-Арасан», «Свежесть» ас сулары қазіргі заманғы озық технология бойынша дайындалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның тұтынушыға жедел табиғи емдік минералды ас суларын жеткізудегі көліктік-логистикалық жүйесі де жақсы дамыған.
Әлем назарындағы Астананың рыногына ену – кез келген тауар өндіруші үшін үлкен мерей. Еліміздің солтүстік өңіріндегі сусын өндірісінің көшбасшысы «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы алғашқы күннен бастап бас қала тұрғындарының құрметіне бөленген ұжым болып табылады. Қазір Елорданың кез келген сауда нүктелерінен Көкшетауда шығарылған минералды сулар мен шырындарды көптеп кездестіруге болады. Бүгінде кәсіпорын саны мен сапасы келіскен жүзден аса өнім түрін шығарады. Сондай-ақ, былтырғы жылдың соңына дейін су құйылып келген шиша шетелден импортталған болса, биылдан бастап зауыт бөтелкелерді өздері шығара бастаған. Яғни, «Turan» жүз пайыз отандық өнімге айналды. Енді «Азия Су» халықаралық холдингтің құрамына енген кәсіпорын өз өнімдерін Азия елдеріне шығармақ. Алдағы межелері жайлы кәсіпорын басшысы былай дейді: «Экономиканың дамуымен қатар нарық талабындағы бәсекелестік те өсе түсетіні баршаға мәлім. 25 жылдың әр белесінде бағындырған биіктер отандық өндірісті нығайтуға жол ашты. Біз талғамы биік тұтынушыларға қызмет етеміз. Тауарды ұсынудағы маңызды талаптың бірі – өнімнің сөрелерге қандай ыдыста, қандай дизайн мен формада орналастырылатынына да байланысты. Мақсатқа жетудің сыры құпия емес. Түрлі жасанды қоспалар мен бояғыш заттардың денсаулыққа зиян екендігін тұтынушылар жақсы біледі. Ал, біз өз өнімдерімізді әркез табиғи күйінде ұсынамыз». Маркетолог мамандардың есебі бойынша ширек ғасыр ішінде қазақстандықтар «Тuran» табиғи ауыз суының 1 миллиард литрін тұтынған екен. Кәсіпорында бүгінгі таңда 1322 адам еңбек етеді. Яғни, Көкшетау қаласындағы әрбір оныншы адамды жұмыспен қамтып отыр. Осынау іргелі көрсеткіштер «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының нық қадамдарын айқындайды. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығы онымен құрдас кәсіпорынға көптеген міндеттер мен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Сондықтан, ынтымақты ұжым ел мерейін еселеу жолында екпінді істерімен таныла береріне сенімдіміз.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс