Отан қорғау – абыройлы міндет

DSC_0852

Облыс орталығындағы Тәуелсiздiк алаңында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шеру өтті.

Салтанатты шараға Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары, жа-уынгер-интернационалистер, Чернобыль ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер, оқушы жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары қатысты.

Әскерилерді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова оларға күн сайын атқарып жатқан қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруге өңір басшысының да қатысып отырғанын атап өтті. – Бұл күн барша қазақстандықтар үшін ерекше күн. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері барлық халықаралық стандарттарға сай, ең мықты және заманауи үлгідегі әскери техникамен қаруланған. Мұның бәрі әрине, ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Қазақстанның әскердегі қызметкерлері мемлекетіміздің, әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғайды, олар халықаралық міндеттемелерін орындай отыра бітімгерлік миссияларға қатысады. Мемлекетіміздің қорғаныстық күш-қуатын нығайтуда ақмолалықтар да өз үлестерін қосуда. Жыл сайын өңірімізден мыңдаған бозбала әскерге аттанады. Бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты сақтауға қатысу – әрбір азаматтың борышы. Ардагерлерге денсаулық пен ұзақ ғұмыр, сарбаздар мен офицерлерге қызметте жеміс тілеймін, – деді ол өзінің құттықтау сөзінде.

Бұдан әрі салтанатты марш ойналып, сап түзеген әскерилердің шеруі басталды. Сайдың тасындай іріктелген сардарлар мен сарбаздардың бір-бірімен иық тірестіре аттаған адымдарынан әскери өмірдің қаншалықты темірдей тәртіпті қажет ететіндігін айқын аңғарасың. Әскери сап түзеуге облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, 5510-шы әскери бөлімшесінің әскери қызметкерлері, білім беру ұйымдарының әскери-патриоттық клубы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің әскери кафедрасында дайындық курсын өтіп жүрген Қазақстан әскерінің болашақ офицерлері қатысты. Жанайдар Мусин атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің «Томирис» рухани-патриоттық және «Айбын» әскери-патриоттық клубтарының, Көкшетау қаласының жоғарғы колледжі, Красный Ярдағы №3 агротехникалық колледжі, Көкшетау қаласының №1 сервистік-техникалық колледжі студенттерінің көрсетілімдері жұртшылықтың көңілінен шықты. Шара барысында бір топ әскери қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хаттары салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұл күнгі өнер ұжымдарының дайындаған мерекелік ән шашуы да темірдей тәртіпке көндігіп, елі мен жерінің тыныштығын күзетіп жүрген Отан қорғаушыларымыздың құрметіне арналды.

Ә. ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий