Отан қорғау – ортақ борыш

Көкшетауда Отан қорғаушылар күні мен ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 27 жыл толуына орай мерекелік шеру өтті.

Абылай хан алаңында сап түзеген әскери бөлімше сарбаздары мен әскери-патриоттық клуб өкілдеріне «Тік тұр!» – деген бұйрығын беріп, облыстық қорғаныс істері бойынша департаментінің басшысы Руслан Қасымов облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға дайын екенін баян етті.
DSC_3748Өзінің құттықтау сөзінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Қарулы Күштері қуаттанып, айбынды Армияға айналғанын атап өтті: «Тәуелсіз еліміздің таңы атқанда Қуатты Армиямыз да тұсауын кескен болатын. Бүгінгі салтанатты шара Отан қорғаушылар күні мен осы атаулы датаға арналып отыр. Біз бейбіт елміз, сондықтан біздің Армия қатарында әскери борышты өтеу абыройлы міндет. Өз шекарамызды берік қорғау үшін жоғары мобильді, сенімді және күшті жарақтанған әскеріміз болуы керек. Осындай салтанатты шаралар ел қорғандарының қарымы мен күштілігін баян етеді».
Мерекелік шарада әскери борышын адал орындап, мінсіз қызметін дәлелдеп келе жатқан азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Облыс әкімі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлім бастығы Ақылбек Биланов пен Степногорск қаласының қорғаныс істері бөлімінің бастығы Қуандық Әділбековке табыс етті. Сонымен қатар мінсіз қызметі үшін әскери бөлімшелердің сарбаздары, құқық қорғау саласының, төтенше жағдай мен әскери-патриоттық клубтардың өкілдері өңір басшысының алғыс хатын иеленді.
Шара одан әрі әскери сарбаздардың сап түзеу көрінісімен жалғасты. Сонымен қатар Ақмола облысы полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының автоматпен қоян-қолтық ұрыс, тыныштықты сақтай отыра дұшпанды қолға түсіру кезіндегі әдістер жинағы ұсынылды.
Елбасы бастамасымен 2011 жылы республикалық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылған болатын. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша ұйымның 70 мыңға жуық мүшелері бар. Бұл күні оқуда озат, үздік жетістіктерге жеткен 10 оқушы салтанатты түрде ұйым қатарына қабылданды.
Алаңда сап түзеген әскери бөлімдер мен әскери-патриоттық клубтардың взводтары Көкшетау техникалық институтының әскери-үрмелі оркестрінің сүйемелдеуімен сап түзеп жүріп өтті. Олардың қатарында әскери әндер байқауының жеңімпаз взводтары да бар.
Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын облыстық филармония мен қалалық көркемөнерпаздар ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий